Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:26, 26 Қараша 2018

Әлем чемпионатынан 2 жүлде бұйырды

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты биыл Үндістанның Нью-Дели қаласында өтті.
Осымен, оныншы мәрте ұйымдастырғалған біріншілікке Қазақстан да қатысып, бір күміс пен бір қолаға ие болды. Үндістанда әлемнің 62 мемлекетінен келген 277 бұрымды боксшылар бақ сынасты. Олар 10 күн ішінде 10 салмақта медальдар жиынтығын сарапқа салды.Еліміздің құрамасын Вадим Присяжнюк бастап барды. Ел намысын Әйгерім Қасенаева (48 келі), Жайна Шекербекова (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Назым Ищанова (57 келі), Карина Ибрагимова (60 келі), Милан Сафронова (64 келі), Ақерке Бақытжан (69 келі), Аида Ондаш (75 келі), Фариза Шолтай (81 келі), Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) қорғады.«Біз іріктеу өткіздік. Әлем чемпионатына қатысатын құраманы жасақтау кезінде олардың жыл бойғы нәтижелерін және жекелеген спаррингтегі өнерін ескердік. Мысалы, Карина Ибрагимова (60 келі) турнирлерде өзін жақсы жағынан көрсетті. Дариға Шәкімова (75 келі) өкінішке қарай, әлем чемпионатына қатыспайды. Ол жаттығу кезінде Алматыда тізесінен жарақат алып қалды. Оның салмағында Аида Ондаш бақ сынайды. Сондай-ақ 51, 57, 60 келіде Азия ойындарына барған Назым Қызайбай, Сәния Сұлтанқызы, Римма Волосенколардың орнына басқаларды апаратын болдық», – деген болатын бас бапкер Вадим Присяжнюк чемпионат алдында Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында.Тізімдегі боксшылардың арасында екі жыл бұрын Астанада өткен әлем чемпионатында топ жарған төрт боксшымыздың тек екеуі ғана Ләззат Күнгейбаева мен Дина Жоламан болды. Бірақ екеуі де Үндістанда өз атақтарын қорғай алмады. Ақмола облысының Жақсы ауданының тумасы Жоламан 1/8 финалда жарыстан шығып қалса, Күнгейбаева ширек финалдан қайтты. Тек 51 келідегі Жайна Шекербекова мен 60 келідегі Карина Ибрагимова жүлдеге ілікті.Жайна, алдымен ресейлік Светлана Солуянованы ұтты (5:0). Одан кейін Конго Демократиялық Республикасының спортшысы Розетте Ндонгала Эссоның осал тұсын тапты  (5:0). Колумбиядан келген Ингрид Валенсия біраз қарсылық танытқанымен, жерлесіміздің мықтылығын мойындады (3:2). Ширек финалда, Польшаның бұрымды боксшысы Сандра Драбикті үйіне қайтарды  (5:0). Жартылай финалда, жапон спортшысыЦукими Намикиді де жеңіп (5:0), алғаш рет әлем чемпионатының финалына шықты. Өкінішке қарай, шешуші сәтте Солтүстік Корея спортшысы Пан Чоль-Миге есе жіберіп алды (0:5).Ал екінші жүлдегер, 60 келіде жұдырықтасқан Карина Ибрагимова әлем чемпионатында жартылай финалға дейін алқынбай жетті. Ол Үндістанда алжирлік Иман Хелифаны (5:0), тайпэйлік Ву Ших-Юден (5:0), қытайлық Янг Венлюден (5:0) басым түсті. Жартылай финалдан Ирландия боксшысы Келли Харрингтоннан ұтылып қалды (0:5).Жалпы, командалық есепте Қытай құрамасы жеңіске жетті. Олар 4 алтын, 1 күміске ие болды. Екінші орында Қытайлық Тайпэй болса (2 алтын), үздік үштікті жарыс қожайыны Үндістан қорытындылады (1 алтын, 1 күміс, 2 қола). Қазақстан 1 күміс, 1 қоламен Нидерланды құрамасымен тоғызыншы орынды өзара бөлісті.Қазақстанның әлем чемпионатындағы көрсеткіші Тарихқа көз жүгіртсек, бойжеткендер арасындағы әоемдік дода осыдан 17 жыл бұрын, яғни, 2001 жылы АҚШ-тың Скрентон қаласында алғаш рет ұйымдастырылды. Қазақстан құрамасы әлем біріншілігіне 2005 жылдан бері қатыса бастады.Әлем чемпионатындағы алғашқы жүлде де көп күттірген жоқ. Қазақ қыздары арасында бокстан әлем чемпионатының тұңғыш жүлдесі Назгүл Боранбаеваға тиесілі. Ол 2006 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында 46 келі салмақта өнер көрсетіп, қола медальға қол жеткізді. Қазақ қыздары әлем чемпионатында 2006-2012 жылдар аралығында жүлдесіз қайтқан емес. Бірақ алтын бұйырмай жүрген. Сол олқылықтың орнын 2014 жылы Назым Қызайбай толтырды. Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласындағы чемпионатта 48 келі салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай финалда Үндістан боксшысы Шамджетсабам Сарджубаладан басым түсіп, топ жарды. Төрешілердің үшеуі де жеңісті қазақ қызына берді. Есеп – 3:0 (39:37, 39:37, 39:37).Үндістандағы әлем чемпионатын есепке алатын болсақ, Қазақстан құрамасының қоржынында 5 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль бар.2001 жылдан бері үзбей ұйымдастырылып келе жатқан әлем біріншілігінде медаль саны жөнінен Ресей қыздары алдарына жан салмай тұр. Солтүстіктегі көршілеріміздің қоржынында 21 алтын, 9 күміс, 24 қола медаль бар. Одан кейінгі орында 18 алтын, 13 күміс, 16 қола медальмен Қытай орналасқан. Үндістан боксшылары 9 алтын, 7 күміс, 16 қоламен үздік үштікте. Қазақстан қыздары 5 алтын, 4 күміс, 7 қоламен тоғызын орынға жайғасқан.Әлем чемпионатында жүлде алған қазақ боксшылары:2006 жылы: Назгүл Боранбаева  – қола (Нью-Дели, 46 келі);2008 жылы: Елена Кольцова – қола (Нинбо, 70 келі);2010 жылы: Назгүл Боранбаева  – қола (Бриджтаун, 48 келі);2010 жылы: Марина Вольнова  – күміс (Бриджтаун, 81 келі);2012 жылы: Жұлдыз Маматқұлова – күміс (Циньхуандао,+81 келі);2012 жылы: Назым Қызайбай– қола (Циньхуандао,48 келі);2014 жылы: Назым Қызайбай – алтын (Чеджу,48 келі);2014 жылы: Ләззат Күнгейбаева – күміс (Чеджу,+81 келі);2016 жылы: Назым Қызайбай – алтын (Астана,48 келі);2016 жылы: Дина Жоламан – алтын (Астана,54 келі);2016 жылы: Валентина Хользова – алтын (Астана, 69 келі);2016 жылы: Ләззат Күнгейбаева – алтын (Астана, +81 келі);2016 жылы: Жайна Шекербекова – қола (Астана, 51 келі);2016 жылы: Айжан Қожабекова – қола (Астана, 57 келі);2018 жылы: Жайна Шекербекова –күміс (Нью-Дели, 51 келі);2018 жылы: Карина Ибрагимова – қола (Нью-Дели, 60 келі);Бек Төлеу
Тегтер: