Алаяқтар алдында құқық қорғау орындары неге әлсіз?
Соңғы кездері елімізде өзге адамның әлеуметтік желідегі аккаунтын пайдаланып, қаржылай көмек сұрайтындар, жеке мәліметтерін алдап алу арқылы картадағы ақшасын иемденетін алаяқтардың әрекеті күшейіп кетті.
Банк атынан хабарласып, әп-сәтте үйден шығармай-ақ, қалтаңды қағып, қалаған сомасын сыпырып алып, мойныңа несие қамытын кигізіп жіберетіндер де жетерлік. Алаяқтардың қолына телефон нөмірің, аты-жөнің, жалпы, жеке мәліметтің қайдан түсіп жатқаны да белгісіз. Оны зерттеп, халық алдында есеп беріп, сақтандырып жатқан құзырлы орындар да жоқ. Бір анығы, қара халық алаяқтарға тоналып жатыр. Ал құқық қорғау орындары үнсіз.
Жалпы, елімізде қаскүнемдер банк атынан хабарласып, құрығына түсіруге тырыспаған адам қалмаған да шығар. Солардың бірі – әріптесім Айнұр. «Таң азанымен ұйқымнан енді оянып жатқанда, телефоным шырылдады. Көтерсем, банктен екенін айтып, менің атымнан біреудің несие рәсімдеп қойғанын, тез арада мобильдік қосымшадан кіріп, оның жолын кесу керегін айтты. Егер он бес минутта жолын кесіп үлгермесем, несиені алып үлгеретінін айтты. Есім шығып кетті. Хабарласқан адамның айтуымен банктың мобильдік қосымшасын тез тез телефоныма жүктедім. Сосын, әлгінің айтуымен қосымшаға кірген кезде сұраған банк карточкамды тіркедім. Енді телефоныма келген кодты айтып жіберуін сұрағанда ғана күдіктене бастадым. Қоңырауды өшіріп, маған хабарласқан нөмірдің банкке қаншалықты қатысты екенін көру үшін банктың сайтына кірдім. Өте ұқсас. Бір екі санда ғана айырмашылық бар екен. Банктың байланыс орталығына хабарласқаныммен көтере қоймады. Сол екі ортада қайта-қайта хабарласқан «банк қызметкері» «не істедіңіз, қосымшаңыз жүктелді ме, код қандай?» деп мазалап, жағаласа берді. Кімге хабарласарымды білмей жаным қысылды. Бір жағынан, тез-тез кодты айтпасам, ана жақта алаяқтар атымнан несие рәсімдеп үлгермекші, банктың сайтта тіркелген нөмірі көтермейді. Ал әлгі қоңырау жиі-жиі соғып, тықақтап барады. Не болса да «тәуекел» деп, хабарласып тұрған нөмірдің уатсабына «Қазір нөміріңізді құқық қорғау орындарына тапсырам», дедім. Сол кезде ғана мазақтаған смайлик жіберіп. «Сәл болманда, 800 мың теңгеңізден айрыла жаздадыңыз ғой», деп жазды. Қалтырап кеттім. Сонда ғана сәл болмағанда, ұйқылы ояу алаяқтың қолына түсе жаздағанымды ұқтым. Сондай сәтте қорғансыз болып, кімге хабарласарымды білмегеніме, банк операторларының қоңырауды көтермей, қиналғаныма жылағым келді. Кейін байқасам, алаяқтар телефон қоңырауы диктафонға жазылмайтын уатсаптың қоңырауынан хабарласыпты. Яғни, айғақ жазылмаған. Ең болмаса, телефон нөмірін құқық қорғау орындарына тапсырайын деп хабарлассам, полиция қызметкерлері арыз жазсам да мұндай қылмыстың ашылмайтынын ашып айтты. «Арызыңызды қабылдаймыз, бірақ іс ашылады деп айта алмаймын. Бұл сала бізде «не развито», – деді.
Демек, бұл саланың «не развито» екенін білетін ғаламтор алаяқтарының қылмыстық істері елімізде алдағы уақытта, тіпті шарықтай береді деген сөз бе бұл?!
Алаяқтар айласын одан әрі асырып, полиция қызметкерлері күреспей жатып, жеңілдік дейтіндей, заңымыз қылмыстың өтеуі болатындай, жазамыз жоқ ел емеспіз. Ендеше, ауадан ақша жасап отырғандар кімдер? Құқық қорғау орындары неге дәрменсіздік танытады? Бұл бір оқиға емес.
«Олар топтасып, жұмыс істейтін алаяқтар»
Алаяққа алданғандардың бірі Айнаш.«Біз бірнеше қыз бір нөмірден хабарласқан алаяққа алданыппыз. Бір-бірімізді әлеуметтік желіден тауып алып, бірігіп, ортақ чат ашып, басқаларды сақтандырып, құқық қорғау орындарының қозғалуы үшін бірігіп, әрекет жасап жатырмыз. Маған құдашамның атынан хабарласты. Сыйласатын, жақсы көретін құдашам еді. «Айнаш, тез арада 50 мың теңге салшы, қатты қажет болып тұр. Голд карточкам блокта жатыр еді, мына «Сбербанк» карточкасына жібере салшы», деді. Аудардым. Сәлден соң, тағы «екі сағат ішінде қайтарып беремін, тағы елу мың жіберші», деді. Сосын, желілік маркетингке кіріп кеткен жоқсың ба, не үшін қажет сонша ақша?» деп сұрадым. Өйткені желілік маркетингке жем болса, бермей-ақ қояйыншы деген ойым болған. «Жоқ, қатты қажет болып тұр», деді. Сосын, әпкеммен ойластым, «тағы сұрап жатыр не істеймін», деп. Жолдасым үйде жоқ болатын, іссапарда жүрген еді. Сол кезде бір-екі күн бұрын әлеуметтік желіде сырттай танитын бір қыздардың жұртты сақтандырып, «мына нөмірден абай болыңыздаршы», деп жатқаны есіме түсті. Салыстырып көрсем, дәл сол нөмір. Содан «сен алаяқсың ғой, сені тауып алуға бар күшімді саламын, бірақ мұның дұрыс емес», деп жаздым. «Кешіріңізші», деп жазды да мені блокқа тығып тастады. Полиция қызметкерлеріне арыз жаздым. Кейін сұрастырып көрсем, әлеуметтік желіден сақтандырып жазып отырған қыздар, менен бұрын алданған екен. Бірақ ақшасын қайтартыпты. Оңтүстік жақтың қызы екен, студент көрінеді. Бір алаяқтардың арбауына түсіп, осы жолға түскен екен. Негізі, топтасып жұмыс істейді екен олар. Мында аударып жатқанда, ана жақта есепшотқа түскен ақшаны шешіп алатын адамдары дайын тұрады екен. Қазір сол оқиғаның өткеніне оншақты күн болды, бірақ менің ісім бойынша еш қозғалыс байқалмайды. Сбербанктен аударылым жасалғаны көрініп тұр, сонымен-ақ адамның аты-жөнін тауып алуға болады ғой. Бірнеше күн бұрын құқық қорғау орындарына хабарласып ем, «өзіміз хабарласамыз кейін» деді де, сол күйі тағы жоқ болды. Бұл жерде, ең алдымен, өзімнің қателігім болып отыр. Бірнеше қыз сол нөмірді көрсетіп, сақтаныңдар» десе де, нөмірге мән бермеппін. Ал маған хабарласқан қыз, құдашамның суретін қойып алып, уатсаптан жазды. Суретіне қарап, нөміріне мән бермеппін. Алаяққа өзім алданам деп ойламаған болсам керек. Жалпы, әлеуеметтік желіде мен секілді алданып жатқандар өте көп. Алаяқ олардың өзара сыйласатын адамдар екенін біліп алып, іске кіріседі. Осы аз уақыт ішінде бірнеше адам алаяққа алданғандарын бөлісті. Бір сценарий, бірақ әртүрлі есепшот, әртүрлі нөмірлер. Басында полиция қызметкерлері «бұлар алаяқтықты енді бастап жатқан адамдар, өйткені «қолтаңбаларын» тастап кетіп жатыр», деген болатын. Бірақ он шақты күн өтсе де әлі күнге ешқандай нәтиже шығармай жатыр. Ал алданғандар саны артып барады. Біздің алдымызда алданған екі қыз, өздерін алдаған қызды тауып, кінәсін мойындатып, кешірім сұратып, ақшаларын да қайтартқан. Ал біз полицияға сеніп, екі апта өтсе де ештеңе өндіртіп, алаяқты да жазалай алмай отырмыз. Әйтпесе, сол қыздың аты-жөнін, тұратын жеріне дейін полиция қызметкерлеріне айтып отырмын. Бірақ олардың тарапынан еш әрекет жоқ», –дейді.
Әлеуметтік желі алаяққа оңай олжа
Шыны керек, қазір әлеуметтік желі пайдаланбайтын адам кемде-кем. Үйіндегі барын жарқырата көрсетіп, ашықтан ашық әлеуметтік желіде пікір алмасып отыратындар алаяқтар үшін таптырмас олжа болып отыр. Статистика бойынша пандемия басталғалы, интернет алаяқтық 80%-ға ұлғайса, осы жылы 140%-ға өсіп отыр екен. Өздерінің жазасыздығын сезінген алаяқтар халық арасында емін еркін әрекет етуде.
Қазір жекелеген адамдардың әлеуметтік желілеріндегі парақшаларына бұзып кіріп, оқырман санына орай, иесіне қайта сату, ондағы хаттар мен өзге де мәліметтерді көшіріп алып, түрлі мақсаттарға пайдалану, отбасылық құпияларды пайдаланып, ақша бопсалайтын алаяқтар да көбейген. Тіпті жоғарыдағыдай, бір адамның парақшасын мұқият зерттеу арқылы кіммен кімнің туыстық байланысы барын мұқият зерттеп, соның атынан ақша сұрау оқиғалары да кездесуде. Сондықтан өз парақшам өзім білем демей, парақшаңыздың айдай әлемге ашық ақпарат көзі болып отырғанына аса қатты мән беріңіз. IT маман Әсем Айдар «аса қажет болмаса, жеке өміріңізге қатысты суреттер, бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарияламауға тырысыңыз. «Сырластарыңызбен» құрған сұхбаттарды ізін суытпай, өшіріп отырыңыз. Құпиясөзіңізді кім көрінгенге бере салмаңыз. Соңғы кездері парақшаларын тартып алып, сол парақшаны иесіне немесе басқа біреуге сататындар өте көп. Парақшаңызды иемденіп алып, басқалардан ақша сұрап, сата салатындар жетіп артылады. Оқырман саны инстаграмда қып қызыл ақша. Сондықтан оқырманыңыз көбейген сайын қауіп көп. Әлеуметтік желіге телефон нөміріңізді қалдырмаңыз», дейді. Біз өз тарапымыздан «ғаламтор алаяқтарына алданбау үшін не істеу керек» деген сауалды мамандарға да қойып көрген едік.
Нұра ТЫНЫСҚЫЗЫ, заңгер:
–Тиісті орындардың мәліметінше, ғаламтордағы қылмыстың басым бөлігі интернеттегі сауда-саттық кезінде кездеседі екен. Яғни ғаламтордағы сауда-саттық барысында тараптардың бір-бірімен кездеспейтіні белгілі. Сол себепті, қылмыскер бір өңірде отырып алып, екінші өңірде қылмысын жасай алады. Сондай-ақ ғаламтордағы алаяқтық кезінде қаскүнемдер, көбінесе, арзан тауармен арбайды. Біз дүкенге жалға алу ақысын төлемейтін болғандықтан, арзан сатамыз, «қазір бізде жеңілдік кезеңі», деп неше түрлі өтірік айтып-арбап, басқаларды алдайды. Алдынала жарна немесе толық ақшаны банк картасына жіберуді сұрайды. Арзан тауарға қарық болғысы келгендер, сұраған ақшаны көрсетілген есепшотқа аударады. Қазір ғаламтор арқылы шекараның арғы бетінен тауар алдыртушылар да көп. Елімізде бір жылдың ішінде шетелдік алаяқтардан 100-ге жуық адам зардап шеккені соның айғағы. Қазір ғаламтор арқылы онлайн тапсырыс беретіндердің санының артуы алаяқтарға жақсы болып тұр. Сондықтан қалтаны қағатын ғаламтор алаяқтарынан барынша, сақтаныңыздар!