Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:41

Ақшасы көп, атағы аз турнир

1
Фото: IBA

Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында 3-13 желтоқсан күндері Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы (IBA) ұйымдастырған әлем чемпионаты өтті.

Негізі IBA әлдеқашан Халықаралық Олимпиада комитетінің кәріне ұшырап, бар беделінен айырылған. Көптеген ел IBA құрамынан шығып, жаңа халықаралық федерация World Boxing қатарына өтті. Қазір World Boxing-ға әлемнің 136 елі мүше болып отыр.

Қазақстан бокс федерациясы 2024 жылы қарашада жаңа ұйымның қатарына қосылған. Оны аз десеңіз, биыл 23 қарашада қазақстандық даңқты боксшы Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған. Соған қарамастан, қазақстандық боксшылар биыл IBA мен World Boxing турнирлеріне қатар қатысып жүр. Атап айтқанда, мамыр айында Шри-Ланканың Коломбо қаласында өткен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында бақ сынады. Бұл IBA туы астындағы турнир болатын. Ал World Boxing ұйымдастырған әлем кубогының 3 кезеңіне (Бразилия, Қазақстан және Үндістанда өтті), ұйымның алғашқы әлем чемпионатына (Англияда өтті) және жастар арасындағы Азия чемпионатына (Тайландта өтті) қатысты.

4-14 қыркүйек күндері Ливерпуль қаласында өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып (ерлер құрамасы – 4 алтын, қыздар құрамасы – 3 алтын, 1 күміс, 2 қола), жалпыкомандалық есепте көш бастады. Ал ерлер құрамасын бөлек қарасақ, Өзбекстан құрамасы бірінші орынға ие болды (6 алтын, 1 күміс). Басқаша айтқанда, ерлер арасындағы 10 алтын медальді Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары бөлісіп алған.

Тұманды Альбионда тәп-тәуір өнер көрсетіп қайтқан соң Қазақстан құрамасы IBA-ның әлем чемпионатына бармауы мүмкін екені айтылып жүрді. Нақты ақпарат турнир басталар сәт жақындағанға дейін шыққан жоқ. Бірақ қарашаның аяғында Дубайға 13 боксшымыз баратыны белгілі болды. Оның өзінде Ливерпульде өнер көрсеткен негізгі құрам өкілдері емес, екінші нөмірлі боксшылар аттанды.

Біздің құрама IBA турниріне неге барды? Бұған екі жағдай әсер еткен болуы мүмкін. Біріншіден, ұйым жүлдегерлерге аса қомақты сыйақы төлейді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 8 млн доллар болды, бұл рекордтық көрсеткіш. IBA Дубайда алтын алған спортшыға 300 мың, күміс жүлдегерге 150 мың, қола медаль иегеріне 75 мың доллар төледі. Ал бесінші орынға табан тіреген боксшылар 10 000 доллардан алды.

Екіншіден, IBA-ны ресейлік Умар Кремлев басқарады. Осы тұрғыдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына баруға мәжбүр болған болуы мүмкін. Өйткені Қазақстан бокс федерациясы Дубайдағы әлем чемпионаты жайлы бір ауыз ақпарат таратқан жоқ. Федерацияның ресми сайты да, әлеуметтік желідегі парақшасы да үнсіз қалды. Соған қарағанда, қазақстандық бокс шенділері «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», жол табуға тырысқан көрінеді.

IBA-ның әлем чемпионаты 13 салмақ дәрежесінде өтті (World Boxing –10 салмақ). Құрама бапкері Қайрат Сәтжанов турнирге мына боксшыларды алып барды: Теміртас Жүсіпов (48 келі), Даниял Сәбит (51), Сәкен Бибосынов (54), Оразбек Асылқұлов (57), Серік Теміржанов (60), Ертуған Зейнулинов (63,5), Санатәлі Төлтаев (67), Абылайхан Жүсіпов (71), Сабыржан Аққалықов (75), Ерасыл Жақпеков (81), Дәулет Төлемісов (86), Нұрмагамед Юсупов (92), Нұрлан Сапарбай (+92).

Біздің боксшылардың бәрі бірінші айналымнан сүрінбей өткен. Бірақ екінші кезеңнен бастап, құрама қатары сирей бастады. Әсіресе Ерасыл Жақпековтің (81 келі) жарыс жолынан ерте шығып қалғаны жанкүйерлерге ұнаған жоқ. Жерлесіміз ресейлік Джамбулат Бижамовқа есе жіберді. Бірақ жеңілді деуге ауыз бармайды. Қос боксшының ұпай саны алғашқы екі раундтан кейін тең болып тұрған, ал үшінші раундта Жақпеков қарсыласын нокдаунға түсірді. Оның үстіне нокдаун ашуға байқаусыз тиген бір соққы емес, ресейлікті есеңгіретіп жіберген сериялы соққылар себеп болған. Соған қарамастан төрешілер Бижамовтың қолын көтерді.

Көпшілік төрешілер жұмысына наразы болып, IBA турнирлеріне қатысудың қажеті жоқ деп жазып жатты. Көптеген сарапшы төрешілер ресейлік боксшыларды «құлағынан тартып», жеңіске жетелеп жатқанын айтты. Турнир нәтижесінен де осыны аңғаруға болатын сияқты. Мысалы, Ресейден барған 13 боксшының барлығы жартылай финалға жетті. Бұл кезеңге Өзбекстаннан – 9, Қазақстаннан 6 боксшы шықты. Яғни, біздің 7 спортшымыз жүлдеден тыс қалды.

Ал ақтық сынға Ресейден – 12, Өзбекстаннан – 6, Қазақстаннан 4 боксшы жолдама алды. Финалға дейін толық құрамда жеткен Ресей құрамасының бір өкілі жарыс жолынан шықты. Бұл турнирде ресейлікті жеңген алғашқы спортшы Оразбек Асылқұлов (57 келі) болды. Ол Андрей Пегливаняннан басым түсті. Қазақстан құрамасы сапынан Асылқұловтан бөлек, Сәкен Бибосынов (54 келі), Абылайхан Жүсіпов (71 келі) және Сабыржан Аққалықов (75 келі) финалға шықты. Ал Теміртас Жүсіпов (48 келі) пен Ертуған Зейнуллинов (63,5 келі) қола жүлдегер атанды.

Осы кезеңге дейін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үшінші орында келе жатқан. Бірақ финалда жағдай өзгеріп, екінші орынға көтерілдік. Ақтық сынға өткен өзбекстандық 6 боксшының төртеуі жеңіліп, екеуі ғана алтын медаль алды. Ал қазақ боксшыларының үшеуіне алтын жүлде бұйырды. Ресей құрамасы турнирді 7 алтын, 5 күміс, 1 қола медальмен түйіндеді.

Финалда Сәкен Бибосынов 19 жастағы ресейлік боксшы Вячеслав Рогозинді жеңіп, екі дүркін әлем чемпионы атанды. Сәкен 2019 жылы Екатеринбургте қола, 2021 жылы Белградта алтын медаль алған. Осылайша Қазақстан ерлер құрамасы сапында екі дүркін әлем чемпионы болған боксшылар саны төртеуге жетіп отыр. Атап айтқанда, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 2005 және 2007 жылдары әлем біріншілігінде топ жарған. Бұл қатарға биыл қыркүйекте Ливерпульдегі турнирде Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан қосылды. Олар бұған дейін 2023 жылы Өзбекстанда алтын медаль алған.

Жартылай финалда Ресей спортшысын жарыс жолынан шығарған Оразбек Асылқұлов ақтық сында тәжікстандық Хусравхон Рахимовты еркін жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ал құрама сапындағы ардагер боксшылардың бірі Абылайхан Жүсіпов финалда ресейлік Сергей Колденковты қапы қалдырып, турнирде топ жарды. Абылайхан бұған дейін әлем біріншілігінде үш мәрте қола медальге қол жеткізген болатын. Бұл жолы алтын алып отыр. Өкінішке қарай, 75 келідегі Сабырхан Аққалықов Ресей өкілі Исмаил Муцольговқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды.

Умар Кремлев кім?

IBA-ның беделінен айырылып, ХОК-тың қаһарына ұшырауына ұйымдағы көлеңкелі оқиғалар әсер етті. Ұйымды өзбекстандық Гафур Рахимов пен Умар Кремлев басқарған тұста мұндай дау ушығып кетті. Әсіресе төрешілер қызметіне қатысты көп сын айтылды. Тіпті әуесқой бокс Олимпиада бағдарламасынан алынады деген ақпарат тараған. Кейін ХОК Олимпиадаға іріктеу турнирін өз қолына алып, IBA-ны қатардан сызып тастады.

Кремлев IBA-ны 2020 жылы желтоқсан айынан бері басқарып келеді. ХОК 2023 жылы маусымда IBA-ны статусынан біржола айырып, World Boxing ұйымын ресми бокс федерациясы ретінде таныды. IBA бұл шешімге қарсы Спорттық арбитраждық сотқа шағымданғанмен, бәрі сәтсіз аяқталды. Содан бері Кремлевтің басшылығымен IBA үлкен жүлде қорымен қызықтырып, турнирлер өткізіп жүр.

Енді Умар Кремлев кім дегенге келейік. 42 жастағы функционер 1982 жылы 1 қарашада Мәскеу маңындағы Серпухов қаласында дүниеге келген (Тәжікстанда туған деген де дерек бар, 2010 жылға дейін тегі Лутфуллоев болған). Университет бітірген соң түрлі кәсіппен айналысқан. Бірақ алғашқы компанияларының көбі қазір жабылып қалған. Қазір өз атына жазылған 13 компаниясының бәрінің табысы төмен.

Бірақ Кремлев аса табысты кәсіпкер ретінде танылып жүр. Түрлі қайырымдылық шараларына қаржы бөледі. Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде өте танымал. Мысалы, Умардың Instagram-парақшасында 4,3 млн, YouTube-арнасында 805 мың, Telegram-арнасында 150 мыңнан аса оқырманы бар.

Ресейлік ақпарат құралдары Кремлев осы танымалдығын пайдаланып, ойын бизнесі мен букмекерлік саладан ақша тауып отыр деп санайды. Ресейлік журналистер Ұлттық лотерея операторы саналатын Sports Lotteries компаниясына 2022 жылы Кремлев иелік еткенін анықтаған (қазір компания иесі туралы ақпарат жасырылған). Зерттеушілер Кремлев түрлі компаниялар арқылы букмекерлік кеңселерге иелік етеді деп санайды. Көпшілік оны Серпуховтың «перде артындағы мэрі» деп атайтын көрінеді. «Проект» басылымының мәліметінше, Кремлев сенімді адамдары арқылы Ресейдегі ең ірі Fonbet, Pari және «Лига ставок» атты үш букмекерлік компанияға иелік етеді.

Әрине, Кремлевтің өз елінде қандай бизнеспен айналысатыны бізге маңызды емес. Бірақ биыл күзде мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи премьер-министр Олжас Бектеновке ресми сауал жолдап, ойын бизнесіндегі Бірыңғай есеп жүйесінің (БЕЖ) рөлін қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, 2024 жылы шілдеде «Ойын бизнесі туралы» заңға өзгеріс енген соң нарықта жаңа монополия қалыптаса бастаған.

Жоспар бойынша Бірыңғай есеп жүйесі құмар ойынға тәуелділіктің (лудоманияның) алдын алып, қаржы айналымын бақылауы қажет еді. Бірақ депутат бұл жүйе іс жүзінде жеке мүддеге қызмет ететін «делдалға» айналды деп санайды. Соның салдарынан, ел бюджетіне жыл сайын шамамен 110 млрд теңге салық пен 14 млрд теңге спортқа демеушілік қаражат түспей қалып отыр.

«Мемлекет атынан БЕЖ функцияларын жүргізу үшін құрылған «NomaPay» ЖШС Үкімет берген өкілеттікті пайдалану арқылы барлық монополиялық тетіктерді иемденіп алып, басқа мемлекеттің (Ресей) мүддесіне жұмыс істеуде (бұл серіктестіктің түпкілікті аффиляторы ресейлік олигарх Умар Кремлев). Яғни, ойын бизнесінен жыл сайын түсетін бір триллионға жуық қаржыға де-юре біздің елде тіркелген, бірақ Қазақстанның резиденті саналмайтын субмердігер компания функционалдық иелік жүргізуде», – деп жазды Бапи депутаттық сауалында.

Мәжілісменнің айтуынша, депутаттар БЕЖ жүйесін қажетсіз деп танып, оны енгізбеуді ұсынған. Бірақ Үкімет оған букмекерлік кеңселердің қызметін бақылайтын қосымша мүмкіндік берген. «Соның салдарынан ресейлік миллиардер Умар Кремлев бақылайтын NomaPay компаниясы қазақстандық ойын бизнесі нарығын монополиялау қаупін туғызып отыр», – дейді депутат. Құмар ойын индустриясына арнап БЕЖ құруға депутат Бақытжан Базарбек те қарсы болған. Ол бұл жоба шетелдік компаниялардың отандық ойын бизнесіне араласуына жол ашып, елдің экономикалық мүддесіне кері әсер етеді деп санайды.

БЕЖ – мемлекеттік ұйым. Бірақ не үшін екені белгісіз, мекеме жұмысты тікелей өзі емес, мердігер NomaPay ЖШС арқылы жүргізеді. Бұл кезінде шетелден кірген әр автомобильден миллиондап ақша алатын «ӨКМ операторын» («РОП операторы») еске салады. Әлия Назарбаеваға тиесілі бұл компанияны билік Қаңтар оқиғасынан кейін әрең жапқан болатын. NomaРay ЖШС 2024 жылы шілдеде құрылған, жалғыз құрылтайшысы – Айтым Берікұлы Жақыпов. Ең қызығы, Назарбаеваның «ӨКМ операторы» да 2015 жылдың аяғында құрылып, 2016 жылы қабылданған утилизация бағдарламасының операторы атанған. Айтым Жақыповтың компаниясы да 2024 жылы шілдеде құрылып, дәл сол уақытта күшіне енген БЕЖ-ге оператор атанып отыр. Бұл жай сәйкестік пе, әлде жоспарлы жұмыс па, дөп басып айту қиын. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі жазбаларынан Кремлев пен Жақыповтың жақын қарым-қатынаста екенін байқауға болады. Ал депутаттар Айтымның компаниясының артында Умар тұр деп дабыл қағып отыр...

Қуанышхан Қаппас

Тегтер: