Әлем чемпиондары Астанаға оралды: Халық қошеметпен қарсы алды

Бүгін Қазақстан астанасына бокстан әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай, сондай-ақ ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов келіп жетті.
Әуежайда спортшыларды олардың отбасылары, достары мен жанкүйерлері күтіп алды. Қуанышқа толы кездесу бір жарым сағаттан астам уақытқа созылды: жанкүйерлер боксшыларды құттықтап, суретке түсіп, тілектерін арнады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы уақытта команда ақпан айында өтетін Әлем кубогының шешуші кезеңіне дайындалатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол чемпионаттағы төрешілер жұмысына да назар аударды.
— Бірнеше сәт болды, қандай жағдай болса да біздің боксшылар қарсыластарынан бір саты жоғары өнер көрсетті. Олар жеңіске жету үшін бар күшін салды. Уақыт өте келе барлығы ретке келеді, — деді ол.
Әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай турнирдің өзі үшін жоспарға сай өткенін айтты.
— Мен тәжірибелі спортшымын, халықаралық аренада алғаш рет өнер көрсетіп отырған жоқпын. Бұл жерде ең бастысы — бапкерлерді тыңдау, тек физикалық емес, психологиялық дайындық та маңызды болды. Бапкерлердің барлық тапсырмасын орындауға тырыстым. Жалпы, бәрі біз жоспарлағандай өтті, — деді чемпион.
Айбек Оралбай финалда өзбекстандық қарсыласымен болған жекпе-жекте шешуші сәт соңғы раундта болғанын айтты.

— Соңғы раунд ең қиын кезең болды. Бірақ дәл сол кезде өзімді толық жинап, бар күшімді салдым. Қарсыласымның шаршағанын көріп, басымдық таныту керектігін түсіндім. Соңында бұл маған жеңіс әкелді, — деді спортшы.
Ұлттық құраманың капитаны ретінде ол команда рухын жоғары деңгейде ұстаудың маңызды екенін де атап өтті.
— Шынымды айтсам, Олимпиададан кейін әлем чемпионаты қарапайым турнир секілді сезіледі. Себебі екі жарыстың атмосферасы мүлде бөлек. Біз — мен, інім Нұрбек, Санжар, Махмұд төртеуіміз – бұл жарысқа тек жеңеміз деген мақсатпен бардық. Иә, інімнің жолы болмады, бірақ менің ойымша, Нұрбектің жеңісі әлі алда. Ол маған сенеді, мен оған сенемін, — деді чемпион.
Чемпиондардың Астанаға оралуы жанкүйерлер мен туыстары үшін нағыз мерекеге айналды. Олар спортшыларды ұлттық тулармен, гүлдермен және ыстық қошеметпен қарсы алды.
Бұдан бұрын Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионатынан оралған Қазақстанның әйелдер құрамасын Алматы әуежайында салтанатты түрде қарсы алғанын жазған едік.