«Ақтөбе» футбол клубы тағы бір олигархқа берілді
Қазақстан футболында жекешелендіру процесі жалғасып жатыр. «Ақтөбе» клубына жаңа инвестор табылды.
Qazaq Stroy компаниясының негізін қалаушы әрі иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының ресми инвесторы болуға келісті. Бұл туралы Forbes Kazakhstan жазды.
Қазір клуб жанкүйерлері команда құрамының өзгеруі, ойыншыларды сатып алу және сату мүмкіндігі, сондай-ақ жаңа футбол интернатының құрылысы туралы қызу талқылап жатыр. Алайда бұл мәселелер бойынша нақты ақпарат жоқ.
Дереккөздің айтуынша, барлық ұйымдастырушылық сұрақтар мен клубты дамытуға қажет инвестиция көлемі 2026 жылдың қаңтарында талқыланады.
2025 жылдың қараша айының басында «Ақтөбе» клубын да жеке инвесторға беру жоспарланып жатқаны хабарланған еді. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров шешімнің 2025 жылдың соңына дейін қабылданатынын мәлімдеген болатын. Бірақ сол кезде инвестордың аты-жөні жария етілмеген.
Соңғы бір жылда инвестор тапқан клубтар:
- «Қайсар» (Қызылорда) – 30 млрд теңге көлеміндегі инвестициямен TAU Group Ltd иесі Исламғали Қозбақовқа өтті.
- «Қызыл-Жар» (Петропавл) — ЦАТЭК компаниясының тең иесі Сергей Канға берілді. Ол жыл сайын кемінде 1 млрд теңге құюға міндеттелген.
- «Жеңіс» (Астана) — Михаил Ломтадзе иелік етеді. Клубқа арналған футбол академиясына 16 млрд теңге инвестиция жоспарланған.
Сонымен қатар келесі клубтар бойынша инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр:
- «Тараз»
- «Елімай»
- «Ертіс»
«Шахтер» (Қарағанды) – аукцион алдында
«Шахтер» клубы жеке инвесторларға беріледі.
Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов клуб пен оған тиесілі футбол академиясын дамытуға қызығушылық білдірген.
«Шахтер» бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, кейін аукцион болады. Инвестиция көлемі 18 млрд теңге деп белгіленген.
Qazaq Stroy – Алматы мен Астанада тұрғын үй кешендерін салумен айналысатын ірі құрылыс компаниясы. 2025 жылдың мамырында Артықбаев алғаш рет Forbes Kazakhstan байлар рейтингіне кіріп, 228 млн долларлық капиталымен 44-орыннан көрінген.