Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 10 Маусым 2025

Әлиев әлі дайын емес

Әлиев

5 мамыр күні Өзбекстан құрамасы әлем чемпионатына жолдама алып, тарих жаңартып жатқанда біздің құрама Минскіде Беларусьпен жолдастық матч өткізіп, 4:1 есебімен оңбай ұтылды. Масқара нәтижеден бөлек команда ойыны да жанкүйер көңілінен шыққан жоқ. Ұлттық құрама ешқандай жігер таныта алмай, ортақол қарсыластан ойсырай ұтылғанына көпшіліктің өкпесі қара қазандай.

Ең басты сын Қазақстан футбол федерациясына айтылып жатыр. Құрама 9 маусымда Астанада Солтүстік Македонияны қабылдайды. Бұл 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирі аясындағы матч. Осындай маңызды матч алдында ҚФФ құраманы алыс шетелге сапар шеккізді. Оның үстіне Минскіде жасыл алаң – табиғи шөп, ал «Астана Арена» төсеніші – жасанды көгал. Яғни ойыншыларымыз жол жүріп шаршағаны аздай, бірде жасанды алаңда, бірде табиғи төсеніште өнер көрсетіп, ойындары ала-құла болады. Мұны құрама бапкері Әли Әлиевтің өзі жанама мойындап отыр.

«Әрине, алаң сапасы мен жабындысының ауысуы әсер етеді. Алаң өзгерісі қаншалықты әсер ететінін ертеңгі ойын көрсетеді. Бастысы, «Астана Арена» – өз алаңымыз. Мұнда екі жаттығу өткіздік. Ойыншылардың бұл жабындыға бейімделіп үлгергеніне сенемін. Бұл фактор әсер етпейді деп үміттенемін», – дейді бас бапкер.

Жаттықтырушының сөзінен Астана мен Минск арасында ұшып-қонып жүріп, Солтүстік Македониямен матч өтетін «Астана Аренада» құрама екі-ақ жаттығу өткізгенін аңғардық. Ойыншылар 31 мамырда жиналған. Егер Беларусь еліне бармағанда, 9 маусымға дейін бір аптадан аса уақыт алаңсыз жаттығу жасайтын еді. ФИФА жолдастық матч өткізуді міндеттесе, сол Беларусьті немесе басқа құраманы Астанаға шақыруға болар еді. Сонда құрама жасанды алаңда жаттығу және матч өткізіп, Македониямен ойынға тас-түйін дайын болар еді. Ал Марат Омаров басқаратын ҚФФ мұндай тиімді тәсілді ойға алмаған сияқты.

құрама

Екіншіден, бас бапкері Әли Әлиевтің өзіне де айтылар сын көп. Оның құрамаға шақырған, алаңға шығарған ойыншыларына байланысты бірнеше сұрақ бар. Әлиев Данияда доп теуіп жүрген Рамазан Оразов пен Түркия чемпионатында 5 гол соққан Абат Айымбетовті құрамаға шақырған жоқ. Оразовты ойын тәжірибесі жоқ деп ақталды, ал Абат отбасылық жағдайымен келе алмады деген уәж айтты.

Бірақ бұл уәжге илану қиын. Құраманың нақты тізімі 28 мамыр күні жарияланды. Ал Айымбетов 31 мамыр күні «Адана Демирспор» сапында алаңға шығып, 82 минут өнер көрсетті. Шынымен құрамаға көмектесе алмайтындай шұғыл шаруасы болса, Түркияда ай аяғына дейін қалмас еді. Ал Рамазанның жайы тіптен түсініксіз. «Силькеборг» сапында алаңға шықпай жүргені рас. Бірақ ол құрамада жанын салып ойнайды, Қазақстандағы көп футболшыдан деңгейі бір бас жоғары. Демек оны шақырса, құрамаға пайдасы болмаса, зияны тимес еді. Сондай-ақ Әлиев өз сөзіне өзі қарсы шығып, «Астана» қорғаушысы Марат Быстровты тізімге қосты. Ол да жыл бойы қосалқы құрам орындығын тоздырып отырған футболшы. Алаңға шықпағандарға құрамада орын жоқ болса, Быстров не істеп жүр? Айтпақшы, Беларусьпен ойында Марат өрескел қателік жіберіп, жанкүйер сынына ұшырады.

Сондай-ақ Әлиев құрама тізгінін босатып алғандай әсер қалдырады. БАҚ-та «Қазақстанның біраз футболшысы Әли Әлиевке бойкот жариялаған» деген ақпарат тарады. Ондағы мәліметтерге сенсек, қазір команданың ішкі атмосферасы аса жақсы емес, кей футболшыға Әлиевтің жұмысы ұнамайды. Оразов құрамаға келуге құлық танытпаған, ал Абат құрама өкілдерінің қоңырауына жауап бермеген деген ақпарат бар. Рамазан әлеуметтік желіде ешқандай жарақаты жоқ екенін, алаңға шығуға дайын екенін хабарлады. Бұл да бас бапкерге қарата айтылған наразылық болуы мүмкін. Беларусьпен матчтан кейін қақпашы Стас Покатилов құрамадан кетіп қалғаны айтылып жүр. Баспасөз мәслихатында Әлиев бұл ақпаратты растамады, теріске де шығарған жоқ.

Газет беттеліп жатқанда, 9 маусым Астана уақытымен сағат 19:00-де Қазақстан құрамасы «Астана Аренада» Солтүстік Македониямен кездесіп, 0:1 есебімен ұтылды. Бұл матчтың нәтижесі жанкүйерлер сынын еселей түсті. Әлиев Марат Быстров, Ян Вороговский, Сұлтанбек Астанов сияқты бабы келіспей жүрген футболшыларды тағы алаңға шығарды. Онысы аздай, ФИФА-ның берген мүмкіндікті толық пайдаланбай, матч барысында 3 ойыншы ғана алмастырды. Осы жағдайларға қарап, Әлиев мырза құраманы жаттықтыруға әлі дайын емес пе деген сұрақ туындады.

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде 3 матч өткізіп, 3 ұпай ғана жинады. Бұған дейін 22 наурызда сырт алаңда Уэльстен 3:1 есебімен жеңіліп, 25 наурызда ФИФА рейтингінде 204-орында тұрған Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңген. Енді өз алаңымыздағы алғашқы ойында Солтүстік Македонияға есе жіберіп отырмыз. Демек топ үздіктері қатарынан көріну мүмкіндігінен ерте айырылдық деген сөз. Қазір топта Македония (8 ұпай) мен Уэльс (7 ұпай) көш бастап тұр. Топ фавориті Бельгия 1 матч қана өткізген. Алда олардың бізден оңай озып кететіні анық. Біз үшін бұл іріктеу циклы де сәтсіз аяқталатынға ұқсайды...

Қуаныш Қаппас