Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:15

Әлеуметтік теңсіздік күшейе түседі

Дана Рақымғали
Фото: Дана Рақымғали

Соңғы уақыттарда қосылған құн салығын 20 пайызға дейін өсіру туралы ұсыныстар айтылып жатыр.

 Бірақ бұл әлі заң шығарушы органдарға жетпеген, күшіне енуі-енбеуі екіталай нәрсе екенін де естен шығармаған жөн. Алайда бұған қатысты қоғамдағы алаңдаушылық анық байқалып отыр. БАҚ пен әлеуметтік желілердегі талқы күшейген, болжамдар мен наразылықтар легі толастар емес. Бұл құбылыс заңды да. Себебі ҚҚС расында 20 пайызға дейін көтерілсе, барлық тауарлар мен қызметтердің құны қымбаттайды. Оны экономистер де, сарапшылар да жарыса айтуда. Ал бұл қоғамға қалай әсер етеді?

Иә, 12 не, 20 не, ешқандай айырмашылықты сезінбейтіндер де болады. Өйткені әртүрлі әлеуметтік топтардың күнкөріс деңгейі мен кіріс-шығысы әртүрлі. Алайда біз көпшілік туралы айтуымыз керек. Ресми деректерге көз салсақ, елімізде айлық жалақысы 1 млн теңгеден асатындардың саны небәрі – 4 пайыз. 600-900 мың теңгеге жұмыс істеп жүргендер – 7 пайыз. Қалған 36 пайыз қазақстандық 300-600 мың, 35 пайызы – 150-300 мың теңгені жеткізсе, қалғандары 100 мың теңгеден аз сомаға күн көріп отыр. Бұл қандай да бір табысы барлар ғой. Мүлде жұмыссыз жүргендер ше? Тек әлеуметтік төлемдер арқылы күнелтіп отырғандарды қайда қоямыз? Жақында ғана жауапты ведомство АӘК алатын азаматтар саны екі есе артатынын хабарлады. Бұл 1 млн-ға жуық... Жұмыссыздар саны жарты миллионға жетіп қалған. Демек, халқымыздың біраз бөлігі айлығын шайлығына жеткізе алмай немесе әупірімдеп жеткізіп жүр. Осы әлеуметтік топтар үшін ҚҚС-ның 20 пайызға дейін өсуі немесе барлық тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы қаттырақ сезілетін болады.

Яғни халыққа экономикалық жүктеме артады. Өйткені қалтаға түсетін ақша баяғы, ал қалғанының бәрі қымбат. Бұл сәйкессіздіктер азаматтардың сатып алу қабілетін төмендетеді. Жоғарыда айтқанымдай, әсіресе табысы төмен отбасылар мен азаматтарға ауыр тиеді. Олар онсыз да тапқан-таянғанының басым бөлігін базалық қажеттіліктерін өтеуге жұмсайды. Мәселен, пәтер жалдау немесе ипотека, коммуналдық төлемдер мен транспорт, азық-түлік алу. Мұндай адамдар далада қона алмайтындықтан, балаларын мектепке жаяу таси алмайтындықтан тамақтан үнемдейді. Демек, сатып алу қабілетінің төмендеуі әсерінен әлеуметтік топтардың өмір сапасы нашарлау ықтималдылығы жоғары. Сәйкесінше, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік күшейе түседі. Айтпаса да анық қой, жылына екі рет шетелге шығып, қысын жылы жақтарда өткізетін азаматтарға ҚҚС да, басқасы да бас қатыратын шаруа қатарында емес.

Мұны халық та біледі. Қымбатшылық қысатынын болжап отыр бәрі. Өз кезегінде, бұл – қоғамдағы күйзеліс пен алаңдаушылық деңгейін арттырады. Әлеуметтік көңіл күйдің тұрақсыздығы пайда болып, ол толқуларға жалғасуы да ғажап емес. Әдетте, осындай өзгерістер протестік көңіл күй қалыптастырады ғой. Қымбатшылықтан келген экономикалық қысым әлеуметтік белсенділік пен протестер арқылы көрініс беріп жатады. Сондықтан ҚҚС пен қымбатшылыққа тек экономикалық немесе фискалды саясатқа қатысты мәселе ретінде емес, әлеуметтік проблема ретінде қараған дұрысырақ.

Дана Рақымғали,

әлеуметтанушы