Алаяқтар жарысы: Атқамінерлер оқ бойы алда
Шенеуніктер жалпақ жұртты құрғақ уәдемен «семіртуден» бөлек, енді тергеушілердің өздерін алдап соғуға көшіпті.
Жоғары лауазымдағы атқамінерлердің басқаны былай қойып, сот ісін тура жолдан тайдыруға бел буғаны «көзсіз батырлық» болар, бәлкім. Бірақ қайтсін?! «Сасқан үйрек артымен жүзеді» емес пе?! Әлде айлакерлік танытып, қулыққа басу шенділердің қанына сіңген қасиет пе?
Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын «Павлодар қаласындағы «Шаңырақ» мәдени орталығының басшылығы бюджет ақшасын жымқырды» деген күдікке ілінді. Бастапқыда мекеме директоры мен есепшісі 14,4 млн теңгені қолды еткені мәлімделсе, кейін тергеу жұмыстары барысында бұл сома бірнеше есеге өсіп, 66 млн теңгеге жетті. Дәлірек айтқанда, мәдени орталық өкілдері 2017-19 жылдар аралығында қазынаның 65 млн 993 мың теңгесін қалтасына басқан көрінеді. Олар отандық әртістермен жалған келісімшарт жасап, соның негізінде ақшаны өнер иелеріне аударғандай болады. Ал, шынтуайтында, бұл қаражатты өз пайдаларына жұмсаған-мыс. Тергеушілердің пайымы осындай.
Кейін белгілі болғандай, ақша жымқыруға қатысты қитұрқы әрекеттерді орталық басшылығы өз еркімен жасамаған. Оларды бұл іске облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының екі бірдей орынбасары – Асылбек Мейірманов пен Гүлзира Баширова итермелеген сыңайлы. Алғаш рет 2017 жылы Асылбек Мейірманов «Шаңырақ» орталығының басшысына мәдени шараны ұйымдастыруға түк қатысы жоқ қызметті төлеу туралы ауызша тапсырма берген. Кейін бұл тапсырмалар бірнеше рет қайталанған. Сөйткенде, 65 млн теңгеден астам бюджеттік қаражат мақсатсыз жұмсалып кеткен.
Бірақ басқармадағы қос бірдей орынбасар қылмыстық жаза арқалаған жоқ. «Айран ішкен ұтылып, шелек жалаған тұтылды» болды, қысқасы. Басшысының «оң» және «сол» қолы бюджеттік қаржыны жымқыруға қатысты істе неліктен айыпталушы емес, куәгер болғанын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Айдар Тастеміров түсіндіріп берді.
– Біз екеуінің әрекетін қарастырып, қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылдадық. Себебі олардың әрекетінде қылмыстық әрекеттің тікелей құрамы жоқ, – деді құзырлы органның басшысы.
Мейірманов жазадан өзі құтылып кеткені аз болғандай, «Шаңырақтың» басшылығын да «батпақтан» алып шықпақ болды. Гүлзира Баширова екеуінің директорға тергеушілерді қалай алдау керек, нені айтып, нені айтпау керек екені туралы шегелеп тұрып кеңес берген аудиожазба бар. Дәл сол жазба істі әдеп жөніндегі кеңесте қарауға түрткі болды.
– Әншілер шығармашылық адамы болғандықтан, ненің қалай екенін естеріне салғым келді. Бұл тергеу амалдары кезінде емес, ішкі аудит жұмыстары барысында өткен жиынның жазбасы. Өз қателігімді мойындаймын және алдағы уақытта оны қайталамауға уәде беремін, – деді ақталуға тырысқан Асылбек Мейірманов.
Әрине, енді ол бұл қателігін қайталай алмайды. Себебі әдеп жөніндегі кеңестің барлық дерлік мүшесі оны қызметтен босату туралы ұсынысты құптады. Тек облыс әкімдігінің аппарат басшысы Нұрлан Дүйсембинов қол астындағы қызметкерді қорғамақ болып, оған сөгіс жариялауды ұсынды. Бірақ оның бір даусы ештеңені шешкен жоқ. Енді кеңестің келесі отырысында Гүлзира Башированың бұл мәселеге қатысты айтар уәжі тыңдалады. Ол қазіргі уақытта жұмыс бабымен іссапарда көрінеді. Шынымен солай ма, жоқ па, енді ол әдеп кеңесінің мүшелерін алдаудың амалдарын қарастырып жатыр ма – әзірше белгісіз.
Мәдениет саласының қызметкерлері сот ісін бұрмалауға ұмтылмақ болған тұста пара алуға бекінген павлодарлық соттың өзі жұмыстан қуылды. Ауданаралық экономикалық соттың төрағасы Талғат Тағажайға қатысты қылмыстық іс өткен жылдың наурызында басталған болатын. Сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің өкілдері сот төрағасына пара алды деген күдіктің тағылғанын мәлімдеді. Бірақ тамыз айында қылмыстық іс тоқтатылды. Мұны жемқорлармен күресетін мамандар Талғат Тағажайдың пара алу әрекетінің жолы кесілгенімен түсіндірді. Яғни сот бармақ басып, көз қысқаны үшін ақша алуды қалағанымен, іс оған дейін жеткен жоқ. Сондықтан соттар алқасына әріптесін жұмыстан шығаруға ғана кеңес берді. Ал таяуда мемлекет басшысының жарлығымен сот этикасына жатпайтын қылық көрсеткені үшін Талғат Тағажай жылы орнымен қош айтысты.
Шенді-шекпенділер бір-бірін алдап, құрыққа түсірудің амалын іздеген заман бұл. Атқамінерлердің ойына қарасаң, Алдаркөсенің өзін шаң қаптырып кете ме деп қаласың. «Мәдениетті» шенеуніктерден төреші сот та бұл тұрғыда қалыс қалмады. Биліктегілер мұндай қитұрқы әрекеттерін жалғастыра берсе, еліміздің көсегесі көгеруі екіталай.