Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:45, 06 Қаңтар 2025

Ақтаудағы ұшақ апаты: Әзербайжанда қазақстандық құтқарушылар марапатталды

1
Фото: из открытых источников

Әзербайжанда Ақтау маңында құлаған Әзербайжан әуе жолдары ұшағында аман қалғандарды құтқаруға қатысқан қазақстандық құтқарушылар марапатталды.

Бұл туралы Әзербайжан Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

Тиісті бұйрыққа Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрі генерал-полковник Камаледдин Гейдаров қол қойды. Министрдің бұйрығымен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің келесі қызметкерлері «Ынтымақтастық үшін» төсбелгісімен марапатталды:

Сейталин Азамат Серікұлы;
Аминов Тимур Владимирович;
Айдаров Қани Манапұлы;
Қараев Саясат Мұсаұлы;
Кенжеғалиев Мәжит Серікбайұлы;
Құлханов Азымбек Шындәулетұлы;
Күзембаев Ербол Ахметұлы;
Меңдібаев Наурызбек Ерланұлы;
Нұғыманов Ардақ Қойшыбекұлы;
Тілеубергенова Айман Мыңбайқызы.

Бұған дейін Маңғыстау облысында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы жолаушыларын құтқарған төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері елімізде де марапатталған болатын. 19 адам мемлекеттік наградалар – ордендер мен медальдармен марапатталса, 51 адамға мемлекет басшысының атынан алғыс хат табыс етілген.

Айта кетейік, Әзербайжан Президенті Тоқаевқа және барша Қазақстан халқына жылы лебізін білдіріп, алғысын айтты.  Әзербайжан басшысы Қазақстан халқының қайғылы оқиғаға деген көзқарасына қатты әсер еткенін айтып, бұл нағыз достық пен бауырластық екенін айтты.

«Қазақ бауырларымыздың ауызбіршілігінің көрінісі Әзербайжан халқының жүрегінде із қалдырғанын білемін. Ақтаудағы консулдығымызға қарапайым азаматтар келіп, гүл шоқтарын қойып, сезімдерін, бізбен ынтымақтастығын білдірді. Нағыз достық пен бауырластық осылай көрінеді», - деді Әлиев.

Айта кетейік, Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бет алған ұшағы 25 желтоқсан күні таңертең еліміздің Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. 38 адам қаза тапты. Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грозный үстінде «пилотсыз ұшақтар әрекеті байқалып жатқанда» ұшаққа зымыран атылған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның бортына зақым келген.
Ресей үкіметі мұны растаған жоқ. Апаттан екі күннен кейін Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ Грозный әуежайына қонуға кіріскен кезде қалаға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасағанын айтты. Ол ұшақ командиріне Ресейдің басқа әуежайларына қонуға ұсыныс жасалғанын, бірақ ол Ақтаудағы әуежайды таңдағанын айтты. Бұл ретте Euronews арнасының Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзі зақымдалған әуе лайнерінің экипажы шұғыл қонуды сұрағанын, бірақ ресейлік әуежайлардың ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін хабарлады.

28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.