Әлиев ұшақ апатында ерлік көрсеткен экипаж мүшелерін марапаттады
Ұшқыштар мен бортсеріктерге «Халық қаһарманы» атағы мен «Ерлік» ордені берілді.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауда апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының экипаж мүшелеріне құрмет көрсету туралы жарлыққа қол қойды.
Құжатқа сәйкес, әуе кемесі командирі Игорь Кшнякин, екінші ұшқыш Александр Кальянинов және бортсерік Хокима Алиеваға «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Олар апаттан қаза тапқан еді.
Сонымен қатар, тірі қалған стюардессалар Зульфиқор Асадов пен Айдын Рахимли бірінші дәрежелі «Рашадат» (Ерлік) орденімен марапатталды.
Желтоқсанның 25-і күні Әзербайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы 67 адамның 38-і көз жұмды. Олардың ішінде 3 экипаж мүшесі болды.
Euronews және Reuters агенттігінің Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлауынша, ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесінің соққысы себеп болған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, Грозный үстінде «пилотсыз ұшақтар әрекеті байқалып жатқанда» ұшаққа зымыран атылған. Зымыран ұшақтың жанында жарылып, оның бортына зақым келген.
Ресей үкіметі мұны растаған жоқ. Апаттан екі күннен кейін Росавиация басшысы Дмитрий Ядров ұшақ Грозный әуежайына қонуға кіріскен кезде қалаға пилотсыз ұшақтар шабуыл жасағанын айтты. Ол ұшақ командиріне Ресейдің басқа әуежайларына қонуға ұсыныс жасалғанын, бірақ ол Ақтаудағы әуежайды таңдағанын айтты. Бұл ретте Euronews арнасының Әзербайжан үкіметіндегі дереккөзі зақымдалған әуе лайнерінің экипажы шұғыл қонуды сұрағанын, бірақ ресейлік әуежайлардың ешқайсысына қонуға рұқсат етілмегенін хабарлады.
28 желтоқсанда Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, «Ресей әуе кеңістігінде болған қайғылы оқиға» үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Кейіннен Әлиев Ресей кінәсін мойындап, кінәлілерді жазалап, өтемақы төлеуі керек деді.