Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:57

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІІІ съезінің мазмұны мен ерекшеліктері

1
Фото: ашық дереккөз

2025 жылдың 17-18 қыркүйегі аралығында Елорда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің сегізінші жиналысына қатысатын мәртебелі, қастерлі қонақтарды күтіп алатын болады.

Қазақстан үшін құрметті діни лидерлердің басын қосу үлкен мәртебе болмақ.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі халықаралық қауымдастықта бірқатар елдердегі шиеленістердің өршіп тұрған кезеңінде өткізілмек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қыркүйекте VII Съезде сөйлеген сөзінде араздық пен өзара сенімсіздік атмосферасы халықаралық қатынастарға оралғанына баса назар аударды. Қазіргі қиындықтарға қалай қарсы тұруға болады деген сауалға, бұған бір ғана жауап бар – бұл ізгі ниет, диалог және бірлескен күш деген болатын.

Осындай жағдайда, Қазақстан кез-келген даулы мәселелерді тек БҰҰ Жарғысы рухындағы келіссөздер үстелінде шешуді жақтайды. Осыған байланысты, туындаған қайшылықтарды күшпен, қоқан-лоққылармен немесе санкциялармен жою мүмкін емес, мұндай сәттерде гуманистік мұраттарды есте сақтау өте маңызды. Олардың басты қамқоршылары, әрине, дәстүрлі діндер деген байсалды пікір білдірді.

Ел басшысы сөздерінен түйетініміз алмағайып заманда бейбітшілік, ынтымақтастық, келісім жайлы тақырыптар қозғап, тұшымды пікір білдіретін рухани тұлғалардың кезекті іргелі отырысы әлемге қажет.

Съез тарихынан әр жылдары дінаралық диалог форумы тақырыбы әртүрлі мәселелерді қамтығанын көруге болады. Осылай, ІІ және IV Съез мазмұндамасы «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік», «Бейбітшілік пен келісім адамзаттың таңдауы ретінде» деген тақырыптармен татулық пен қоғам мәселелерін қамтыған болса, ІІІ, V және VI Съездердің тақырыптары тікелей діни лидерлер рөліне қатысты болды. Осылай, «Толеранттылық, өзара құрмет және ынтымақтастыққа негізделген әлемді қалыптастырудағы діни лидерлердің рөлі», «Бейбітшілік пен даму мақсатындағы діни лидерлер мен саясаткерлер арасындағы диалог», «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін» сынды бағыттарды қамтыды.

Халықаралық індетке байланысты араға үш жыл емес, төрт жыл салып 2022 жылы өткен соңғы VII Съез «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» мәселесіне арналды.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VIII Съезінің мазмұндық құрылымына көшер болсақ, жиынның басты пленарлық отырысы «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналады.

Панельдік сессиялар «ХХІ ғасырда адамзатты ортақ мүддеге ұйыстырудағы діндердің рөлі», «Дін әлемнің орнықты дамуының факторы», «Цифрлық даму және жасанды интеллект дәуіріндегі рухани құндылықтар», «Сенім экстремизмге қарсы: діндердің бітімгершілік әлеуеті» тақырыптарындағы өзекті мәселелерді қамтиды.

VIII Съез аясында бірнеше өзге де отырыстар өткізілуі жоспарлануда. Мәселен, Съез серіктесі БҰҰ Өркениеттер Альянсымен бірлесіп жаһандық өзекті тақырыпқа арналған – Діни объектілерді қорғау жөніндегі арнайы сессия өткізетін болады.

Съез Хатшылығының ХХІІ отырысы аясында 2024 жылы алғашқы рет өткізілген «Ортақ болашақты қалыптастыру: дінаралық диалогты нығайтудағы жас көшбасшылардың рөлі» тақырыбында І Жас діни лидерлер форумы ұйымдастырылғаны мәлім.

Биыл VIII Съез аясында Жас діни лидерлер форумы «Жастар бейбіт қатар өмір сүру үшін: болашақ жолындағы синергия» тақырыбымен кезекті екінші отырысының жұмысын жалғастыратын болады.

VIII Съездің пленарлық, секциялық отырыстары және Съез аясында өткізілетін барлық іс-шаралардағы мәселелер тақырыбы бүгінде халықаралық қоғамдастық алдында тұрған іргелі мәселелерді шешу мен діни көшбасшылардың күш-жігерін біріктіру бағытын талқылауға арналады. Алдағы дінаралық форумның проблематикасы сындарлы және мазмұнды пікірталас құруға, жаңа идеяларды тұжырымдауға ықпал етеді. Оның нәтижелері әлемдік мәдениеттер мен діндердің жақындастыру үрдісіне игі ықпал етуге арналған.

Өткен VII Съез өткізілу уақыты, әлемді шарпыған індетке қатысты ерекше тақырыбымен ғана емес, жиынға қатысқан биік қонақтарымен де есте қалды. 2022 жылдың қыркүйегінде өткен Жетінші Съез ислам елдерінің ардақтысы – Әл-Азхар шейхі ат-Тайебтің, католик қауымының әзизі – Рим Папасы Францисктің қатысуымен және өзге де ислам, христиандық, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, синтоизм, бахаи діндері лидерлерінің қатысуымен дүркіреп өтті.

VII Съез Ватикан мемлекеті мен үкіметінің басшысы, миллиардтан астам сенушілердің лидері Франциск ақырғы Съез отырысында Хакім Абай жайлы мазмұнды баяндама жасап, Астана қаласында месса өткізіп, Қазақстан еліне алғысын айтып, ел дамуы үшін дұға еткенімен ерекше есте қалды.

Биылғы Съездің ерекше қонағы – Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кирилл болмақ. Патриарх Съез жұмысына қатысуы аясында Успен соборында Литургия жүргізуді және қуғын-сүргін тарихымен байланысты ескерткіш орындарға баруды, сонымен қатар, Шымкент қаласының Түлкі жырасындағы айтулы орындарға зиярат етуді жоспарлап отыр.

Қазақстанда православиелік христиандар сенушілер саны бойынша исламнан кейінгі екінші орында тұрғаны белгілі. Елімізде Православие Шіркеуі бейбітшілікті, келісімді және дәстүрлі құндылықтарды нығайтуға айтарлықтай үлес қосып келеді.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңының кіріспе бөлімінде аталған заңның «ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады» деп көрсетілген. Сондықтан, Орыс жамағатының сүйіктісі Патриарх Кириллдің сапары Қазақстан халқы үшін және Съез жұмысына қатысуымен елеулі оқиға болмақ.

Сегізінші мәрте бас қосатын діни, рухани көшбасшылар әлемдегі, аймақтардағы, көршілес мемлекеттердегі, өз елдеріндегі, Қазақстандағы татулық пен тыныштық, келісім мен сүйіспеншілік үшін дұға етіп Құдай Тағаладан тілек тілейтін болады.

Үш жылда бір өтетін бұл жиын – Хаққа қызмет ететін адамдардың жиыны, пенделік өмірінен, жарқыраған дүние қызықтарынан, отбасы құрудан бас тартып, дін жолын таңдаған жандардың, сол қиын да күрделі жолды таңдап, жастығын діни білім алуға, саналы өмірін ғибадат етіп, дін қағидаттарының халыққа таратуға сарп етіп, діни қауымдастық сатысының биігіне жетіп көшбасшы болған тұлғалардың отырысы болмақ.

Қазақстанның бұл бірегей бастамасы екіжақты-көпжақты, саяси, экономикалық байланыстар нәтижесінде көрініс табатын вагонға артылған жүк, мінетін көлік, сөрелердегі шетелдік тауар сынды көзбен көріп, қолмен ұстап бағамдалатын, таразыға салынатын материалды байлық әкелмейді. Әлемдік және дәстүрлі діни лидерлер Съезі әрине құны валютамен, алтынмен, мұнаймен бағаланатын, қомақты кіріс әкелетін халықаралық форум емесі анық. Дегенмен, Құдайды сүйетіндердің жетекші тұлғалары бас қосатын бұл жиын – бүлдіршіннің анасына қолымен жасап берген гүлі сияқты, сан жылдар көрмеген туысың мен жақын адамыңмен қауышу алдындағы қуаныш сезімі іспеттес, келіспей қалған бауырларды татуластыруға жайылған берекелі дастархан сынды жан жылуын беретін жиын, аса қымбат рухани құндылық деп бағалауға болады.

Қыркүйекте көк байрағы желбіреген Қазақ елі киелі қонақтарын Сарыарқаның төрінде үлкен қуанышпен қарсы алатын болады.

Бастысы, күз айының сол күндерінде Жалғыз Ұлық жаратқан адамзаттың көк аспаны бұлтсыз болғай!

Мадина ӘБІШЕВА,

Конфессияаралық және дінаралық диалогтың

халықаралық орталығының бас консультанты

Тегтер: