Ақсұңқар құс ұшқан күн

Бүгін, 15 сәуір «Жас Алаштың» алғашқы редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғани Мұратбаевтың қайтыс болған күні. Дәл осыдан жүз жыл бұрын Мәскеудің «Биік тау» ауруханасына бойындағы бар қайрат, күшін жұмсап үлгермеген, арманы асқақ жас Ғани ақтық сапарға аттанды.
Жиырма үш жасқа толып үлгермей жарық дүниемен қоштасқан дегдар тұлға қаншама шаруаға ұйытқы болды. Соның бірі – сіз парақтап отырған қолыңыздағы ата басылым. Біз бүгін Ғ.Мұратбаевтың соңғы демі үзілген күнге орай белгілі журналист Қараша Қараманның мақаласын ұсынғанды жөн көрдік. Қазақ барда Ғанидың, «Жас Алаштың» аты өшпейтіні анық.
Тереңге бойлап, әріге бармағанның өзінде бертіндегі ХІХ-ХХ ғасырда қазақ көгінде қитұрқы жұлдыздай ағып өткен тарихи тұлғалар жетіп артылады. Айталық, телегей теңіз білімімен, сан қырлы дарынымен Ресейдің Петербургіндегі орыстың география мен тарих саласы ғалымдарын ғана емес, зиялы қауым өкілдерін (жазушы Ф.М.Достоевский, саяхатшы ғалым П.П.Семенов-Тяньшанский) тәнті еткен атақты жиһанкез, ғұлама ғалым, шығыс елдерін зерттеуші, небәрі отыз жыл ғұмыр кешкен Шоқан Уәлиханов, сұрапыл ақындығымен «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн боламын!» деп жалғанға жар салған, «Кім жазықты» романы – авторы Сұлтанмахмұт Торайғыров, қанды соғыста жүріп «Өмір сүргім келеді», «Заман біздікі» секілді шығармалар жазған, жау оғынан қаза тапқан журналист, ақын Баубек Бұлқышев, «Менің құрдастарым» романы – авторы, жазушы Саттар Ерубаев өмірі бұл уәжіміздің нақтылы айғағы. Дәл осы қатарға Күншығыс жастарының көсемі, «Жалпақ даланың жаужүрек ұланы» атанған Ғани Мұратбаевты жатқызсақ, әбден жарасымды. Қисыны да, жөні де солай.

Біз бұл жолы «Қазақы қараша үйден көтеріліп, жүрегін жұмыр жердің дүрсілдеткен» ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Шығыстағы жастар қозғалысының ұйымдастырушысы ғасырлық тарихы бар «Жас Алаш» газетінің негізін қалаған, тұңғыш редакторы, қоғам қайраткері, замандастары арасында «Біздің Ғани» атанған оғыланның ғұмырына, іс-қызметіне тоқталуды емес, талай жанды өкіндірген, ет жақын туыстарының аза тұтып, жоқтатқан (туған апасы Жәнеттен бастап) аса ауыр қазасы жайлы сөз етпекпіз. Қызметтес замандастары, белгілі қоғам қайраткерлері: Н.Төреқұлов, С.Қожанов, Н.Оңдасынов және өмірлік жары Б.Құрманбаева және басқалардың жазып кеткен естелігіне сүйеніп, «Өмір деген өксігін баса алмаған, өмір деген бар гүлін аша алмаған» (С.Ерубаев) жасын ғұмырдың жанар таудай атқылаған, атша тулаған жас жүрегінің аты өшкір кеселді дерттің зардабынан қалайша тоқтағанына тоқталуды құп көрдік...
Өткен ғасырдың басында Қазалы уезі аумағындағы «Арғымақ төбе» жайлауында еліне сыйлы Мұратбай болыстың отбасында дүние есігін ашқан Ғанидың балалық шағы жусанды, бетегелі далада мамыражай кейіпте өтеді. Алайда төртке толғанда өмірден әкесі озады. Осыдан соң анасы Бәтиманың тәрбиесінде өседі. Алдымен Қалыңбас болысындағы (Қызылжардағы) мешіт-мектепте мұсылманша сауат ашады. Осы тұста оның оқуына септескен жақын туысы, апасы Жәнет жағынан құда Қарасақал Ерімбет шайырдың қамқорлығын айрықша атап айтқанымыз жөн. Бұдан ары оқуын жалғастыруына әкесінің досы, атақты көпес Ғанибай Хусайыновтың ықпалы болады. Сондай-ақ Ерімбет ақынның уезд орталығы – Қазалы қаласындағы бес кластық бастауыш орыс-түзем (патша шенеуніктерінің тузем деп қазақты кемсіткені) мектебінің директорына: «Төрт жыл баптап әкелдім қос тұлпарды» (яғни төрт жыл оқыттым), – деп баласы Құлахмет пен Ғаниды табыстауы оң мен солын танып қалған зейінді жастың орысша білім алып жетілуіне, ой-өрісінің кеңи түсуіне даңғыл жол ашады. Қала өміріне көндігеді. Мұнан соң 1914-1917 жылдар осындағы интернаты бар бастауыш училищеде оқиды. Осы кезде анасы Бәтима қайтыс болады. Сөйтіп Ғани амалсыз оқудан қол үзіп, бір жылдай Қазалы болыстық Кеңесінің хатшысы болып жұмыс істейді. Алайда «ұша білген қыранға дүние кең» дегендей, 1918 жылы Кеңес өкіметі орнаған соң «айшылық алыс жердегі», сол тұстағы Орта Азия елдерінің өркениет орталығы Ташкентке жол тартып, қырғыз-қазақ педагогикалық училищеге оқуға түседі. Сөйтіп, қоғамдық жұмысқа араласады. Комсомолға мүшелікке өтіп, ұйымның комсоргына, ізінше Ташкент қалалық жастар комитеті құрамына сайланады. Дүрбелең шақтағы қайнаған өмірдің бел ортасында жүріп, шаһардағы екінші дәрежелі мектепте оқиды, мұнан соң 1920 жылы Финкельштейн атындағы орта мектепті бітіреді. Албырт та білімді, жалынды жастың мұнан кейінгі, ақтық демі үзілгенге дейінгі өмірі бірыңғай ат үстінде өтті десе болады. Мұның бәрін тізбелеп отырған себебім, бертін келе Ғаниды алып жыққан кеселді дерт бала кезінде емес, есейгеннен соң барып тосыннан жабысқанын айту болатын.
Жаңа дәуірдің дүмпуімен Ташкент қаласына жеткен Ғанидың ендігі өмірі қоғамдық тіршілік, санадағы сапырылысқан өзгерістер мен таптық сипаттағы қозғалыстардан бейтарап қала алмады. Жаңадан құрылған жастар ұйымының жұмысын жандандыру, көше кезбесіне айналған жетім балаларды интернатқа орналастыру, басшылық органның арнайы тапсырмасымен Түркістан АСР құрамындағы Самарқанға, Бұқараға, Орта төбе (Тәжікстан), Хиуаға (Хорезм рес.), Мәскеуге, Верныйға (Алматы), Ақмешітке, Орынборға, Қазалыға іссапармен баруы, уақытпен санаспай жұмыс істеуі, сөз жоқ, жиырмаға жаңа ғана толған балғын жастың әлжуаз денсаулығының сыр беруіне әкеліп соқтырады. Алғашында елемеді. Кейін амалсыздан дәрігерге қаралды. Бірақ ауырдым деп қол қусырып отыруды білмеді. Журналист С.Хангелдінің естелігінде дімкәс өкпесін (кеудесін) сүлгімен орап жүріп жұмыс істегені айтылады. Жұмысбастылығы соншалық, туған ауылына Қарақұмға барып, қырдың ауасын жұтуға, емдік қасиеті мол бал қымызын ішуге де мұрсаты болмайды. 1924 жылдың қазанында өмірлік жары, қазалылық Бақытжан Танауовамен (Құрманбайқызы) көңіл жарастырып үйленеді. Оны өзімен бірге Мәскеуге алып барады. Осыдан соң халықаралық маңызы зор КИМ-нің шығыс бөлімшесіне қатысты қызметіне кіріседі (1924 ж. шілдеде өткен КИМ-нің ІV Конгресіне сырқаттанып қатыса алмаған Ғаниды Атқару комитетіне мүшелікке сайлайды, шығыс жастары бөлімінің меңгерушілігіне бекітеді). Алайда көп ұзамай тұрмыс қолайсыздығынан және меңдеген ауруына байланысты Сухуми санаторийіне баратын, ем қабылдайтын болғандықтан, Бақытжанды амалсыздан елге қайтарады...

Өкінішке қарай, Қара теңіз жағалауындағы шипажайдың ұлтшылдыққа салынған дәрігерлері (1925 ж. ақпан, наурыз айы) Тұран өлкесінің перзенті Ғанидың ем-домына салғырт қарайды. Оның есесіне, сонда емделіп жатқан сыңар-езу, оңшыл Л.Троцкийдің асты-үстіне түседі. Мұндай әділетсіздікке төзбеген Ғани комсомолдың Орталық комитеті басшысына ренішке толы хат жазады. Бұл турасында журналист Е.Жұмахметұлы «Ғанидың соңғы хатының сыры» («Алматы ақшамы», №8, 16.01.2014 ж.) зерделеу мақаласында егжей-тегжейлі әңгімелейді. Соңғы дерлік жан қиналысты хатта:
«Орталық комитеттің өз мүшесіне деген немқұрайлы қарым-қатынасына таңғаламын және ойлап қарасам, жаным түршігеді. Міне, бір жарым ай болды, мен санаторийде дәрігердің бақылауында жатсам да, қараусыз жатырмын. Менің тарапымнан бір емес, бірнеше рет Орталық комитетке және дәрігерлік емдеу комиссиясына жасаған өтінішіме қарамастан жағдайым оңалар емес, тіпті одан сайын нашарлап, ішек-қан тамырларым күйзеліске түсіп, қозып кетті. Алайда маған жан-жақты көңіл бөлсе, айығып кететініме сенемін.
Орталық комитетке жоғарыдағы мәселелерді хабарлай отырып, маған жан-жақты көңіл бөлулерін сұраймын. Осы мақсатта мені емдейтін маман дәрігерлерді тұрақты түрде жіберіп тұру қажеттілігін естеріне саламын. Мұндай болмаған жағдайда, менің ауыр жағдайымды ескере отырып, туған Отаныма қайтуға рұқсат етулеріңізді сұраймын. Медицина ғылымының орталығы бола тұрып, оны пайдаланбай өлгеннен гөрі, дәрігерлері жоқ ортада өлгенді дұрыс санаймын. Бұл мен үшін өте жеңіл болған болар еді.
Менің бұл мәлімдемеме Орталық комитет жауап береді деген сенімдемін», – делінген. (хат орысша жазылған. Аударған Е.Жұмахметұлы).
Хош делік, сенген Орталық комитет пен азиялық ұлттың өкіліне шекесінен қарайтын дәрігерлерден қайыр болмайды. Сөйтіп Ғани Мәскеуге оралып, жанкештілікпен лауазымды қызметін жалғастыра береді. Алайда қыр ізінен қалмаған, жанын жегідей жеген созылмалы да кесірлі дерті асқынған үстіне асқынады. Жанын қоярға жер таппағасын 1925 жылдың наурыз, сәуір айында амалдың жоқтығынан дәрігерге жүгінеді. Мәскеудің «Биік тау» ауруханасына жатады. Жазыламын, қатарға қайта қосыламын деген үміттің жетегінде болады. Амал жоқ, бұл кезде бәрі кеш еді... Осы бір күйзелісті сәтті жете түсіну үшін Ғанидың қызметтес әріптесі, 1928-1929 ж. ВЛКСМ ОК Бас хатшысы А.И.Мильчаковтың «Короткая яркая жизнь» естелігіне ден қояйықшы: Ол: «...Последний раз я был у него за день до его кончины. Ослабевший и похудевший, измученный тяжелой болезнью, он продолжал всем интересоваться, засыпал меня десятками вопросов, по каждому из них высказывал свое мнение. Мне думается, он не верил в печальный конец. Да и у меня создалось впечатление, что болезнь будет побеждена. А через три дня его хоронили», – деп Ғанидың өмірден өтер сәтін тебірене, қинала жеткізеді...
Иә, «Айналдырған ауру алмай қоймайды» демекші, Ғани аталған ауруханада 1925 жылдың 15 сәуірінде кешкі 17:50-де, небәрі 22 жыл, 10 ай, 12 күн ғұмыр кешіп, көз жұмады. Жанартаудай атқылаған жасын жүрек соғуын тоқтатады. Күншығыс жастары көшбасшысының мезгілсіз қазасына Одақ басшылары мемлекеттік тұрғыда айрықша мән береді. Сол тұста атағынан ат үркетін Бүкілодақтық «Правда» газетінде (№88, 17.04. 2025 ж.) көлемді қазанама және РЛКСМ Орталық комитетінің Ғ.Мұратбаев жолдастың қайтыс болуы туралы барлық комсомол ұйымдарына Үндеуі, қоғам қайраткерлері: Н.Төреқұлов, Н.Фокин, Д.Бендюковтың мақаласы «Известия» газетінде жарияланады. Денесі салынған табыт Шығыс Еңбекшілері Коммунистік Университетінің залына қойылады. Құрметті күзетте Балтық теңіз флотының екі жүз теңізшісі тұрады. Қоштасу және жерлеу рәсіміне 15 мыңдай адам қатысады. Зират басындағы қаралы митингіде қоғам қайраткері Н.Подвойский мен Н.Төреқұлов, студенттер атынан шәкірті Ж.Арыстанов сөз сөйлейді. Н.Подвойский лапылдап өткен өмір иесіне «Біз советтік шығыстың ең ірі қайраткері мен партияның идеясы үшін күресте тек ғана өле білетін емес, жеңе де білетін қайраткерінен айрылдық» деп баға береді. Марқұмның денесі 18 сәуірде Мәскеудің Кросноперсенск ауданы, Ваганьков қабырстандағы 20-учаскесіндегі жер қойнына тапсырылады. Суық хабарды естісімен елден орталыққа от арбамен алып-ұшып жары Бақытжан, туысы Құлахмет Ерімбетұлы (шайыр Ерімбеттің баласы), сәл кештетіп немере ағасы Ағыбай Салықбайұлы барады. Мұсылманшылық жолмен топырақ салады, Құран бағыштайды. Әу басындағы темір қоршауы мен ескерткіш тақтасы араға қырық жеті жыл салып (Ғанидың туғанына 70 жыл толуына орай 1972 жыл), жаңартылады. Гранит тасқа ойылған мүсіні қойылады, шойын шарбақпен қоршалады. Кейінгі жылдары Мәскеудегі қазақ диаспорасының өкілдері жастар жетекшісінің туған күні – 3 маусымда зиратына барып, төңірегін тазартып, көріктендіруді ізгі дәстүрге айналдырды.

Өмір деген бар гүлін аша алмаған, ғұмыр шырағы ерте сөнген, сүйегі жат жерде қалған Ғанидай боздақтың қазасына қазақ даласындағы дос-жарандары, туыстары, шәкірттері, бірге туған бауырлары қабырғасы қайыса қайғырады. Әсіресе туған апасы Жәнет Мұратбайқызы ізінен ерген, қазақ аспанында құйрықты жұлдыздай ағып өткен інісін жоқтап, мынадай адам жүрегін шымырлатып, қарс айыратындай азалы өлең жолын арнайды.
«Жылаған дұрыс демейді,
Шариғаттың заңында.
Мен зарланбай қайтейін,
Нақылда да айтпай ма.
Басшысынан айырылған,
Қаңғырады деп бастары.
Айтпасам да белгілі,
Жалғызымның білімі.
Қатарынан асқаны-ай,
Адасқандарға ақыл боп,
Еңкейгендерге еге боп
Халқына керек құба нар,
Дүниенің біліп жалғанын,
Бақиға қадам басқаны-ай!
Екінші мұңым осындай,
Жаныма жәрдем бергендей деп,
Сиынамыз пірге Қосымдай.
Халқың бір келді қайғырып,
Қайыр дұға етерге.
Көтерші қалқам басыңды-ай,
Оқу мен өнер тапқан соң,
Ғаріптерді құтқардың.
Жолға сап талай мұсылманды-ай!
Ақсұңқар құсым ұшты ғой,
Жайлаудағы көлінен.
Қияға көзін салады,
Мұсылманның баласы.
Балапан бүркіт көрдің бе?
Лағып жүрген елінен,
Көре алмай кеткен халқына.
Сәлем айтып кетіпті-ау,
Айналайын жалғызым!
Жайнап бір жүрген жалғыздың,
Алыстан келген хабары.
Төбеден түскен жасындай,
Жасындай демей не дейін.
Отының басын от шалып,
Ойран бір түсті осындай», – деп тебіренеді. («Мәдениет және тұрмыс» журналына (№7. шілде, 1969 ж. Ұсынып, жариялаған жерлесі Е.Демеуқұлов) Ақсұңқар құстың мекенін тастап ұшқанына қайғырады.

Қадірменді оқырман! Айтып, айтпай не керек?! Зымыраған уақыт, тарлан тарих шежіресі ХХ ғасырдың басында қатарынан оза туған Ғанидың ғазиз жүрегінің тоқтағанына жүз жыл толғанын еске салып, хабардар етуде. Осы қазалы оқиғаға орай қазақы дәстүрмен Мәскеуге туған жерінің топырағын апаратын, Құран бағыштайтын, арнайылап барайық дейтін қандай да бір ұйымның немесе жеке азаматтардың қарасы көрінбейді. Немесе осы сауапты, әрі өнегелі іске ниет етіп, тас түйін бекініп отырған Қызылорда облысы әкімдігі, әсіресе жерлестері (Қазалы ауданы әкімі М.Шермағамбетов) ет жақын туыстары әзірге байқалмайды. Бұл турасындағы өтініш, тілегімді өткен жылдың желтоқсанында Ғанидың кіндік қаны тамған топырақ Арал ауданының әкімі А.Оңғарбаевқа білдірген едім. Әлі жауап жоқ. Бәлкім, жоғары жақтың нұсқауын күтетін болар... Осы бір тарихи оқиғаның маңыздылығын кеш те болса Қызылорда облысы әкімдігі сезінер, ең құрығанда асылымыздың алдағы 3 маусымдағы туған күніне орай Мәскеуге ат ізін салар деген үміттемін. Тегінде үміт өлмейтіні хақ. Сайып келгенде, Алаш арыстарымен рухтас Ғани ғұмыры – тарихтың өшіруге көнбейтін, ұмытуға болмайтын айтулы бір парағы.
Қараша Қараман,
ғанитанушы, журналист
Алматы облысы