Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 05 Наурыз 2025

Әлемде либерал демократиялы елдердің азаюы еркіндіктің азаюын білдіреді

Серік Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз

Соғыс басталғалы біздің қоғам Украинаны қолдайтын, Ресейді жақтайтын және бейтарап көзқарас ұстанатын үш топқа жіктелді.

 Мұндай үрдіс әлеуметтік желіде кеңінен көрініс тапты. Негізінен Украинаны жақтайтын тараптың белсенділігі жоғары болды. Себебі әділдік, құндылық тұрғысынан Украинаны қолдау белсенді көзқарас болып қалыптасты. Сондай-ақ соғыстың бұлай жалғаса беруі адамдар арасында үрей туғыза бастады. Өйткені соғыста Украинаның жеңілуін көп адам Ресейдің ықпалының күшеюі, Қазақстанға қауіптің артуымен байланыстырады. Себебі Ресейдің жүргізіп жатқан соғысы – оккупация. Сондай-ақ адамдар мұның астарында бұрынғы посткеңестік елдерге деген осындай көзқарас бар деп ұғынады. Сол себепті де Зеленский мен Трамптың мәмілеге келе алмауы, Украинаның осы соғыста жеңіліп қалу қаупі әлеуметтік желілерде, ақпарат көздерінде қызу талқыланды. Тіпті саяси пікірталасты жаңа деңгейге шығарды деуге болады. Осыған дейін адамдардың көңілінде жақын аралықта соғыс аяқтала ма деген үміт оты тұтанып еді, алайда ол үміт ақталмады.

Негізі Трамп Америка билігіне келген күннен бастап-ақ Американың бұл соғысқа қатысты көзқарасы өзгеретіні белгілі болды. Өйткені Трамптың табиғаты да, саяси көзқарасы да алдыңғы президенттен, АҚШ әкімшілігінің көзқарасынан бөлек болатын. Сәйкесінше Зеленский мен Трамптың бір мәмілеге келіп, бір көзқарас ұстануы қиын екені түсінікті еді. Ерте ме, кеш пе, олардың арасында пікір қайшылығының болатыны анық еді. Әрине, дәл бұлай ашық, тіпті жанжал деңгейіне жетеді деп ешкім ойламаса керек. Бірақ бір анығы, соғыс Трамптың бұрынғы Байден секілді қолдамайтыны белгілі болатын. Ендігі бір мәселе Қазақстан секілді Ресеймен тығыз қарым-қатынастағы мемлекеттердің саяси бағытының өзгеру мүмкіндігі. Қазақстан осыған дейін көпвекторлы саясат ұстанып келді. Барлық тарапқа теңдей қарап, ешкімге басымдылық бермей, дербес саясат ұстауға тырысты. Бұл, әрине, сөз жүзінде осылай айтылды, ал іс жүзінде басқаша болды. Әлемдік аренада бейтараптық ұстаным Қазақстанға артықшылық беретін, енді қалай болады? Бұл да – үлкен мәселе. Себебі Ресейдің позициясы күшейсе, оның Қазақстанға да ықпалы артады. Негізі Ресейдің бізге экономикалық, саяси ықпалының бар екені бұрыннан белгілі, ал егер соғыста Ресей жеңсе онда біздің ішкі саясатымызға араласа бастауы мүмкін. Осы уақытқа дейін Украинаны қолдап келген азаматтар, міне, осыдан қауіптенеді. Бұл – логикалық тұрғыдан анық дүние. Соғыста жеңген Путин Қазақстанға деген саясатын бұрынғыдан да күшейтеді. Біздегі сөз бостандығы, азаматтардың еркін ой айтуы, бейбіт митинг ұйымдастыру секілді барлық мүмкіндіктер шектелетін болады.

Америка осыған дейін либерал демократияның негізгі орталығы, оның айқын үлгісі ретінде танылған болатын. Әрине, осы құндылықтарды ұстанатын адамдар үшін Американың бұлай өзгере бастауы – сол құндылықтардың шайқалуымен пара-пар дүние. Себебі Америкада да либерал демократиялық жүйе бұзылып, оларға да Ресейдегі, біздегі секілді авторитарлық басшы келіп бүкіл саяси жүйесін өзгертетін болса, біз секілді елдердегі авторитарлық жүйенің бұдан бетер авторитарлық кейіпке түсетіні анық. Сәйкесінше осыған дейін әлемде орнап келген тепе-теңдік шайқалатын болады. Әлем соңғы 50-60 жылдан бері демократиялық трансформациялық бағытта қозғалып келсе, енді бұл кері бағытқа қарай кетуі мүмкін. Әрине, бұл жерде Американың рөлі ерекше. Ол бізден қанша алыс болса да ақпараттық, идеологиялық ықпалы тікелей болмаса да, жанама түрде жүзеге асып келген болатын. Қорыта айтқанда, әлемде осындай елдердің азаюы еркіндіктің азаюын білдіреді.

Серік Бейсенбаев, әлеуметтанушы