Әлем кубогы: қоржында – 8 алтын, 4 күміс және 4 қола

30 маусым мен 6 шілде аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында World Boxing ұйымының әлем кубогы кезеңі өтті.
Турнирге 31 елден 300-ден аса боксшы қатысқан. Бұл 2023 жылғы сәуір айында құрылған жаңа ұйымның тарихындағы ең ірі турнирлердің бірі болды.
Әлем кубогының үшінші кезеңіне Қазақстан атынан 20 былғары қолғап шебері (10 ер, 10 әйел спортшы) қатысқан. Оның 16-сы жартылай финалға жетіп, медаль алды. Ал ақтық сынға 12 боксшы шықты. Жексенбі күні өткен финалдық жекпе-жектерде 8 спортшымыз жеңіске жетіп, төртеуі жеңіліске ұшырады.
Осылайша, бокстан Қазақстан ерлер және әйелдер құрамасы Астанада өткен әлем кубогы кезеңінің жалпыкомандалық есебінде бірінші орынға ие болды. Боксшыларымыз 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Атап айтқанда, ерлер құрамасы – 5 алтын, 1 күміс, 2 қола, ал қыздар құрамасы – 3 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде еншіледі.
Финалдық жекпе-жектер:
Қыздар арасында 48 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай Үндістан өкілі Меенакшиді сенімді жеңіп, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салды. Бұған дейін Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, 3 дүркін әлем чемпионы атанған Назым тағы бір ірі турнирде жүлде жеңіп алып отыр. Биыл қыркүйекте 32 жасқа толатын бұрымды боксшымыз 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына баруы әбден мүмкін.
Ал ерлер арасындағы 55 келіде өнер көрсететін Махмуд Сабырхан финалда жұдырықтаспай-ақ чемпион атанды. Ол ақтық кездесуде Жапония өкілі Руи Ямагучимен қолғап түйістіруі керек еді, бірақ жапон боксшысы шаршы алаңға шығудан бас тартты.
Қазақстан құрамасына үшінші алтынды Бекзад Нұрдәулетов (85 келі) алып берді. Ол финалда үндістандық Джугнуді еш қиындықсыз жеңді. Бекзад жекпе-жек басталысымен-ақ басымдық танытып, бірінші раундта қарсыласын нокдаунға жіберді. Екінші және үшінші раундта да қарсыласынан әлдеқайда басым болды.
Осыдан кейін шаршы алаңға шыққан Виктория Графеева (60 келі) да алтын медаль алды. Ол финалда Бразилия боксшысы Ребека де Лима Сантостан басым түсті. Жекпе-жек тартысты өтті. Кездесу соңына қарай Виктория қарсыласын нокдаунға түсіріп, мықтылығын дәлелдеді.
Қазақ жанкүйерлері бесінші алтынды да көп күткен жоқ. Алтыншы жұпта өнер көрсеткен Наталья Богданова (70 келі) аустралиялық Лейкиша Перголитиді жеңіп, чемпион атанды. Толық үш раундқа созылған жекпе-жекте Богданова төрешілер шешімімен жеңіске жетті.
Күндізгі сессияда қазақстандық боксшылар арасында соңғы болып шаршы алаңға шыққан Санжар Ташкенбай (50 келі) да жанкүйерлерін жерге қаратқан жоқ. Жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, филиппиндік Джей Брайан Барикуатродан басым түсті. 2023 жылы әлем чемпионы атанған Санжар Ташкенбай біршама үзілістен кейін алғаш рет ірі турнирде топ жарып отыр.
Бірақ кешкі сессия қазақ боксшылары үшін сәтсіз болды. Шаршы алаңға шыққан 5 спортшымыздың екеуі ғана алтын алды. 75 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Сабыржан Аққалықов болгариялық Рами Киванды жеңіп, алтын медальге ие болды. Сабыржан жекпе-жек басталған сәттен бастап тізгінді өз қолына алып, қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетті.
Турнирдегі соңғы жекпе-жекте Қазақстан ерлер құрамасының капитаны Айбек Оралбай өнер көрсетті. 90 келіден жоғары салмақта жұдырықтасатын Айбек финалда Германия спортшысы Никита Путиловпен қолғап түйістірген. Бұл жекпе-жекте қазақ боксшысы қарсыласын төрешілер шешімімен жеңді.
Жүлде алған жүйріктер:
Ал ақтық сынға жеткен 4 боксшымыз қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Атап айтқанда, Нұрбек Оралбай (80 келі) франциялық Йожерлен Сезардан, Алуа Балқыбекова (51 келі) финляндиялық Пихла Кайво-Оядан, Надежда Рябец (75 келі) норвегиялық Суннива Хофстадтан, Эльдана Талипова (80 келі) үндістандық Нупурдан жеңілді.
Сондай-ақ Айдана Забынбекова (57 келі), Аида Әбікеева (65 келі); Ертуған Зейнуллинов (65 келі) және Сағындық Тоғамбай (90 келі) қола жүлдегер атанды. Ал Әнел Сақыш (54 келі), Гүлсая Ержан (80 келі), Серік Теміржанов (60 келі) және Абылайхан Жүсіпов (70 келі) жарысты ерте аяқтап, жүлдесіз қалды.
Жанкүйер қауым Жүсіповтің әлі күнге дейін құрамадағы бірінші нөмірлі боксшы болып жүргеніне наразы. Олар Абылайханға бұған дейін жеткілікті деңгейде мүмкіндік берілді деп санайды. Ол бірнеше мәрте әлем чемпионатына қатысып, Олимпиадаға да барған. Жүсіповтің ірі турнирлерде алтын медаль алған кезі аз. Астанадағы әлем кубогы кезеңі аяқталған соң ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов биыл 4–14 қыркүйекте Англияның Ливерпуль қаласында өтетін әлем чемпионатында дәл осы салмақта Төрехан Сабырхан өнер көрсететінін айтты.
Оның айтуынша, Ливерпульге әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен боксшылар барады. Демек әлем біріншілігіне қатысатын құрама тізімі 50 пайыз анық деген сөз. Ал қалған салмақтағы үміткерлер жақында белгілі болады. Бас бапкердің айтуынша, кей салмақтарда мәселе бар. Әсіресе 60 және 65 келінің үздігін анықтау үшін спаррингтік жекпе-жектер өткізіледі. Ал қыздар құрамасының әлем чемпионатына баратын тізімі жайлы ақпарат жоқ.
Астанада өткен әлем кубогы кезеңінде 22 елдің боксшысы жүлде жеңіп алды. 8 мемлекеттің боксшысы алтын медаль алды. Қазақстаннан бөлек, Бразилия (4 алтын, 2 күміс, 1 қола), Үндістан (3, 5, 3), Аустралия (1, 1, 1), Өзбекстан (1, 0, 4), Франция (1, 0, 3), Финляндия (1, 0, 0) және Норвегия (1, 0, 0) спортшылары турнирде топ жарды.
Елордадағы турнирге Қазақстан боксшыларының басты бәсекелесі саналатын Өзбекстан ерлер құрамасы келмей қойды. Өзбек ағайындар біздің елге бұрымды боксшыларын ғана жіберді. Көрші елдің боксшылары Астанадан 1 алтын және 4 қола медаль алып қайтты. Бас жүлде 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Навбахор Хамидоваға бұйырды. Ол финалда Токио Олимпиадасының чемпионы, 3 дүркін әлем чемпионы Бусеназ Сюрменелиді (Түркия) жеңді.
Айта кетейік, World Boxing ұйымының әлем кубогы кезеңі биыл үшінші рет өтіп отыр. Бұған дейін Бразилия (30 наурыздан 5 сәуірге дейін) мен Польшада (12 мамырдан 16 мамырға дейін) ұйымдастырылған. Қазақстан құрамасы Фос-ду-Игуасу қаласында (Бразилия) өткен алғашқы кезеңде 2 алтын, 3 қола медаль жеңіп алды. Ерлер құрамасы 1 алтын, 2 қола, қыздар командасы 1 алтын, 1 қола жүлдеге қол жеткізді. Ал мамыр айында Польшада өткен әлем кубогы кезеңіне қазақстандық боксшылар қатысқан жоқ. 2025 жылғы финалдық турнир 15–22 қараша күндері Үндістанда өтеді.
Қуаныш Қаппас