Ақжүрек Таңатаров, Лондон олимпиадасының жүлдегері, Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: Әр жұмсалған тиынға есеп беріп отыруға дайынмын

Ауыл спортын дамыту – ел болашағы үшін маңызды бағыттардың бірі. Әсіресе жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа жақын болуына мүмкіндік жасау – тек өңірлік емес, республикалық деңгейде де басты назарда.
Осы орайда, қыркүйек айының 11–21 күндері аралығында Алматы облысында еліміздегі ең ауқымды ауылдық спорттық жарыстардың бірі – «Ақ бидай-2025» республикалық ауыл спорты ойындары өтті. Биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылған бұл спорт мерекесі ауыл жастарының жігерін жанып, талантты спортшыларды шыңдауға үлкен мүмкіндік берді.
Аталған іс-шараның маңызы мен ұйымдастырылу барысы туралы кеңірек білу мақсатында біз Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасының жаңа басшысы, Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровпен сұхбаттасқан едік. Әңгіме спорт саласындағы жаңа қызметі, «Ақ бидай» жобасының ауылдық аймақтар үшін мәні, сондай-ақ кейіпкеріміздің болашақтағы жоспарлары жөнінде өрбіді.
– VIII республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының мәресіне жетуімен құттықтаймыз! Спорттық мереке қалай өтті?
– «Ақ бидай» ойындарын жай ғана спорттық жарыс деп емес, қазақы Олимпиада деуге толық негіз бар. Ойындар өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елдің 17 облысынан келген командалар 20 спорт түрінен өзара үздікті анықтады. Аламан нағыз бәсекеге толы болды. Қатысушылардың барлығы да бұл сайысты үлкен мереке, дүбірлі дода ретінде қабылдады деп ойлаймын.
– Бұл ойындардың еліміздегі басқа спорттық жобалар мен сайыстардан басты ерекшелігі қандай?
– Ең басты ерекшелігі – бұл ойындарға тек ауылдық жерлерден шыққан спортшылар ғана қатысады. Олардың басым бөлігі – жастар. Қала немесе моноқалалардан қатысуға рұқсат жоқ. Жарыс талаптары өте қатаң: әрбір спортшының тұрғылықты мекенжайы мемлекеттік база арқылы тексеріледі. Ол кем дегенде жарты жыл сол ауылда тұруы керек. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда, кейбір командалар жарыстан шеттетілді. Әр облыс өз ішіндегі ауданаралық «Ақ бидай» сайыстары арқылы мықтыларды іріктеп, облыстық құрама жасақтайды.
– «Ақ бидай» жеңімпазы атану спортшыға қандай мүмкіндіктер береді?
– Бұл республикалық додаға 2 000-нан аса спортшы қатысты. Олардың әрқайсысы жеңіс үшін жанын салды. Жүлдегерлерге ресми түрде «спорт шебері» және «спорт шеберлігіне үміткер» атақтары беріледі. Бұл олардың ұлттық құрамаға өтіп, халықаралық ареналарда ел намысын қорғауына үлкен мүмкіндік. Сонымен қатар бұл спартакиада – жас спортшылар үшін өздерін сынап көруге арналған маңызды алаң. Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, бірлік пен отансүйгіштікке тәрбиелеу – осы ойындардың негізгі миссиясы. Бұл мемлекет үшін де стратегиялық маңызы бар жоба.
– Биылғы ойындарды Алматы облысы қабылдады. Осы жобаның ел ішіндегі насихаты мен жарнамасы қалай ұйымдастырылды?
– Дұрыс айтасыз, «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары төрт жылда бір рет республикалық деңгейде өткізіледі. Бұл жолы ойындардың сегізінші рет өткізілуі және оны Алматы облысының қабылдауы – біз үшін үлкен мәртебе. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы сайыстың жоғары деңгейде өтуіне тікелей атсалысып, үлкен қолдау көрсетті.
«Ақ бидай-2025» ашылу салтанаты алғаш рет олимпиадалық сипатта өтіп, республикалық телеарна арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Әр өңірдің командасы салтанатты шерумен шықты, оларды ат үстіндегі қазақы жауынгерлер бастап жүрді. Жарыс жалауы көтеріліп, отшашу ұйымдастырылды. Ашылу рәсіміне кәсіби режиссерлер, этно бағыттағы «Топжарған» секілді ұжымдар мен түрлі сала мамандары тартылды. Жарыстың жарнамалық және ақпараттық сүйемелдеуі бұрынғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда ауқымды болды. Келесі ойындарды қабылдайтын Солтүстік Қазақстан облысы үшін де бұл жаңа деңгейді көрсетіп бердік деп ойлаймын.
– Жалпы жарыс қорытындысына тоқталсақ. 20 спорт түрінен өткен сайыстардың төрелігі әділ өтті ме? Шағымдар болды ма?
– Әрине, кез келген спорттық бәсекеде әділ төрелік – басты талап. Алматы облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы төрешілер жұмысына араласпайды. Бірақ жарыстың әділ, таза өтуін қатаң қадағаладық. Соның нәтижесінде Түркістан облысы 498 ұпаймен жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Алматы облысы 428 ұпаймен екінші орынды алды. Бұл екі облыстың арасында айтарлықтай бәсеке болды. Үздік үштікті 385 ұпаймен Батыс Қазақстан облысы түйіндеді.
Атап өтетін жайт – биылғы «Ақ бидай» ойындарында ерекше көзге түскен спортшыларға демеушілер тарапынан қаржылай сыйақы табысталды. Бұл жақсы бастама әрі қарай да жалғасын табады деп сенемін.
– Ақжүрек Достықұлы, енді жеке өзіңізге тоқталсақ. Сізді қоғамда өз ойын ашық айтатын, өткір пікір білдіретін азамат ретінде танимыз. Бұл батылдықты жаңа қызметіңізден де көре аламыз ба?
– Әр сұхбатымда ерекше батыл болайын деп емес, шынайы пікір білдіруге тырысамын. Барынша әділетті болуға және елге адал қызмет ету дегенді тәрбие арқылы бойға сіңірдік. Жаңа қызметімде де осы ұстанымнан айнымай, пайдалы әрі нәтижелі еңбек етуге ниеттімін. Жоспарымыз ауқымды, алда атқарар жұмыс көп.
– Басқарма жақын арада қандай нақты мақсаттар қойып отыр? Болашақ жоспар қандай?
– Алматы облысы қайта құрылған соң, спорт саласы да қайта дамуды талап етіп отыр. Бұған дейін мықты спортшылардың кейбірі басқа облыстардың қарамағына кеткен. Бұл өз кезегінде облыстың жалпы спорттық нәтижелеріне әсер етті. Қазір біз облыс спортшыларын Азия, әлем чемпионаттарына және Олимпиада ойындарына дайындау бойынша жүйелі жұмыстарды бастап кеттік. Спортшыларға толыққанды дайындық жасауға жағдай туғызу – басты міндетіміз. Сол кезде нәтиже де болады. Барлық жұмысты заман талабына сай халыққа жария түрде көрсетіп, әр жұмсалған тиынға есеп беріп отыруға дайынбыз.
Сонымен қатар ұлттық және бұқаралық спортты дамыту, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау бағытында ауқымды жұмыс атқарылады. Дені сау ұрпақ – ел болашағы. Жастарды патриоттыққа тәрбиелеу де басты назарда болады. Атқаратын ісіміз көп.
– Сәттілік тілейміз! Рақмет!
Сұхбаттасқан Серік Ноянбай