Әлем чемпионаты: Өзбекстан Португалиямен кездеседі
2025 жылы 6 желтоқсанда АҚШ-та футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі өтті. Әлем біріншілігі Канада, АҚШ және Мексиканың 16 қаласында өтеді. Турнир 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады. Финалдық матч Нью-Джерсидегі Ист-Ратерфорд қаласында орналасқан 82,5 мың адам сиятын «Метлайф Стэдиумда» өтеді деп жоспарланған.
Әлем біріншілігіне тарихта тұңғыш рет 48 құрама қатысқалы отыр. Бұған дейін ең көп болғанда 32 команда бақ сынаған. Сондай-ақ чемпионат тарихта алғаш рет 3 мемлекетте өтпек. Қазірше мундиальге жолдама алған 42 құрама белгілі, қалған 6 команда 2026 жылы наурыздағы плей-офф матчтарында анықталады.
Солтүстік Америкада өтетін жаһан біріншілігіне Өзбекстан құрамасы да қатысады. Оңтүстіктегі көршіміз Орталық Азия елдері арасынан алғашқы болып әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Жеребе қорытындысы бойынша Өзбекстан құрамасы К тобына түсті. Онда Португалия, Колумбия және плей-офф жеңімпазының бірімен (Жаңа Каледония/Ямайка/ДР Конго) кездеседі.
Өзбек футболшылары Азия құрлығындағы іріктеу турнирінде Иран, БАӘ, Катар, Қырғызстан, Солтүстік Корея бар топта екінші орын алып, чемпионатқа тікелей жолдама алған болатын. Бұған турнирге қатысушылар саны 32-ден 48 командаға артқаны пайдасын тигізгені анық. Мысалы, 2022 жылғы әлем чемпионатына Азиядан 4 құрама тікелей жолдама алып, тағы бір құрама құрлықаралық плей-офф кезеңіне қатысқан. Ал 2026 жылғы біріншілікке АФК-дан (Азия футбол конфедерациясы) 8 команда тікелей, бір құрама плей-офф арқылы барады.
Өзбекстаннан бөлек Кюрасао (небәрі 150 мың халқы бар ел), Гаити, Кабо-Верде қатарлы құрамалар әлем чемпионатына алғаш рет жолдама алып отыр.
Әлем чемпионатының ережесіне сәйкес, негізгі кезеңге жолдама алған 48 құрама 12 топқа бөлінген. Әр топтан алғашқы екі құрама және үшінші орын алған 12 құраманың көрсеткіші үздік сегізі плей-офф кезеңіне өтеді. 12 топ бар болғандықтан алпауыт құрамалар өзара жолыққан жоқ. Бұрын кем дегенде бір топта екі үздік құрама кездесіп, «өлім тобы» пайда болатын. Бразилия мен Марокко, Уругвай мен Испания, Англия мен Хорватия, Франция мен Норвегия жұбын атап өтуге болады.
Жеребе қорытындысы:
A тобы: Мексика, ОАР, Оңтүстік Корея, UEFA-D (Чехия/Ирландия/Дания/Солтүстік Македонияның бірі);
B тобы: Канада, Швейцария, Катар, UEFA-A (Уэльс/Босния/Италия/Солтүстік Ирландия);
C тобы: Бразилия, Марокко, Гаити, Шотландия;
D тобы: АҚШ, Парагвай, Аустралия, UEFA-C (Түркия/Румыния/Словакия/Косово);
E тобы: Германия, Кот-Д’Ивуар, Эквадор, Кюрасао;
F тобы: Нидерланд, Жапония, Тунис, UEFA-B (Украина/Швеция/Польша/Албания);
G тобы: Бельгия, Иран, Египет, Жаңа Зеландия;
H тобы: Испания, Кабо-Верде, Уругвай, Сауд Арабиясы;
I тобы: Франция, Сенегал, Норвегия, FIFA-2 (Ирак/Боливия/Суринам);
J тобы: Аргентина, Алжир, Австрия, Иордания;
K тобы: Португалия, Өзбекстан, Колумбия, FIFA-1 (Жаңа Каледония/Ямайка/ Конго ДР);
L тобы: Англия, Хорватия, Панама, Гана.
Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеуіне Қазақстан құрамасы да қатысқан. Бірақ жолдама ала алмады. Бельгия, Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейнмен бірге J тобында бақ сынаған біздің команда 8 матчта 8 ұпай еншілеп, турнирлік кестеде 4-сатыға тұрақтады. ФИФА рейтингінде 204-орында тұрған Лихтенштейн құрамасынан ғана оза алдық. Бельгия бірінші орынға жайғасып, турнирге тіке жолдама алды. Ал екінші орынға ие болған Уэлс құрамасы мундиаль жолдамасына плей-офф матчтары арқылы таласатынын айттық. Сондай-ақ біздің топта үшінші орын алған Солтүстік Македония құрамасы да Ұлттар лигасы арқылы қосымша мүмкіндікке ие болып отыр.
Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің іріктеу бәсекесіне УЕФА туы астында алты мәрте қатысты. Бұған дейін 2006 (12 матчта 1 ұпай), 2010 (10 ойында 6 ұпай), 2014 (10 матчта 5 ұпай), 2018 (10 ойында 3 ұпай), 2022 (8 матчта 3 ұпай) жылғы мундиальдің іріктеу кезеңінде бақ сынап, оңды нәтижеге қол жеткізе алмаған. Ең көп болғанда 6 ұпай еншілегенбіз (2010 жылғы іріктеуде Андорра құрамасын 2 рет жеңіп). 5 реткі іріктеудің үшеуінде өз тобымызда соңғы орын алдық.
Біздің құрама биыл әлем чемпионатына іріктеу турнирі тарихындағы үздік нәтижесін тіркеді. 8 ойында 8 ұпай жинап отыр. Бірақ сол сегіз ұпайдың алтауын Лихтенштейнге қарсы қос матчта иеленгенімізді ұмытпау керек. Демек нәтижеміз жақсарды деп қуанатындай жағдайда емеспіз.
Әлем чемпионатына баратын құрамалар саны бірден 16-ға өскенімен, Еуропаға квота өте аз бөлінді. Бұрын турнирге УЕФА-дан 13 ел жолдама алатын, жаңа формат бойынша 16 құрама ғана барады. Салыстыру үшін айтсақ, Азияға бұрын 4,5 квота берілсе, бұл жолы 8,5 жолдама берілді. Ал Африка құрлығының квота саны 5-тен 9,5-ке көбейді. Яғни, екі құрлықтың да жолдама саны екі есеге жуық өскен. Ал футбол ең жақсы дамыған Еуропаға мұнша аз сан бергені түсініксіз шешім болып отыр. Бірақ бұл біздің құзыретімізге кірмейтін, әлемдік деңгейдегі проблема екенін айта кеткен жөн.
Қуаныш Қаппас