Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:38, 25 Қазан 2022

Алалаудың астарында не жатыр?

None
None

Соңғы жылдары мереке-мейрам сайын шүлен таратқандай, төсбелгі үлестіру дәстүрге айналып барады.

Бір қызығы, төсбелгіні қазір кім көрінген алатын болған. Ең бастысы, билікке қызылкөз болмасаң болды. Қай салада қызмет еткеніңе ешкім қарамайды. Шақырады да кеудеңе тағып, «Еңбек сіңірген қайраткер», «Барыс», «Отан», «Халық қаһарманы» қылып жібере салады.

 Қазақ мақтаншақ, атаққұмар халық. Сол орденге масаттанып, омырауынан тастамай жүретіндерін қайтесің? Лайықтысың ба, салмағың бар ма, жоқ па, онымен есептесіп жатқан ешкім жоқ. Тіпті, әлгі сөлкебай сияқты сары темірді таққан азаматтарда: «Осыған лайықпын ба?», «Осының қажеті бар ма?» деген ой бола ма екен? Әй, қайдам?! Сонысын салпаңдатып тойға тағып баратындарды қайтесің? Үлкен жиын-басқосуларда әлгі төсбелгілерін арнайы атап айтқызып, соны абырой көретіндер көп.

Әңгімемізге оралайық. Астанадан атақ жауды дедік қой. Билік үшін сайлау алдында бұл да бір саяси технология болды. Елге белгілі азаматтар мен айтқыш, жазғыштардың аузын жабудың жақсы амалы. Өңіріне орден таққан адам қисық сөйлей алмайды. Жалпы, халық үшін де жақсы. Елге танымалы азаматтарды құрметтеп жатыр деп түсінеді. Әлеуметтік желіде шетел көргендер Еуропа мен Америкада мұндай атақ-даңқтардың жоқ екенін, мемлекетке қызмет ету орденмен өлшенбейтінін айтып, жазып жатыр. Ал біздің билік қоғамды осылай бөліп-жарып, алалауға әуес.

Алалау дегеннен шығады. Мысалы, «Жас Алаш» газеті биыл бірде-бір орден, мақтау қағазын алмады. Журналистерін билік те, министрлік те назардан тыс қалдырды.

Неге?

Өйткені, бұл газеттің бағыты басқаша. Билікті қып қызыл қылып мақтамайды. Ақ пен қараны ашып айтады, билік пен халықтың ортасындағы дәнекер. Сол үшін де Астанаға жақпайды. Бірақ басылым сын жазса, билік жаман болсын деп жазбайды. Ұстаным байырғы дала демократиясының жолы. Ал осы газетте жұмыс жасайтын, ширек ғасырдан бері журналистиканың қазанында қайнап келе жатқан, қазақ баспасөзі үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген екі азамат «ұмытылып» келеді. Атын атап, түсін түстемесек те, олар белгілі журналистер. Екеуі де желтоқсан батырлары. Желтоқсанда түрмеде де отырған. Тәуелсіз басылымдарда жұмыс жасағандары үшін басқа жерлерге қызметке тұра алмай, біраз жыл шеттетілгені де рас. Бірақ ешқашан Елге опасыздық жасамаған жандар. Өмірбаяндарында желтоқсанның қара таңбасы мен тәуелсіз баспасөзде жұмыс жасаған қолайсыздау «историялары» бар (демесеңіз).

Бір мүшелдей «Қазақ энциклопедиясының» басшылығында болып, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойында Ұлт ұстазына тұңғыш рет тұлғалық энциклопедия шығарған (Әлихан Бөкейхан тұлғалық энциклопедиясына да жетекшілік еткен) қызметкеріміз тасада қалып қойды. Орден, медаль тұрмақ тойға да шақырылмады. Өйткені ол қазір осы «Жас Алашта» қызмет етеді. Мұны билік немесе ақпарат министрлігі білмейді емес, біледі. Біліп тұрып, білместік қылып отыр. Кешегі, мерекеде еңбектері сіңген осы екі азамат аталса артық па еді? Бала-шаға тағып жатқан «Құрметті» бұлардан қызғанғаннан кім не ұтты?! 

Жаңа Қазақстан осындай азаматтарға оң көзбен қараулары керек еді. Назарбаевтың кезінде орден, сыйлықпен өңірі босамағандар емес, шетқақпай көргендер алуы керек. «Соқыр көргенінен жазбайды» деп, билік өздеріне көзтаныс адамдарға атақ-даңқты үйіп-төгіп беру – бұл Жаңа Қазақстанның жолы емес. Билік мұнысымен өздеріне қарсы адамдардың санын көбейтпесе, азайтпайды. Әрі-беріден кейін қызметке жаңа тағайындалған ақпарат министрі «Жас Алашта» кімдердің еңбек ететінін білуі керек. Келіп, танысып кетсе де, ақпарат басшысына артық етпейді. Бұл ғасыр жасаған аға басылымға көрсеткен құрметі болар еді. Шерағаң қызмет еткен газетке Шерхан Мұртазаның тоқсан жылдық торқалы тойында да түймедей тәбәріктің бұйырмауы – басылымға ауыр соққы. Біздікі қызғаныш емес. Еткен еңбектің еленгені жақсы ғой.  

Тегтер: