Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:49, 27 Желтоқсан 2024

Әлемдегі саяси оқиғалар Қазақстанға әсер ете бермейді

Шалқар Нұрсейіт
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт. Фото: kazaknews.kz

Жыл аяқталар тұста өткенге салауат айтатын, болашақтан үміт күтетін әдетіміз бар. Ішіміз сенбесе де, көңіліміз көнбесе де, әр нәрседен сәуле іздеп, жақсылыққа жоримыз.

 Дүниені дүрбелең басып, шартараптың саяси, қоғамдық уақиғаларының дүбірі құлағымызға жетіп, «осының салқыны бізге тиер ме екен» деп өзімізден өзіміз елегізіп, елеңдейтініміз де бар. Демократиялық мемлекеттердің игіліктерін көріп, «осыған жетер күн туар ма?» деп, кіжініп те қаламыз.

Осы ойлардың жетегінде саясаттанушы Шалқар Нұрсейітке сөз ұсынып, ойын білдік. Әлем әлпеті бізге қаншалықты жақын болса, соншалықты алыс екеніне де көзіміз жетті.

***

– Бір жазбаңызда Трамптың президент болуы біздің саяси жүйемізге онша әсері болмайды дегенді айттыңыз. Дегенмен біздің сарапшылар (осылай атайық) Трамп президент боп қайта сайланғанда Қазақстанға саяси, экономикалық әсері туралы көп айтты. Осы ойыңызды ашып айтсаңыз.

– Трамптың екінші рет президент болып сайлануы Қазақстандағы демократия процесіне, адам құқықтарының сақталуына, сөз еркіндігі секілді мәселелерге айтарлықтай ықпалы болмайды деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда АҚШ-тың, президент Трамптың әкімшілігінің алдында тұрған мәселе тікелей өздерінің ішкі жағдайына байланысты. Инфляцияның деңгейін төмендету, америкалықтардың айлық табысын көтеру және Трамптың негізгі күн тәртібі – иммиграциялық саясат. Одан бөлек, тарифтер арқылы сырттан келетін тауарларға үлкен салық салып, америкалық компаниялардың мүддесін қорғаймын деген уәдесін орындау. Украинамен, НАТО-мен және АҚШ-тың негізгі көршілері – Мексика мен Канадамен қарым-қатынасты, сауда-саттық, экономикалық байланыстарды реттеу. Тағы басқа бір басына жетіп артылатын мәселелері бар. Бізге – Орталық Азияға, Еуразия кеңістігіне АҚШ-тың айтарлықтай қызығушылығы болмайды деп ойлаймын. Егер Трамп қызықса, мұнай арқылы Қазақстан экономикасына әсер етуді ойлайды. Яғни АҚШ-тағы мұнай компанияларына мұнай өндіруге рұқсат беру арқылы халықаралық нарықтағы мұнай бағасын төмендету. Сәйкесінше, Қазақстанның экономикасына бұл кері әсер ететін болады. Одан бөлек, Украинадағы соғыс себепті Ресейге жаңа санкциялар салынатын болса, оның да салқыны Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болғандықтан, Қазақстанға айтарлықтай әсер етеді. Жалпы алғанда, негізгі әсері мұнай мен жаңа санкциялар арқылы болуы мүмкін. Одан бөлек, Ресейдің қару-жарақ саласына керек дүниелерді экспорттайтын қазақстандық компаниялар санкцияға ілінуі мүмкін. Ал ондай компаниялар жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отырған Қазақстан үкіметіне санкция салынады дегенге сенбеймін.

– Оңтүстік Корея президентіне импичмент жарияланып, парламенті дауыс берді. Президентті кетіруге қарсы тараптың дауысы жетпей қалды. Бұндай жағдайлардың бізді саяси жүйеге әсері бола ма? Біздікі қиял ғой, парламенттен бір депутатымыз шығып, батыл сын-пікірін айтуға ерік-жігері жете ме?

– Оңтүстік Кореядағы саяси жағдайдың Қазақстандағы саяси жүйеге айтарлықтай әсері болады деп айта алмаймын. Бірақ бұл жерден біз не көрдік? Жалпы биліктің үш тармағы бір-бірінен тәуелсіз болған кезде, парламентте шын мәнінде халықтық өкілдері отырған кезде мемлекеттік институттар қаншалықты тең жұмыс істейтінін көрдік. Егер Қазақстан жағдайына дәл осы парламенттің, президенттің, биліктің узурпациялау талпынысына қарайтын болсақ, дәл сондай практика 2022 жылдың қаңтарында болған кезде, бәлкім, біз президент Тоқаевтың төтенше жағдай енгізуіне және ең бастысы, ескертусіз оқ ату бұйрығын жоққа шығарған кезде кем дегенде 238 адамның өліміне куә болмас едік. Яғни шын мәнісінде биліктің бөлінісі елдегі азаматтардың қауіпсіздігі үшін, олардың өмірін сақтау үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. Сондықтан біз қандай да бір сабақ алатын болсақ, осы Оңтүстік Корея елінің кейсінен парламенттің президенттен тәуелсіз болу керек екеніне, шын мәнісінде әділ, ашық сайлау арқылы билікке халықтың шын өкілдері келу керек екеніне көзіміз жетті деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біздің президент әкімшілігі тағайындайтын депутаттар парламентке тек Питер Фостер сияқты адамдарға айқайлауға ғана келеді. Парламенттің негізгі жұмысы заң шығару екені бізде ұмыт қалып кетті. Сондықтан саяси жүйеге косметикалық реформалар жасау арқылы ештеңе өзгерте алмайтынымызға әбден көзім жетті. Дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек, онда бізге шынайы парламент керек. Шынайы парламент болмай, президент билігін шектемей, біз саяси дағдарыстардың алдын ала алмаймыз.

– Сирияда Асад билігі құлап, орнына басқа топтың өкілдері келді. Коалиция жеңіске жетті. Басында «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымы тұрғанымен, бұл біріккен күштердің жеңісі. Біздің елде әртүрлі ұсақ топтар көп. Бұл жағдай біздің әртүрлі топтардың бірігуіне үлгі бола ала ма?

– Сириядағы және Қазақстандағы түрлі саяси топтарды салыстыруға келе қоймайды. Сириядағы саяси дағдарыстың негізгі себебі – елдегі Асад әулетінің диктатурасы, одан бөлек геосаясат, геоэкономика, түрлі мүдделердің қақтығысы тоғысқан аймақ болғаннан кейін, елдің ішкі жағдайы да қабаттасып, Сириядағы қазіргі жағдайға алып келіп отыр. Дегенмен Башар Асадқа қарсы бірнеше саяси топтар, кезіндегі террористік ұйымдар деп танылған және бұрын басы қосылмаған ұйымдар біріге білді. Менің ойымша, олардың бірігуіне басқа да факторлар әсер етті. Тек қана Асадқа қарсы күрес емес. Оның артында тұрған экономикалық игіліктерді бөлісу, діни идеологияның мүддесі бар. Ал Қазақстан жағдайына келетін болсақ, біздегі түрлі топтар, азаматтық бастамалар біріге алмауының себебі – елдегі саяси режимнің репрессиясы. Өйткені кез келген азаматтардың төменнен өздері бірігіп бастаған бастамалар биліктің күн тәртібіне келмейтін болса, біздің саяси режим қарсы тұрады. Оларды түп-тамырымен жоюға тырысады. Оны мынау тәуелсіз партиялардың бірнеше рет тіркеле алмай жатқанынан көреміз. «Алға» партиясы қателеспесем, осымен жиырмаға жуық әрекет жасап, оның ешқайсысы сәтті аяқталған жоқ. Билік түрлі себептермен оларды тіркемей жатыр. Және Қазақстанда Сириямен салыстыратындай жағдай жоқ. Бізде саяси күштер жоқ. Бір ғана саяси күш бар – қазіргі саяси режим. Сондықтан менің ойымша, Асадқа қарсы саяси күштерді біздегі азаматтық бастамалармен салыстыруға келмейді.

– Ресей мен Украина арасындағы жағдай күннен күнге шиеленісіп барады. Онсыз да шиеленіскен еді ғой. Бірақ қазір әуе күштерімен көп шабуыл жасалып жатыр. Соғыс жуық арада аяқталмайтын болса, Қазақстанға саяси жағынан әсері қандай болады?

– Украинадағы соғыс келесі жылы Трамптың бастамасымен уақытша тоқтауы мүмкін. Бір анығы, соғыс бітпейді. Және Ресей қазіргі Украина жеріндегі өз бақылауын ұстап қалады. Украинаға берілетін көмек айтарлықтай азаюы мүмкін. Ресейдің Орталық Азияға, ТМД елдеріне саяси ықпалы сақталып қалады. Соғыс уақытша тоқтаса да, біздің елге позитивті әсері болады деп айта алмаймын.

– Назарбаев Путинмен жолыққанын білесіз. Бұны әркім әртүрлі айтып жатыр. Бапи «тағы кепілдік алды» дейді. Біреулер «Назарбаев кланы келесі президенттік сайлауға дайындалып жатыр» дейді. Сіздіңше қалай? Бұл ненің көрінісі?

– Назарбаев Путинмен «Қазақгейт-2» ісінің алдын алу үшін жолықты деген конспирологияға өз басым еш сенбеймін. Менің ойымша, бұл жерде Назарбаевтың да, Тоқаевтың да режимінің кепілі болып отырған Кремль. Және бірінші кезекте Путин екенін жақсы білеміз. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде көзіміз жете түсті. Назарбаев өзінің ықпалы әлсірегеннен кейін Путинге одан сайын тәуелді болып қалды. ҰҚШҰ әскері Қазақстанға кіргеннен кейін Тоқаев Путинге тіпті қарыздар болды. Сондықтан екеуі де Путиннің ойынын ойнап отыр. Басты ойыншы – Путин. Ойын ережесін анықтайтын да сол. Назарбаевтың Путинмен жолығатынын Тоқаев алдын ала білді. Ал ақпаратты Кремльдің таратуын Тоқаев режимі өзіне жіберілген сигнал ретінде қабылдаған сияқты. Өйткені Кремль қалай ақпарат таратты, артынша Тоқаев, мәжілісмендер бірінен кейін бірі жарыса реваншизмге жол бермейміз деп мәлімдеме жасады. Бұндай мәлімдемелер Қазақстанда Ақорданың рұқсатынсыз жасалмайтыны белгілі. Сондықтан Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты өз мүддесіне шешу үшін әрі экс және қазіргі президенттің арасындағы қарым-қатынасты, екеуінің өзіне тәуелділігін барынша пайдалануға тырысады деп ойлаймын. Тырысып та келе жатыр. Тағы да айта кетерлігі, күні кеше Тоқаев энергетика министрі Сәтқалиевті қабылдап, оған АЭС құрылысын жеделдету туралы тапсырма берді. Бұның өзі, Назарбаевпен кездесуінен кейін Путинге жіберілген сигнал деп ойлаймын. Яғни «мен берген уәдемді ұмытқан жоқпын. Росатомды қарастырып жатырмын. Миллиардтаған сомма тұратын жобаны Ресеймен бірге іске асыруға дайынмын» деген сөзді білдіретін әрекет болды. Сондықтан өкінішке қарай, Қазақстанның мемлекет ретіндегі мүддесі емес, екі адамның – экс және қазіргі президенттердің мүддесі Қазақстанның алдына шығып кетіп жатыр.

– Соңғы сұрақ. 2024 жылы сізді таңғалдырған саяси шешім қандай?

– 2024 жылы мені таңғалдырған саяси шешім – бүкіл Қазақстанды бір сағаттық белдеуге көшіру. Мен бұл шешімді Тоқаев қабылдамайды, АЭС салу туралы референдумның алдында бас тартады деп күткенмін. Өкінішке қарай, шешім өз күшінде қалды. Не үшін мен бұны күтпедім? Себебі «саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген қағиданы биліктен артық дәл осылай әрбір азаматқа ешкім түсіндіре алмайды деп ойлаймын. Онсыз да елдегі әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайға көңілі толмайтын азаматтар көп. Оларды одан сайын ашындырмау үшін билік бұл қадамға бармайтын шығар деп ойлағанмын. Бірақ Қаңтардан кейін өзін шын президент сезіне бастаған Тоқаев Қазақстан саяси жағдайында Мао Цзэдунның 1950-жылдары Қытайды бір сағаттық белдеуге көшіргені сияқты шешім қабылдады. Оның зардабын миллиондаған азамат көріп отыр. Бұл ақылға сыймайтын және биліктің халықты өзіне қарсы қойдырған шешімі болғандықтан, логикаға да сыймағандықтан, маған таңғаларлық шешім болды дер едім.

Сұхбаттасқан Бағашар Тұрсынбайұлы