Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:29

Ақтөбе облысында шенеунік пара алғаны үшін 9 миллион теңге айыппұл төлейді

Бердалин
Фото: Gov.kz

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жер қатынастары бөлімінің басшысы Медет Бердалин пара алғаны үшін айыппұл төлейтін болды.  Ол кінәсін толық мойындап, мемлекеттік қызметтен шеттетілген.

Аталған іс Ырғыз аудандық сотында қаралған. Сот материалдарына сәйкес, тамыз айында Нұра ауылдық округінің тұрғыны, шаруа қожалығының жетекшісі Бердалиннен бір ай мерзімге шабындық жер сұраған. Шенеунік бұл мәселені кеңседе емес, Ақтөбе қаласында талқылауды ұсынып, бірнеше күннен кейін техникалық қызмет көрсету орталығында кездескен. Сол жерде ол өтінішті жер комиссиясының қарауына енгізіп беру үшін 300 мың теңге пара сұраған.

Ол ақшаны бірден бере алмайтынын айтып, кейін төлеуге келіскен. Қыркүйек айының басында Бердалин жәбірленушіге жұбайының банк шот нөмірін жіберіп, ақша талап етуді жалғастырған. Ақыры шаруа қожалығының иесі ҰҚК департаментіне жазбаша арыз түсірген.

Тергеу аясында алғашқы 200 мың теңге Бердалиннің жұбайының есепшотына аударылған. Кейін шенеунік өтінішті қарап, тіпті құжаттар дайын болмай тұрып, жерді шабуға рұқсат берген. Қазан айында, ҰҚК қызметкерлерінің бақылауымен, қалған 100 мың теңге де аударылған.

Сот отырысында Медет Бердалин өз кінәсін толық мойындады. Іс қысқартылған тәртіппен қаралды.

Сот үкімімен Бердалин Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігі («Пара алу») бойынша кінәлі деп танылып, алынған пара көлемінің 30 еселенген сомасында, яғни 9 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

Осылайша, шенеунік әрі айыппұл төлеумен қатар, мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетілді.