Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 31 Мамыр 2024

Әлия Назарбаева қоқыс теруге арлана ма?

Әлия Назарбаева
Фото: Жас Алаш коллаж

Астанадағы қоқыс мәселесінің екі жылдан бері шешімі табылмай келеді. Қыстың суығында қоқыстар қатып тұрғанымен, күн жылығалы мүңкіген иіс қолқаны қауып, контейнерлер маңында қаңғыбас иттер мен қаптаған көртышқандар тұрғындардың үрейін ұшырып жатыр.

Елордада қоқыстың уақытында шығарылмайтынын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек те біледі. «Мен жалпы қаладағы қоқыстың шығарылмайтынын білемін, аудандарда проблема бар. Қазір «Clean City NC» компаниясы жұмыс істеп жатыр. Онымен жұмыс істеу (келісімшарты – ред.) бітеді, ақпан айынан бастап жаңа компаниялар жұмыс істеп бастайды»деген еді әкім жыл басында. Содан бері көктем өтіп, жаз келді. Қала тұрғындары әлі де қоқысты қолмен теріп жүр.

Талдыкөлді қоқыс полигонына айналдырып жіберді

Сол жағалаудағы «Меркурий» тұрғын үй кешеніндегі мүлік иелері бірлестігінің басшысы Рүстем Айтхожиннің сөзінше, қалдықтарды жинаумен айналысатын «Clean City NC» апталап міндетін орындамаса да, ай сайын тұрғындардан тариф бойынша қоқыс қызметіне ақша алып отыр.

«Қоқыс мәселесінің шешімін таппай келе жатқанына екі жылдай болды. Қыста «техникамыз қатып қалды, гидравлика сынып жатыр, камаздың дөңгелегі жарылды» деді. Бір кездері «Clean City NC» қызметкерлеріне уақытылы айлық төлемегендіктен «жұмыс істейтін адам қалмады» деді. Осылайша, апталап ауладағы қоқыстар шығарылмай жиналып тұрады. Кей кездері қоқыс тиегіштің орнына қызметкерлер қолымен бәрін жинап, камазға тиеп жүрді. Астанада қысы-жазы жел, жиналған қоқыстар бүкіл аулаға шашылып жатады. Қыста контейнерлердің маңайы көртышқандар мен қаңғыған иттердің үйшігіне айналады. Балалар тұрмақ, ересектердің өзі контейнер маңына жолауға қорқады. Себебі бір емес, жеті-сегіз қаңғыбас иттен жүреді. Балалардың қауіпсіздігі үшін тұрғындар жабылып көртышқан мен иттерді ауладық. Бүгін «Меркурий» тұрғын үй кешенінде қоқыстардың шығарылмағанына бесінші тәулік болды. Әкімдік қосымша алты контейнер қойып береміз деп уәде берген. Біздің тұрғын үйге жақын маңдағы дүкендерде қоқыстарын контейнер маңына қойып кетеді, оларға да ескерту жасап шаршадық. Бастысы – ай сайын қоқыс жинайтын компанияға әр отбасы мүшесі үшін 400 теңгеден төлейміз, тіпті бір жасқа толмаған бала үшін де ақша алады. Бірақ қалдықтар шығарылмайды, қызметкерлерге қаржы төленбейді, қосымша техника алынбайды. Әкімдіктен кеше де адамдар келіп, жағдайды көріп кетті. Талдыкөл жақын болғандықтан сол маңайдағы құрылыс компаниялары түнделетіп бар қоқыстарын бізге әкеп тастайды, көл маңайында қоқыс полигоны жиналып қалды. Талдыкөлдің суын тартып, құрылыс саламыз деп қоқыс полигонына айналдырып жіберді, көл жақтағы қоқыс желмен қалаға келіп жатыр», – деді Рүстем Айтхожин.

Назарбаеваға тиесілі компаниямен келісімшарт екі жыл бұрын аяқталған

Елордадағы қоқыс дауының басты себебі – Әлия Назарбаеваға тиесілі «Clean City NC» ЖШС айналасындағы дау, сот, сосын қызметкерлерге жалақының уақытында төленбеуінен орын алып отыр. Әлия Назарбаева – түрлі қалдықты өңдеумен айналысатын 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен (ЖШС) тікелей байланысы бар Green Future Management LTD жеке серіктестігінің негізін қалаушысы. Cол сегіздің бірі – «Clean City NC» ЖШС.

Қаңтар оқиғасынан кейін ROP Operator компаниясына және еншілес заңды тұлғаларға қатысты Антикор тарапынан тергеу жүргізілді. Аталған тергеу «Clean City NC» компаниясын да айналып өтпеді. 2023 жылы «Clean City NC-дің» бас есепшісі Наталья Джавадова сотта компанияның жылдық орташа табысының мөлшері 5 млрд теңге екенін жариялаған. Кәсіпорынның мүлкі мен есепшоттары 2023 жылдың шілде айында бұғатталса да, «Clean City NC» әлі де қала бойынша тұрмыстық қалдықтарды жинау қызметімен айналысып келеді. Компанияның бүгінгі таңдағы басшысы – Мақсат Молдашев. Астана қаласы тұрмыстық қалдықтар тарифі жағынан арзан қалалардың бірі, мұнда жан басына тариф құны 390 – 414 теңге аралығында. Ресми дерек бойынша, қаладағы халық саны бүгінгі таңда 1 миллион 451 мың. «Clean City NC» ЖШС Астана қаласы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен 2017 жылдан бастап 5 жыл мерзімге жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес қызмет көрсеткен.

Біз арнайы хабарласқан әкімдік келісімшарт мерзімі екі жыл бұрын аяқталған, осы уақытқа дейін басқа компаниялар техникаларын жаңартып, талапқа сәйкес келеміз дегенше «Clean City NC-мен» қосымша келісімшарт арқылы жұмыс істедік деп отыр.

«Қаладағы тұрмыстық қалдықтарды жинау қызметін көрсететін жалғыз компания – «Clean City NC» ЖШС-2017 жылдан бастап жұмыс істейді. Екі жыл болды аталған компаниямен келісімшарт жоқ, конкурс нәтижесі шыққанға дейін қосымша келісімшарт арқылы ғана жұмыс істеп келдік. Аталған салада жұмыс атқаруға кезінде белгілі бір деңгейде саясаттың да әсері болғанын білесіздер. Бұл компанияның ресурстары сол кезеңдегі 700-750 мың халыққа есептелген. Бірақ қаладағы халық саны күрт өсіп кетті. Сәйкесінше, мұның бәрі қалдықтарды жинау кестесі, техникалық құрамды жаңартуға әсер етеді. Өткен жұма конкурс аяқталып, Нұра мен Есіл ауданына «Taza zher Capital» ЖШС 5 жыл қызмет көрсетсе, «Clean City NC» тек Алматы ауданына ғана қызмет етеді», – дейді Астана қаласы әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы Айдар Рашид.

Экобелсенділер не дейді?

Қаладағы қоқыс мәселесін жиі көтеріп жүрген экобелсенді Шасалим Шагалимовқа хабарласып, қаладағы қалдық мәселелерінің шешімі неліктен табылмай жатқанын сұрап көрдік. Сарапшының пікірінше, ең алдымен экокодекске өзгеріс қажет.

«Біздің экологиялық кодекс – қаланың жауы. Себебі экокодексте тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс қалдықтарын алдын ала өңдемей полигонда көмуге болмайды. Кодекске сай қазір полигонды жауып тастауға да болады. Себебі қаладан шыққан қалдықтар өңдеуден өтпей, тікелей полигонға кетеді. Экологиялық кодекс о баста жазылған нормаларға қарама-қайшы жұмыс істейді. Мәселені шешу үшін – экологиялық кодекске түзету енгізбейінше қолданыстан ала тұру қажет. Өңдеуден өтпейтін қалдықтарды өткізу жұмыстарын қолға алу қажет. Құрылыс қоқыстарын қабылдап өңдейтін – «Солтүстік жотасы» карьерін бөлек ашты. Бірақ құрылыс компаниялары полигонға қарағанда өңдеу арзан болғандықтан тұрмыстық қалдықтарын да қосып тасиды. Мұның бәрін экологиялық полиция қадағалауы тиіс. Бірақ олардың да саны қазір қысқарды, бұрын 15 адам болса, қазір екі миллионға жуық тұрғыны бар қалаға 5 полиция ғана. Олар әр камазды тоқтатып, тексеру жұмыстарын жасай алмайды», – деді белсенді.

Әкімдік қаладағы экополицияның саны 5 адам екенін растап отыр. Аталған мәселемен ІІМ айналысуы тиіс дейді.

«Қалада экопрокурор, экосот мүлдем жоқ. Бұл мәселені өз тарапымыздан бірнеше рет айттық. Вице-министрдің қабылдауына да жазылдық. Алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін тауып қалар», – деді әкімдіктің қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы.

Ақпарат үшін, өткен апта Әлия Назарбаеваға тиесілі болған Қарағандыдағы бұрынғы қоқыс өңдеу зауыты болжамдық құнынан үш есе төмен бағаға сатылды. Зауытты 2017 жылы «Recycling Company» ЖШС салған. Ал 2 мамыр күні нысан 1,5 миллиард теңгеге сатылды. Сарапшылардың пікірінше, кәсіпорынның нақты құны бұл сомадан үш есе жоғары болған. Сатып алушыға қатысты ақпараттар жарияланбады. Қазіргі таңда қала аумағында тұрмыстық полигондарды төгуге арналған бір эко полигон орналасқан.

Айжан Қалиева

Астана қаласы