Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
20:49, 14 Наурыз 2019

Әлем чемпионатынан бес алтын бұйырды

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақ спортшылары бес алтын жеңіп алды.
Қазақстан құрамасын мұхиттың арғы жағына жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Бақыт АХМЕТОВ бастап барды. Бір қызығы, елімізден барған бес спортшының бесеуі 100 пайыздық көрсеткішке ие болды.Жарыстың алғашқы күнінде 16 жастағы Ақмолда САЙРАМКЕЗ 61 келіде сынға түсіп, үздік шықты. Ол жұлқа көтеруден 112 келіні, серпеде 145 келіні бағындырды. Сөйтіп, қоссайыстың қорытындысы бойынша 257 келімен чемпион атанды.Ақмолда Алматы облысы, Ақсу ауданы, Матай ауылында дүниеге келіпті. Өзі әлем чемпионатында топ жаратына сенбеген екен.«АҚШ-тағы біріншілікте топ жарамын деп ойламадым. Өйткені, бұған дейін Таиландтағы әлем чемпионатында жүлдесіз қайтқаным бар. Оның үстіне, жарыс барысында қобалжыдым. Басында өз күшіме сенбей, жай қатысуды да мәртебе көргенім жасырын емес. Дегенмен, бапкерлер штабы мен маған сенген ата-анамның үмітін ақтағаныма қуаныштымын. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз»,дейді Ақмолда Сайрамкез. Ал екінші алтынды Сайхан ТАЙСУЕВ иеленді. Ол 67 келіде сынға түсті. Сайхан қоссайыста 288 келіні еңсерді. Алдымен, жұлқа көтеруде 127 келіні бағындырса, серпеде 161 келіге шамасы жетті.Айтпақшы, жерлесіміз серпе және жұлқа көтеруден кіші алтын жүлдені жеңіп алды. Қазақстандық зілтемірші серпе көтеруден жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын жаңартқанын айта кетсе де болады.Әлем чемпионатының үшінші күнінде 81 келіде өнер көрсеткен Сәпи ЕСЕНКЕЛДІ дәстүрді бұзбай, қоржынға кезекті алтынды салды. Оның көрсеткіші – 309 келі. Жұлқа 134 келіні, серпе көтеруде 175 келіні бағындырған. Сондай-ақ, қазақстандық спортшы екі бағдарлама бойынша кіші алтын медальді қанжығасына байлады. 81 келідегі күміс және қола медальды АҚШ пен Перу зілтеміршілері иеленді.Жігіттерден қалмай, қыздардан Ольга ПАСТУХОВА (81 келі) Қазақстанның төртінші алтынын еншіледі. Ольгақоссайыс қорытындысы бойынша 215 келіні бағындырды. Жұлқа көтеруде 92 келіні, серпе көтеруде 123 келіні еңсерген жас спортшы қарсыластарын шаң қаптырды.Осы салмақтағы күміс және қола медаль Өзбекстан мен Жапония спортшыларына бұйырды.Ал бесінші алтын 96 келіге дейін салмақ дәрежесінде бақ сынаған Рахат БЕКБОЛАТҚА бұйырды. Әріптестерінен қалмай, тұғырдың ең жоғары сатысына көтерілді. Рахат жұлқа көтеруде 144, серпе көтеруде 179 келіні бағынды. Қосайыстың қорытындысы бойынша 323 келімен чемпион атанды.Сөйтіп, Қазақстан құрамасы АҚШ-тағы әлем чемпионатын сәтті аяқтады. Бес спортшы да сенімді ақтады.«Біз бір жыл бойы ешқандай жарысқа қатыспады. Шынын айтқанда, күні-түні осы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалды. Еңбегіміз ақталды. Басқа ірі додалардан тыс қалған біздің жас спортшылардың бұл көрсеткішіне таң қалуға болмайды. Жыл басталғалы бері әлем чемпионатында сәтті өнер көрсету үшін күш салдық. Сөйтіп, мақсаттымыз орындалды. Алғашқы үш жарыс күніндегі нәтижеден кейін Ольга мен Рахат та жігерленіп, жеңістің ең жоғары сатысына көтерілді. Әсіресе, Рахат Бекболат үшін қуаныштымын. Құрамадағы ең жас спортшы. Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, осындай нәтижеге қол жеткізіп отыр», – ­дейді бас бапкер Бақыт АХМЕТОВ. Фотоны автор ұсынды.   
Тегтер: