Әл-Фараби туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді

«Мedar» халықаралық мәдени зерттеулер орталығы (Түркия) әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесе отырып «Әл-Фараби – өркениеттің ойшылы» атты деректі фильмін түсірді.
ЮНЕСКО-ның қолдауымен 2020 жылы аталып өтетін әл-Фарабидің 1150 жыл толуына орай ҚазҰУ-да қазақ тіліндегі деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Аталмыш шараға көрнекті фарабитанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кинотанушылар, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ ҚР-дағы Түркия Республикасы Бас елшілігінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ұлы дала адамзат үшін аса көрнекті қайраткерлерді, оның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабиді де берді. Аристотельден кейін екінші ұстаз аталған әл-Фараби туралы деректі фильм философтың шығармашылық мұрасын және оның адам өркениеті тарихындағы рөлін дәріптеуге бағытталған.
Фильм үш бөлімнен тұрады, онда алғаш рет құнды тарихи мәліметтер мен шығыстың ұлы ойшылы әл-Фарабидің өмірінен алынған деректер көрсетілген. Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки – ұлы ғалым, энциклопедист. Ол 870 жылы Жібек жолындағы маңызды орталықтардың бірі болып табылатын Отырар қаласына жақын жерде туған. Әл-Фараби өмір бойы сол кездегі өркениеттер мен мәдениеттердің ірі орталықтарында білім алған. Әл-Фарабидің шығармашылық қызметі ортағасырлық араб-мұсылман мәдениетінің ренессансына келеді. Оның еңбектері батыс пен шығыс мәдениетінің жақындасуы мен өзара түсіністігін байланыстыратын көпір болды.
«Деректі фильм ҚазҰУ қатысатын екінші ірі халықаралық жоба. «Әл-Фараби – екінші ұстаз» атты алғашқы фильм голландиялық кинодокументалистермен бірге әзірленіп, Еуропада және Қазақстанның ұлттық теледидары эфирінде көрсетілді. Қазіргі уақытта ҚазҰУ жүзеге асырып жатқан әл-Фараби туралы үшінші киножобамен жұмыс барысында Қазақстан, Түркия және Египетте түсірілім жүргізілді, таяу уақытта олар Иорданияда, Сирияда және түркі әлемінің ұлы ойшылы өмір сүрген және басқа да елдерде өтеді. Әл-Фарабидің атындағы университет осы жолда әрқашан бірінші боп үлгі көрсетуі керек» деді университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов. Әл-Фараби туралы түсіріле бастаған үшінші фильмнің режиссері белгілі киномаманы Сергей Азимов. «Ұстаздың оралуы» деп аталған соңғы фильм қазақ киносына көркемдік қызмет етеді деп сенеміз.
Тұсаукесер рәсіміне келген ғалымдар мен кинотанушылар деректі фильм туралы ойларын ортаға салып, кеңінен талқылады.
Фото: qazaqtimes.com