Ақшасы жоқ, арманы көп Қазақстан
Елді көшке қоса алмаған Байбазаров
«Ел экономикасы жаңа жағдайларға бейімделіп, орнықты даму жолына түсті» деген үкімет биыл экономикалық өсімді өсіріп қана қоймаймыз, инфляцияны 6-8 пайыз деңгейінде ұстаймыз деп міндет қойды. 2029 жылға дейін Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу жоспары да биыл қабылданды. Жыл басында Ұлттық банк «Ұлттық қор активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын» бекітіп берді.
Үкіметтің, Ұлттық банктің, ұлттық экономика, қаржы министрлігінің және басқа ведомстволардың есебіне, болжамына, жоспар құрудағы қарқынына қарап, жылдың экономикалық тұрғыда жемісті боларына сенгенбіз. Алайда жылдың соңында көңіл көншітпейтін есептер айтылды. Мәселен, биылғы 11 айдың көрсеткіші бойынша Қазақстан экономикасының өсімі 4,4 пайызға әрең жетті (5,3 пайыз емес!). Ұлттық банк биылғы инфляция деңгейін 8-9 пайыздың аралығында бекітті. Сөйтіп, «инфляцияны 6-8 пайыз деңгейінде ұстаймыз» деген жоспар да орындалмай қалды. Ал қараша айындағы мәлімет бойынша Қазақстанның Ұлттық қорына 30,9 трлн теңге жиналған. Бұл долларға шаққанда 59,25 млрд доллар. Бұдан Ұлттық қордағы қаражаттың да былтырғы деңгейден өспегенін байқаймыз.
Осылайша, экономикалық өсімге, дамуға байланысты үкіметтің алдына қойған «ұлы міндеттері» орындалмай қалды. Ал бұл міндеттерді орындауға негізгі жауапты тұлға болған Нұрлан Байбазаров президенттің 2024 жылғы 21 желтоқсандағы жарлығымен премьер-министрдің орынбасары лауазымынан да, ұлттық экономика министрі лауазымынан да қатар босатылды.
Еліміздің бас экономисі және үкімет басшысының орынбасары лауазымына Нұрлан Байбазаров биыл ақпан айында жайғасқан. Ол содан бері экономиканы әртараптандыру, Ұлттық қорды молайту, жаңа Салық кодексін жасау, индустрия мен инфрақұрылымды дамыту жайлы үкіметте жиі баяндама жасады. Бірақ Байбазаров қанша тырысса да, 2024 жылғы Қазақстанның экономикалық өсімі тым нашар болып шықты. Тіпті экономикалық өсім жөніндегі көрсеткішіміз бойынша Орта Азия елдерінің ең соңында қалдық.
Қазір халықаралық қаржы институттарының өзі Орта Азия бойынша экономикалық өсімнің жоғары көрсеткішін көрсеткен Қырғызстанды «жаңа лидер» атады. Қырғыз елінің биылғы ЖІӨ-нің өсімі рекордтық 9 пайызға жеткен. Тәжікстанның ЖІӨ-ні 8,4 пайызға өссе, Өзбекстанның ЖІӨ-сі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайыз өсімге қол жеткізген. Түркіменстанның ЖІӨ-сі 6,3 пайызға ұлғайды. Бұл елдердің қасында Қазақстанның экономикалық өсімі небәрі 4,4 пайыз.
Осылайша, үкімет биыл президенттің экономика саласына қойған басты тарихи тапсырмасының алғашқы шартын орындай алмады. Ол тапсырма Әділетті Қазақстанның жаңа экономикалық бағыттарына сәйкес 2029 жылға дейін экономиканы екі есеге арттырып, ЖІӨ-ні 450 млрд долларға және Ұлттық қорды 100 млрд долларға жеткізу межесі болатын. Экономист-сарапшылар мұндай көрсеткішті бағындыру үшін биылдан бастап экономикалық өсім 6 пайыздан асып жығылуы керегін, биылдың өзінде Ұлттық қорға кем дегенде 65 млрд доллар жиналуы қажеттігін жыл басынан бері айтқан. Мұндай межені биылдан бағындыра бастамасақ, 2029 жылға дейін жоспардың орындалуы екіталай екенін де ескерткен. Ә дегеннен сүрінген үкіметке биылғы «жеңіліс» – жығылғанға жұдырық болды.
Ілияс Исаев, қаржыгер: Ескі жоспармен жүре беретін үкіметіміз бар
Бұл – жылдап жиналған ауқымды мәселе. 30 жылдан астам уақыттан бері ЖІӨ-ні өсіру бойынша 6 пайыздық межені бағындыра алмадық. Үкімет тағы жоспарды дұрыс құра алмады. Жоспарды құратын кезде сыртқы жағдайлардың әсері, экспорт, импорт арақатынасы, транзиттік тасымалдың ауқымы, әлемдік экономикада болып жатқан өзгерістердің барлығы ескерілуі қажет еді. 2029 жылға дейін ел экономикасының өсімі 450 млрд долларға өсуі үшін экономика биылдан бастап 6-7 пайызға өсіп отыруы керек еді. Алайда биыл тіпті 5 пайыздық межеге жетпей де қалдық. Енді қараңыз, үкіметтің ЖІӨ-ні өсіруге қатысты жоспары доллардың ескі бағамымен есептелді. Бір доллар 487 теңге болып тұрған кезде үкімет жоспар құрды. Ал енді қазір бізде бір доллар 520 теңгеден асып кетті. Доллардың қымбаттағанын ескерсек, Қазақстанға енді ЖІӨ-нің жыл сайын 6 пайыздап өсуі де аз болады, экономикаға табыс теңгемен де түсетіндіктен енді қымбат доллар аясында ЖІӨ жыл сайын 11 пайызға өсіріп отыруы қажет. Сонда ғана Ұлттық қор толығып, ЖІӨ көздеген межеге жетуі мүмкін. Қазір үкіметтің бір жұбанышы биылғы ЖІӨ-нің 4,4 пайыздық өсіміне мұнайлы емес секторлар әсер еткен. Сауда секторы, бөлшек сауда жоғары қарқын көрсеткен. Бұл ретте қолындағы қаражаттың құнсыздануынан қорыққан жұрт бар ақшасына керек-жарақ алып тастауды жөн көрген. Егіннің бітік шығуы, құрылыс саласы, индустриялды-инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы экономиканың өсуіне әсер еткен. Үкімет өзін-өзі осылай жұбатып, экономиканы әртараптандырып жатқанын дәлелдегісі келеді. Бірақ биыл бұл салаларды одан әрі дамытуға қатысты сауатты шешімдер қабылданды деп айта алмаймын. Керісінше, үкіметтің биыл қабылдаған кейбір шешімдері мен құрған жоспарлары келер жылы қайсыбір салалардағы өсімнің кемуіне әкеледі.
Экспорт – әлсіз, салық – көп
Биыл астық экспорты бойынша трейдерлер мен диқандар Ресейдің астық өткізбей қою кедергісіне тап болды. Мұның салдарынан көптеген диқан астығын шетелге шығара алмай, шіріп жатқанын айтып, дабыл қақты. Енді бұлай шығынға ұшырай берсе, егіншілер келесі жылы өнім алуда рекорд жасаудан ат-тонын ала қашуы әбден мүмкін. Себебі биыл үкімет Қазақстан арқылы өтетін ресейлік өнімдердің транзитіне тарифтерді қайта қарау керегіне мән бермеді. Россельхознадзордың әрекеттерінен зардап шеккен қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін заңмен қорғау қамтамасыз етілмеді. Ал мұндай бейқамдық келесі жылы бұл саладағы өнім көрсеткішінің төмендеуіне әкеледі. Қазірдің өзінде еліміздегі астық экспорттаушылар мен диқандар бұл саладағы табыстары жылдан жылға кеміп бара жатқанын, бұл кәсіпті доғаратындарын жиі айтып жүр.
Бұдан бөлек, биыл үкімет ЖІӨ-нің өсуіне құрылыс саласы серпін бергенін мақтанышпен жеткізіп жүр. Үкіметтің есебінше, бұл саланың өсімі биыл 10 пайыздан асқан. Ал сала маманының пайымдауынша, келер жылғы жаңа Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер тұрғын үй құрылысын жеңілдіктен айырып, оған қосымша құн салығын енгізуді міндеттейді. Үкіметтің биыл енгізген бұл ұсынысы да құрылыс саласын дағдарысқа әкелуі әбден мүмкін. Салықты көп төлейтін, құрылыс материалдарын шетелден тасымалдайтын құрылыс компаниялары баспана бағасын қымбаттатып жіберері даусыз.
Марал Төртенова, экономист: Еуразиялық экономикалық одақ аясында мүддеміз тапталып жатыр
Үкіметтің биылғы жоспарларының орындалмай қалуына жылдың орта шенінде қабылданған мемлекеттік сатып алу жүйесіне енген өзгерістер және Еуразиялық Экономикалық одақ аясында енгізілген талаптар да өз әсерін берген.
Биыл «Мемлекеттік сатып алулар туралы» жаңа заң қабылданды. Сол заңға сәйкес енді тендер жүргізгенде үш бірдей платформа емес, бірыңғай платформа жүйесіне көшеміз. Ол бірыңғай платформа арқылы келер жылдан бастап Ресей мен Беларусь бизнесі де қазақстандық мемлекеттік сатып алуларға еш бөгетсіз қатыса бастайды. Енді біздің жергілікті өндірушілер тендерде Еуразиялық Экономикалық Одақтың алпауыты Ресеймен және серіктесі Беларусьпен ашық бәсекелестікке түседі. Ал мұндайда біз отандық бизнесті қорғай аламыз ба? Мысалы, қазір үкімет Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында қойылатын талаптардан отандық бизнесті қорғай алмай отыр. Бұл одақтың талабына сәйкес биылдан бастап тауарларды цифрлық таңбалау жүйесі енгізілді. Енді Қазақстанның аумағына енетін дәрі-дәрмек, сүт және сүт өнімдері, аяқкиімдер арнайы цифрлық таңбалаудан өтіп, техникалық регламентке сай болуы керек. Жыл басында Қазақстан Мәскеуден сүт өнімдеріне арналған техникалық регламент бойынша өтпелі кезеңді 2027 жылға дейін ұзартуды сұрады. Бірақ Еуразиялық экономикалық комиссия Қазақстанның тиісті ұсыныстарын қабыл ала қоймады. «Стресс-тестер» біздегі сүт зауыттарының халықтан, шаруа қожалықтарынан жинайтын шикізатының 50 пайызы ЕАЭО техрегламент нормаларына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Егер 1 қаңтардан кейін одақтың жаңа техрегламенті күшіне енсе, елдегі сүт өңдеуші зауыттар ауылдықтар мен фермерлердің өндірген сүтін қабылдай алмай қалады. Осындай ЕАЭО талабының салдарынан Қазақстанда тұтас бірнеше сала тұралайын деп тұр. Енді осының салдарынан елде сүттің және сүт өнімдерінің жаппай қымбаттауы, отандық нарықты ресейлік және беларусьтің сүт өнімдерінің басып қалуы белең алады. Біздегі қымбатшылықтың дендеуіне ЕАЭО-ның талаптары да қатты әсер етіп жатыр. Үкімет осыған қарамастан, «биыл инфляцияны 6 пайызға төмендетеміз» деген жоспарлар құрды. Дәрі-дәрмектен бастап, аяқкиім, сүт және сүт өнімдері барлығы ЕЭАО-ның регламентіне сай болуы керек болса, бұдан инфляция төмендеп, отандық бизнес өркендемейді. Бұл бастама кәсіпкерлер үшін ауыр. Қосымша қаражаты жоқ бизнес өкілдері техникалық регламентке шығын шығарғаны үшін сөзсіз өнімін қымбаттата бастайды. Үкімет болашақта таңбасы жоқ тауар шығарған қазақстандық кәсіпорынды жауып тастауы да мүмкін. Ал таңбаламай сатса, ол көлеңкелі экономика заңсыздық саналады, жауапқа тартылады. Міне, биыл үкімет осындай талаптардың сеңін бұзып, одақ аясында Қазақстанға тиімді тәсілді таңдауға күш салуы керек еді. Өкінішке қарай, оған қол жеткізе алмадық. Енді келер жылы үкіметтің осы енжарлығы жемісін бере бастайды. Қымбатшылық одан әрі күш алып, ЕАЭО талабына шыдас бермегендер нарықтан шыға бастайды. Бұдан экономика өсе ме?!
Кемшілікті айтпайтын Бектенов кабинеті
Жылдың соңғы тоқсанындағы бюджет тапшылығын, соның салдарынан 2024 жылы Қазақстанның Ұлттық қорынан 4,6 трлн теңгеден астам қаражат алынғанын, 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасына сәйкес алдағы үш жылда Ұлттық қордан жыл сайын 2 трлн теңгеден алу көзделіп отырғанын, жалпы бюджеттегі тапшылықты жабу үшін үкіметтің ұлттық қордың трансферттеріне қатты сүйеніп кеткенін Бектенов кабинеті айтпайды. Қазір бірқатар сарапшылар экс-ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың отставкаға кетуі өте қисынды және дұрыс қадам екенін айтып жатыр. Олардың пікірінше, экс-министр өз мансабында назар аударарлық ештеңе жасамаған. Тіпті сала мамандары Байбазаровтың орнына келген су жаңа ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің де тындырымды іс бітіретініне күмәнмен қарайды. Еске салсақ, биыл жазда егінді шегірткелер қыра бастаған кезде Жұманғарин «кейбір елдер шегірткелерді өндіруді және олардан керемет ақуыз тағамдарын дайындауды үйренді. Әрине, бұл бізге келмейтін шығар. Бірақ шын мәнінде, бұл халал өнім» деп, айды аспанға бірақ шығарған болатын.Артынан өзінің бұл сөзіне түсініктеме берген ол «көңілдеріңізді көтеру үшін айттым» деп сытылып кетпек болған.
Расул Рысмамбетов, экономист-ғалым:
Экономикамыз енді қарқынды өспейді
Биыл бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қор қаражатына үкімет мәжбүрлі түрде жүгінді. Теңге бағамын тұрақтандыру үшін резервтер де пайдаланылды. Ал енді қазір Орта Азия бойынша Қырғызстан ЖІӨ 9 пайыздық өсімге қол жеткізді. Әрине, «Қырғызстанда экономиканың ауқымы шағын, басқару оңай» деген пікірлер айтылады. Алайда Қазақстанның экономикасы үлкен болғанымен, біз үшін қарқынды өсу уақыты артта қалды. Мұны мойындау керек. Осыған қарамастан, үкімет тым оптимистік болжамдарға үйір. Бұл – үлкен кемшілік. Бізде санкциялар мен қысқартылған сауда ағындары сияқты сыртқы тәуекелдер ескерілмейді. Үкімет және үкіметтің орынбасары, жаңадан келген ұлттық экономика министрі енді өсуді болжағанда барынша сақтық танытуы керек. Атқарушы билік экономикалық жоспарлауға деген көзқарасын қайта қарап, сыртқы және ішкі тәуекелдерді ескере отырып, неғұрлым консервативті болжамдарды енгізуі қажет. Экономиканың ресурстық емес секторларын, оның ішінде цифрландыруды, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту бойынша реформаларды қайта қарау қажет. Бюджет шығыстарына бақылауды күшейту және тиімсіз шығындарды азайтуды қаперге алған жөн. Олай етпесек, соңғы кезде үкіметтің өктем жоспарына қарап таңғаласың, сену қиын.
P.S. Биыл ел экономикасы біршама мәселені бастан кешірді. Ұлттық валюта құлдырады, азық-түлік бағасы шарықтады, бюджет дағдарысы тереңдей түсті. Соған қарамастан, үкімет құны 40 трлн теңге болатын 205 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру үшін «Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды» да әзірлеп тастады. Ол жоспар бойынша биылдан бастап 2029 жылға дейін ұлттық инфрақұрылым саласы жандануы тиіс. Әрине, мұндайды кім-кімде болсын армандайды, жоспарлайды. Бірақ Ұлттық қорымызда нақ қазір 60 млрд долларды шамалайтын қаражат қана бар екені, ал сыртқы қарызымыздың өзі 166 млрд доллар екені еске түскенде, «әрекетсіз жоспар – жай ғана қиял» деген жапон нақылы тіл ұшына орала береді.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ