Ақтауда әскери қызметкерді көлік қағып, қаза тапты
Ақтауда КамАЗ көлігі қағып кеткен әскери қызметкер қаза болды.
Бұл ақпаратты Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі растады, деп жазды Tengrinews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға 14 қаңтар күні Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан бөлімше қайтып келе жатқан кезде болған.
«Қолайсыз ауа райы жағдайында, жолдың көктайғақ болуы, түнгі уақытта КамАЗ автокөлігі келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержант Г.-ны қағып кеткен», – делінген Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алған ауыр жарақаттарының салдарынан әскери қызметкер оқиға орнында көз жұмған. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Қарулы Күштер қолбасшылығы әскери қызмекердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін 7 қаңтар күні Шымкент қаласында мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген тағы бір сарбаздың қаза тапқаны хабарланған еді. Ұлттық ұланның баспасөз қызметі оның жүрегі кенеттен тоқтағанын мәлімдеп, бұл факті бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғаған.