16:06, 14 Наурыз 2019
Алатаудың ақиығы

Биыл халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтың туғанына 135 жыл. Осыған орай Қазақстан Республикасы Ұлттық Музейінде ақынға арналған «Алатаудың ақиығы» атты көрме ашылды.
Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жастар жылы» аясында ұрпаққа қазақ халқының мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған көрменің ашылу салтанатында Кенен Әзірбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм ұсынылды. Музейдің үлкен конференц-залында өткен шараға композитордың ұрпақтары мен мәдениет саласында еңбек етіп жүрген бірқатар қонақтар қатысты. — Қос ғасырдың куәсі, халқымыздың басына төнген зұлматтарға шығармашылықпен үн қосқан, еліміздің мәдени қоржынына мол мұра салған Кенен атамызға биыл 135 жыл толды. Бүгінгі шарамызға Қордай аудандық К.Әзірбаев атындағы әдеби-мемориалдық музей құнды жәдігерлер әкеліп Сіздердің назарларыңызға ұсынып отыр. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес құнды дүниелер. Қазақ халқы, Тәуелсіз Қазақстанымыз тұрғанда Кенен Әзірбаевтың есімі өшпейді. Шығармалары халқына, ұлтына, егемен еліне қызмет жасай беретін болады», — дейді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатубалдин.Кенен Әзірбаевтың Жамбыл облысы Қордай ауданы Мәтібұлақ ауылында туғаны белгілі. Осы мәтібұлақтан шыққан халық ақынының өмір жолы аумалы-төкпелі, өзгермелі заманға тап келгеніне қарамастан, өзіне дейінгі қазақ өнерін бүгінге жеткеру жолында көп еңбек етті. Қазақтың жетісулық әншілік-жыршылық өнерінің өкілі ретінде бірталай мұраны бүгінге жеткізді. Оның сыртында қазақ мәдениетіне қосылған жеке шығармалары да бір төбе. Сонымен қатар, өз заманының перзенті ретінде қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге де өз тарапынан азаматтық үн қату тұрғысында да бөгеліп қалған кезі жоқ. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен атамыз өзі өмір сүрген замандағы халық тағдырына түбегейлі өзгеріс енгізген әйгілі тарихи оқиғалардың, халқымыздың еңірегенде етегі жасқа толған қасіретке толы нәубет-зұлматтардың бел ортасында болды. Соларға етене араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды. Соның нәтижесінде күллі қазақ қана емес, Совет одағы көлемінде белгілі тұлғаға айналды. Сол себепті де, оның әрбір сөзі, басынан өткен әрбір оқиғасы, тұтынған заттарына дейін кейінгі ұрпақ үшін өте қызық болатыны сөзсіз. Бұл көрмеде де ұрпақтары арнайы ұсынған экспонаттардың жөні бөлек болары сөзсіз.Көрмеге ақынға қатысты құнды мұраларды арнайы әкелген ақынның баласы Бақытжан Кененұлы да қатысты. — 2009 жылы атамыздың 125 жылдығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен кең көлемде ұйымдастырылған болатын. Биылғы мерейтойына «Алатаудың ақиығы» деген деректі фильм дайындалды. Сонымен қатар Қордайдағы Кенен Әзірбевтың атындағы музейден біраз құнды жәдігерлер әкелдік. Өзінің қолына ұстаған домбырасын, иығына іліп жүрген шапанын, күміс белдігін, бірнеше фотосуреттерді осы көрмеден тамашалай аласыздар», — дейді ол.Кенен Әзірбаевтың аты 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты да жиі аталады. Патшаға қарсылық, іштей бұлқыныс оның шығармаларында да көрініс табады. Мәселен, «Бұлбұлға» деген әнінде: «Қаңғыртқан екеумізді патша құрғыр» деп салады. Патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлау жолындағы зорлық-зомбылыққа негізделген саясатын, одан беріде Совет одағы орнағаннан кейін қолдан ұйымдастырылған 30-шы жылдардағы ашаршылдықты, одан берідегі Ұлы Отан соғысын көзбен көрген ақын соғыс бастала салып «Біздің Отан жеңеді!» деп жырлапты. Соғыс жылдарында еңсесі түскен, жақыны соғыста жүрген, өлген мұңлы халықтың еңсесін көтеру, рух беру тұрғысында өнер адамдарының ролі аз болған жоқ. Соның жарқын өкілдерінің бірі де осы Кенен Әзірбаев болды. Содан да болар, көрменің ашылу салтанатында Алатаудың ақиығының азаматтық үні туралы да аз айтылған жоқ.Ол соншама қысылтаяң күндерді басынан өткергеніне қарамастан, бейбіт халықтың пенде ретіндегі бақытын қарапайым адам, халықтың қарапайым өкілі ретінде жырлады. Бірнеше толғау, поэмалар жазды. Лирикалық әндер жазды. Одан бөлек ақынның тағы бір қыры – оның эпикалық кең тынысы, орасан есте сақтау қабілетін. Таңды таңға ұрып қазақтың байырғы жырларын айтып өткен ақынға ұрпақ тарапынан қандай құрмет көрсетсе де аздық етпейді. Қазір Кенен Әзірбаевтың 100-ден астам әні мен өлең-жырлары, дастандары қазақ әдебиеті мен мәдениеті, өнеріне қосылған зор мұра болып есептеледі.Фото: ҚР Ұлттық Музейі баспасөз қызметі