Әлиев: Ресей кінәсін мойындап, кінәлілерді жазалап, өтемақы төлеуі керек
28 желтоқсанда Путин кешірім сұрағанда Ресей бірінші талапты орындады, ал Әзірбайжан басқа шарттар қабылданады деп күтеді.
Әзербайжан үкіметі Ақтауда Әзербайжан әуе жолдары ұшағы апатқа ұшырауына байланысты Ресейге үш талап қойды, деп хабарлады мемлекет басшысы Ильхам Әлиев ел телеарнасына берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл талаптар ресейлік тарапқа 27 желтоқсанда ресми түрде жолданған.
"Біріншіден, Ресей тарапы Әзербайжаннан кешірім сұрауы керек.
Екіншіден, олар өз кінәсін мойындауы керек.
Үшіншіден, кінәлілер жазаланып, жауапқа тартылып, Әзербайжан мемлекетіне, зардап шеккен жолаушылар мен экипаж мүшелеріне өтемақы төленуі керек.
Бұл біздің шарттарымыз. Соның алғашқысы кеше жасалды. Қалған шарттарымыз қабылданады деп сенемін», - деді президент.
Әлиев барлық талаптардың әділ екенін атап өтті.
«Бұл жерде шұғыл талап немесе мәселе жоқ, ол халықаралық тәжірибеге және адамның қалыпты мінез-құлық қағидасына негізделген», - деді ол.
Ильхам Әлиев AZAL әуе компаниясына ұшақ апатынан кейін Ресейдің бірнеше қаласына ұшуды тоқтатуды бұйырғанын айтты.
«Иә, мен бұл нұсқауды бердім, оның басты себебі, әрине, қауіпсіздік мәселесі. Ресейдің көптеген қаласында әуе кеңістігі жиі жабылатындықтан, онда арнайы жұмыс режимі қолданылады. Олар мұны «дронға қарсы операция» деп атайды. Бір нәрсені нақтылау керек: бұл «дронға қарсы операция» қашан жарияланды? Өйткені біздегі ақпарат бойынша бұл операция біздің ұшағымыз жарылғаннан кейін жарияланған. Демек, егер солай болса, бұл жергілікті қызметтердің мәселені жасыру үшін жасағанын көрсетеді», - деді Әлиев.
Айта кетейік, Әзербайжан әуе компаниясының Бакуден Грозныйға бет алған ұшағы 25 желтоқсан күні таңертең еліміздің Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырады. 38 адам қаза тапты. Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грозный үстінде «пилотсыз ұшақтар әрекеті байқалып жатқанда» ұшаққа зымыран атылған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның бортына зақым келген.
Ресей үкіметі мұны растаған жоқ. Апаттан екі күннен кейін Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ Грозный әуежайына қонуға кіріскен кезде қалаға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасағанын айтты. Ол ұшақ командиріне Ресейдің басқа әуежайларына қонуға ұсыныс жасалғанын, бірақ ол Ақтаудағы әуежайды таңдағанын айтты. Бұл ретте Euronews арнасының Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзі зақымдалған әуе лайнерінің экипажы шұғыл қонуды сұрағанын, бірақ ресейлік әуежайлардың ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін хабарлады.
28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.