Алды бұлыңғыр Грузия болашағы
Грузия үкіметінің 28 қарашадағы шешімінің соңы жаппай наразылыққа ұшырады. Үкімет Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді 2028 жылға дейін тоқтату туралы қорытынды шығарған.
Еуропарламент бұл жаңалықтан кейін 26 қазанда өткен Грузия парламентінің нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.
Тбилиси, Батуми, Кутаиси, Поти сияқты үлкен қалаларда жұрт жаппай көшеге шықты. Халық парламент сайлауы қайта өтсін, жаңадан құрылған үкімет қызметтен кетсін деген талап қойған.
Грузия президенті Саломе Зурабишвили наразылыққа шыққан елді қолдап, резиденциясында оппозиция мен азаматтық сектордың консультациясын өткізді. Ол да парламент сайлауының қорытындысын жоюды қолдап, арыз жазған.
Полиция Тбилиси қаласының негізгі көшелерінің бірі – парламент ғимараты орналасқан Руставели даңғылын жауып тастаса да, халықтың жиналуына кедергі келтіре алмады. 4-5 күннен бері өтіп жатқан митингте 200 адам ұсталған. Грузияның премьер-министрі Ираклий Кобахидзе «Грузияның украиналануына» жол бермейтінін айтып, қайта сайлау өткізу мүмкін емес деді.
Жұрт алдындағыдай парламент ғимаратына тақап келіп, темір қоршауды ұрғылаған. Полиция да парламент ғимаратының алдына жиналған наразы халыққа су шашатын арнайы құрал пайдаланған. Халық бірнеше жерге жиналған. Бірі – парламент алды болса, екіншісі – Костава көшесінде орналасқан телеарнаның алдында топтасқан. Оппозиция олардан эфирге шығаруды талап етіп отыр.
Полиция парламент ғимаратының алдындағы халыққа тек су шашатын құралды ғана емес, көзден жас ағызатын газды да қолданған. Кордон бірнеше шақырымға созылып, су шашатын екі көлік, екі өрт сөндіретін машина сақадай сай тұр.
Жексенбі күні полиция көшеге шыққан халық пен парламент қоршауының арасында буфер орнату үшін халықты су шашып, қуалаған. Бірақ сонда да наразылығын білдіргісі келетін халықтың жиналуы толастамаған. Полиция да, наразы топ та дегендерінен қайтпай, бір-біріне шамалары келгенше «күш» көрсетіп келеді. Сақшыларға салюттар мен петардыларды лақтырып, екі жақ түннің бір уағына дейін арбасып баққан.
Еуропа Грузияға санкция салады
Батуми қаласындағы наразы топ қалалық сот алдына жиналған. Олар митингіге шыққандарды тұтқындауға қарсы шыққан. NewsGeorgia басылымы президент резиденциясындағы оппозиция өкілдерімен өтіп жатқан консультациядан хабар таратып, елді тыныштыққа шақырған. Премьер-министр және билеуші партияның өкілі Ираклий Кобахидзе Еуроодаққа кіру келіссөзімен қатар, ЕО-мен бірлескен барлық жобалар тоқтайтынын мәлімдеген. Бұл мәлімдеменің жаппай наразылыққа ұшырайтын да жөні бар. Себебі Грузия халқының 70-80 пайызы Еуроодаққа өтуді қолдайды.
Бес күннен бері болып жатқан наразылықтың ең үлкені 30 қараша күні өтті. Халық фейерверк атып, полиция шоқпар мен су ататын құрал қолданған. Билік наразы топқа қарсы қатал ұстанымда отыр. Премьер-министр Кобахидзенің «украиналануына жол бермеймін» дегені екі рет Украина билігін ауыстырған Майдан болғанын қаламайтынын көрсетті.
Желтоқсан айында мерзімі аяқталатын Саломе Зурабишвили парламент сайлауын лигитимді деп есептемейтіндіктен, өз қызметін жалғастыра беретінін айтқан. Ал билеуші «Грузин арманы» партиясы президент сайлауы өз уақытында өтеді деп отыр.
1 желтоқсан күні АҒР агенттігі Еуроодақ дипломатиясының жаңа басшысы Кай Калластың сөзін жариялады. Ол ЕО наразылыққа шыққан халықты қатаң жолмен таратқаны үшін Грузияға қарсы санкция салатынын айтқан. Ал Саломе Зурабишвили телеарнаға шығып, наразылық акциясы конституцияға сай келіп қана қоймай, халықты қорғайды деді.
Грузияның еуропалық болашағы бар ма?
Бұл наразылықтың басты символы – Грузия мен ЕО туы. Ресей билігімен жақын билеуші партияға қарсы көңіл күй осы уақытқа дейін де байқалған. Бірақ лықсып келген қарсылық осы акция кезінде сыртқа шықты. Үкіметтің ЕО-қа кіру туралы келіссөзді кейінге шегергеніне тек қана халық емес, билік өкілдері де қарсы. Грузия конституциясының 78-бабы бойынша еуропалық структуралармен интеграция жасау керек болатын. Осы бап орындалмай тұр.
«Көп жылдан бері біздің дипломатия Грузия еуропалық және еуро-атлантикалық құрылымға қосылу үшін еңбек етіп келеді. Бұл – грузин халқының таңдауы мен еркі. Грузияның ЕО-қа кіруі туралы келіссөзді 4 жылға шегеру – мемлекетіміздің стратегиялық саясатына қарсы» делінген Грузияның сыртқы істер министрлігінің 200-ге жуық қызметкері қол қойған мәлімдемесінде.
Үкіметтің бұл шешімінен кейін Грузияның Еуропадағы елшілері қызметтерінен кете бастаған. Болгариядағы, Нидерландтағы, Литвадағы, АҚШ-тағы және Италиядағы елшілері отставкаға кеткен. Қорғаныс министрлігі, Білім министрлігі, Тбилиси әкімдігі, Грузияның Ұлттық банкі де үкімет шешіміне қарсылықтарын білдірген.
Қарсылықтың эпицентрі – парламент алдындағы алаң. Күн сайын кешке Грузияның еуропалық болашағына сенетін халық өкілдері алаңға жиналып, наразылықтарын білдіріп жатыр. Музыка ойнап, перформанс та көрсетіп жатыр. Ешкім сөйлеп жатқан жоқ. Тек қана парламенттің темір қоршауын ұрғылап, қарсылық танытып жатыр.
Әзірге наразы топтың да тоқтайтын түрі байқалмайды. Ары қарай қандай өзгерістер болатыны әзірге белгісіз. Билікке қарсы топ – «Грузин арманы» партиясының авторитарлы басқару жүйесі мен Ресей режимін қолдайтынына қарсы.
Қасым Арықбай