Әл-Фараби көшесіндегі апат: қаза болғандардың отбасы айыпталушымен мәмілеге келуден бас тартты
Қаза болған29 жастағы Еламанның мүдделерін адвокат Олег Чернов қорғамақ. Ер адамның артында алты жасар баласы қалды. Черновтың айтуынша, Zeekr көлігінің жүргізушісі өлімге әкелген апатқа дейін мас күйінде болғанын дәлелдеу жоспарланып отыр.
Адвокат жүргізушінің «У Афанасича» мейрамханасынан алкоголь сатып алған-балмағанын анықтау үшін банктік шот мәліметтерін сұратуды көздеп отыр.
«Видеокамералар немесе жазбалар жұмыс істемеген немесе сақталмаған. Жүргізушінің алкоголь сатып алғанын білу үшін банктік құжаттар қажет», - деді Чернов.
Сонымен қатар адвокат апат орнындағы барлық бейнекамера жазбаларын жинап, күдіктінің сол күні кімге қоңырау шалғанын анықтамақ. Қазіргі уақытта жүргізуші әлі ауруханада, бірақ жақын арада тергеу изоляторына ауыстырылады.
Айта кетейік, жол апаты түнгі уақытта Медеу ауданында болған. Zeekr маркалы электрокөлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соғысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы (екі жас қыз) оқиға орнында қаза тапқан.
Министрлік мәліметінше, апат фактісі бойынша қылмыстық іс бұған дейін-ақ қозғалған. ZEEKR көлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынған. Анықталғандай, жол апаты кезінде ол жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болған.
Сонымен қатар, ІІМ қызметтік тексеріс бастаған. Осы мақсатта Алматыға Ішкі қауіпсіздік департаментінің, Әкімшілік полиция комитетінің және Жеке құраммен жұмыс департаментінің басшылығы, сондай-ақ тәжірибелі қызметкерлер жіберілген.
Бұдан бөлек, мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген дерек бойынша жеке қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушіге қатысты ықтимал әрекетсіздігі де тергеліп жатыр. Аталған тұлға уақытша ұстау изоляторына қамалған.
ІІМ мәліметінше, қызметтік тексеріс пен қылмыстық істер аясында барлық мән-жай, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тараған ақпараттар жан-жақты зерттеледі.
Анықталған кемшіліктерге байланысты бірқатар кадрлық шешімдер қабылданды. Министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жауапты орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.