Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:37, 09 Сәуір 2025

АҚШ-тың Қытайға салынатын баж салығы 104 пайызға дейін өсті

салық
Фото: Joe Raedle/Getty Images

2025 жылдың 9 сәуірінен бастап АҚШ Қытайдан келетін тауарларға салынатын арнайы кедендік алымдарды 104 пайызға дейін арттырды. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.

 Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп бұрын жариялаған 50% жаңа салықты, сондай-ақ 34% көлеміндегі арнайы алымды күшіне енгізді. Бұғандейін әрекет етіп келген 20 пайыздық баж салығымен қоса алғанда, жалпы баж салығы көлемі 104 пайызға жетті.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт мәлімдегендей, Трамп бұл шараны Қытайдың 34 пайыздық қарсы баж салығына жауап ретінде қабылдаған.

 «Америка шабуылға ұшыраса, ол бұдан да қатты соққы береді», — деді Ливитт. Бұл сөздер Трамп әкімшілігінің "қатаң жауап" қағидасына негізделгенін айқын көрсетеді.

Президенттің өзі «Пекин келісімге келгісі келеді, бірақ қалай екенін білмейді» деп, бір жағынан қатаң қысым, екінші жағынан дипломатиялық "есік ашық" риторикасын ұстанып жатыр.

Жаңа баж салықтары тек Қытай өнімдерін ғана емес, әлемдік жеткізу тізбегін де өзгертеді. Қытайда өндірілетін электроника, киім, ойыншық, өнеркәсіптік компоненттер, тіпті азық-түлік саласына дейін ықпал етеді.

АҚШ-тың бұл шешімі әлем бойынша экономистер мен саясаткерлердің қатаң сынына ұшырады. Сарапшылардың пікірінше, Трамптың бұл әрекеті жаһандық экономикаға ауыр соққы болып тиюі мүмкін.

dpa агенттігінің жазуынша, бұл — Трамптың сауда саясаты аясындағы ең агрессивті қадамы, әрі ол ұзақ мерзімді геосаяси тұрақсыздық пен экономикалық құлдырауға әкелуі ықтимал.

Қытай үнсіз бе, әлде дайындалып отыр ма?

Қытай билігі әлі ресми жауап берген жоқ. Алайда алдыңғы тәжірибелерге сүйенсек, Пекин де асимметриялы жауап қайтаруы мүмкін:

  • Америкадан келетін ауылшаруашылық өнімдеріне тосқауыл;

  • Америкалық брендтерге қатысты кедендік қиындықтар;

  • Технологиялық шектеулер (мысалы, чиптер мен сирек жер металдарына экспорттық шектеулер).

Сарапшылар жаңа сауда  кедергілердің пайда болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Қазақстан үшін бұл нені білдіреді?

Қазақстан – Қытай мен Ресей сияқты алпауыт көршілермен шекаралас, АҚШ-пен стратегиялық әріптес ел. Сондықтан екі державаның арасындағы сауда қақтығысы біздің елге де әсер етуі мүмкін:

  • Бағалар өсімі: Қытайдан келетін тауарлардың қымбаттауы импорт құрылымына әсер етеді;

  • Логистикалық өзгерістер: Қытай транзиті мен тауар ағынына салынатын шектеулер Қазақстанның экспорттық-импорттық балансына ықпал етуі мүмкін.

Тегтер: