Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:44, 01 Маусым 2023

Алма Бекенова: Ашаршылық жылдарында қазақтың ұлттық коды өзгерді

None
None

Әдетте ашаршылық туралы айта бастасақ, 1931-1932 жылғы ақ сүйек жұт алдымен ойымызға оралады.

Тарихшы ғалымдарымыз да осы тақырыпты көбірек қаузайды. Дегенмен 1921-1922 жылғы ашаршылықтың қазақ үшін салмағы мен зардабы оңай болған жоқ. Тіпті бұл ашаршылық шежіресінің қағаберіс қалтарыстары да көп, ақтаңдақ беттері де мол. Біз Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих магистрі Алма Бекеновамен осы жайында сұхбаттастық.

Алма ханым, 1921-1922 жылдары қазақ даласын жайлаған ашаршылық алдындағы қоғамдық, әлеуметтік көрінісіміз қандай болды?

– 1921-1922 ашаршылық жылдары қазақ тарихындағы халқымыз үшін ауыр жылдарға айналғаны белгілі. Бұл жылдар еліміздің аумағында орын алған 1917 жылғы көтерілістердің, Қазақстан аумағынан өткен ақтар мен қызылдар соғыстарының нәтижесінде халықтың жағдайын қайта қалпына келтіру, сондай-ақ билік жүйесі ауысқаннан кейінгі ел билігінің тұрақсыздығы жылдарына сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің материалдары бойынша аумақтағы өнімсіздік әрбір 10-13 жылда кезеңімен, арасында азды көпті болатындығы, өнімсіздік жылы жұтпен – мал қырылуымен қатар жүретіндігі келтірілген. 1920 жылғы қуаңшылық та өзінің орын толтырмас іздерін қалдырды. 1920 жылдың қысында малдың жаппай қырылуы нәтижесі кейбір жерлерде 95%-ға дейін жеткен. Профессор Т. Омарбековтің пікірінше, ашаршылықтың шығуына ауа райының қолайсыздығы емес, азамат соғысынан кейінгі шаруашылықтың күйзелуі, большевиктердің біржақты саясат жүргізуі себеп болған. Яғни биліктің шаруашылықты дұрыс басқара алмауы да өзіндік әсерін тигізген. 1921 жылдың көктемінен бастап құрғақшылықтың салдарынан астық пен шөптің күйіп кетуі нәтижесінде егіс өнімсіздігіне алып келген. Мәселен, егістік көлемі 1917 жылы 5840000 десятина болса, 1920 жылы – 3075000 десятинаға, 1921 жылы – 2098000 десятина болды. 1917 жылдан 1921 жылға дейін егіс көлемі 47% қысқарған. 1920-1921 жылдары малдың жұтқа ұшырауы ауыл шаруашылығына да әсерін тигізді. Мәселен, 1917 жылы – 29700000 бас мал болса, 1920 жылы – 9700000, 1921 жылы – 6200000 бас малға азайған. 1917 жылдан 1921 жылға дейін мал басының азаюы 83% құраған.

Аталған себептерге қоса азық-түлік салғыртын да ашаршылық себептерінің бірі ретінде атап өтуге болады. Профессор З.Е. Қабылдиновтің пікірінше, Ақмола өңірі астық өлкесі ретінде қарастырылып, жергілікті халықтың астығын сыртқа жөнелтіліп отырған. 1922 жылы Ақмола губерниясындағы ашаршылыққа ұшырағандар саны 472 мың адамға жетіп, астықты аумақтың өзінің көрсеткіштері осындай болған.

Ашаршылыққа себеп болған қандай негізгі факторлар әлі толық ашылмай келеді?

– 1921 жылдың соңында Самарадан келген тырысқақ індеті ҚАКСР аумағын тамыз айының соңына дейін жайлаған. Сонымен қатар бірқатар жұқпалы аурулар індеті өрбіген. Қара шешек, жәншау, күл ауруы, қызылша, көк жөтел, сүзек түрлері, азиялық тырысқақ, т.б. жұқпалы ауру түрлерімен ауырғандар да тіркелген. Араға 100 жыл салып, 2019-2022 жылдары әлемді жайлаған пандемияның өзінен медицинасы дамыған ХХІ ғасырда қаншама адам қайтыс болды. Енді медицинасы дәл қазіргідей дами қоймаған 1921-1922 жылдардағы жұқпалы аурулардың нәтижелерін елестетудің өзі оңай болмас. Ашаршылыққа ұшырағандардың қаншасы нақты неден қайтыс болды? Міне, осы сұрақтарды әлі де нақтылай түсуіміз тиіс.

Қай өңірлерде ашаршылық көбірек болды, басты себептері не?

Аштықтағы адамдардың саны туралы губерниялар бойынша келесідей:

Губерния

Статистика басқарма мәліметі

Жергілікті мәлімет

Орынбор

387.500

444.786

Қостанай

264.900

254.816

Орал

387.900

400.000

Ақтөбе

292.100

359.325

Бөкей

176.500

100.000

Барлығы:

1.508.900

1.558.927

Жоғарыдағы кестеден көрініп тұрғандай, 5 губернияның өзінде 1.508.900 адам аштықтан зардап шеккен. Статистика басқармасының мәліметі жергілікті мәліметтен сәл ғана айырмашылықта, қалай болғанда да бір жарым миллионнан астам адам аштыққа ұрынған.

Ал ашаршылық кезінде панасыз қалған балалардың саны туралы келесідей мәлімет келтіруге болады:

Губерния атауы

16/ХІ-21 ж.

1/ХІІ-21 ж.

1/І-22 ж.

1/ІІІ-22 ж.

Орынбор

32.000

33.000

47.112

208.837

Орал

21.100

29.100

31.479

31.479

Қостанай

12.344

22.464

27.344

114.847

Семей

5.316

5.976

8.316

8.316

Ақмола

8.176

8.670

12.170

12.000

Ақтөбе

14.959

23.109

22.959

22.959

Бөкей

4.105

4.100

6.106

6.505

Адай уезді

2.000

2.400

3.079

3.079

Барлығы:

100.000

128.873

138.564

408.022

Кестеден көріп отырғанымыздай, панасыз балалардың ең көп болған губерниялары – Орынбор, Орал, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе. Яғни бұл мәлімет осы губерниялардың сол кезеңдерде аштық пен ауру індеті жайлаған губерниялар болғандығының көрсеткіші екенін айғақтайды. 1/ІІІ-22 жылғы мәлімет бойынша әсіресе Орынборда – 208.837, Қостанайда – 114.847-ге дейін жеткен.

Балалар үйлеріндегі балалар санының көбеюінен, жанар-жағармайдың, тамақтың жетіспеуінен, балалар үйлері ауру ошақтарына айнала бастағандықтан, Орталық балалар комиссиясы балаларды эвакуациялауға санитарлық пойыздар жіберу туралы мәселені көтерді. 1921-1922 жылдар аралығында Турк республикаға, Бұхараға, Украинаға және РСФСР-дың орталық губернияларына көптеген балалар эвакуацияланып жіберілді. Балаларды беру кейбіреулері үшін қолайсыз болды, себебі кейбірін еңбекке пайдаланса, ал кейбіреуін өз сеніміне ауыстыруға тырысты. Кейбір балалар пойызбен жеткен жеріне түсе салып, басы ауған жаққа қарай қашып кеткен жағдайлар да орын алған.

Помгол жалпы мемлекеттік іс болып, қаржыландыру көбейген сайын, мемлекеттік ұйымдар аштықпен күреске бейімделгеннен кейін, кейбір ұйымдардың көмегінен соң, аштықтағы балалардың, панасыз балалардың жағдайы бірқалыпты бола бастайды.

Дәл осы кезеңдегі қазақ зиялыларының іс-әрекеті қаншалықты әділ бағаланып жүр?

– Патшалық билік құлап, большевиктер қазақ жеріне келе бастағаннан кейін өздерінің саясатын насихаттау мақсатында халық арасынан жастарды іріктей бастады. Қазақ жастары жастық жалынмен большевиктік билікке сенді, насихаттады. Алайда, оқыған, көзі ашық жастарымыз большевиктік биліктің басқа қырын түсініп, «Алаш» партиясы, кейінірек Алаш үкіметінің жанына топтасып, ұлттық мүддені көздей бастады. Мұның нәтижесі 1937 жылдардағы қуғын-сүргін мен ату жазаларына алып келгені баршамызға мәлім. Керек десеңіз, большевиктерді қолдаған, өлеңдерінің басым көпшілігін соларға арнаған Сәкен Сейфуллиннің өзі құрбан кетті. С.Смағұловтың «Ашаршылық қасіреті» атты монографиясында сол кезеңдегі саяси жағдайларға, аштықпен күрестегі іс-шараларға, әсіресе қазақ зиялыларының аштықпен күрестегі қызметіне жан-жақты тоқталған. Тәуелсіздік алғалы бері тарихшыларымыз зерделеп, арыстарымыз ақталып, халық арасында өзіндік орындарын да алды, олардың еңбектері мектеп оқулықтарына да еніп үлгерді.

Әлі де терең зерттеуді қажет ететін түйткілдер бар ма? Оған не кедергі?

— Президентіміз Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында 1921-1922 жылдардағы ашаршылық тақырыбын зерттеу қажеттілігі туралы пікірін білдірді. Осыдан кейін Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің қолдауымен 1921-1922 жылдардағы тарихымызды зерттеуге арналған PhD доктор М. Қозыбаеваның жетекшілігімен «1921-1922 жылдардағы Қазақстандағы жаппай ашаршылық және оның салдарлары (жаңа архивтік және жазбаша дереккөздер негізінде) жобасын, т.ғ.к. С. Шілдебайдың жетекшілігімен «Қазақстандағы жұқпалы аурулар мен індеттерге қарсы күрес тарихы» жобасын жүзеге асыра бастады.

Студент кезімізде оқытушымыздың айтқан сөзі ойға оралады: «Бір А.Пушкинді зерттеуге 200-ден астам ғылыми-зерттеу еңбегі жазылған» дегеніндей, 1921-1922 жылдардағы тарихымызды жан-жақты зерттеуге де тың тақырыптар жетерлік. ҚР Орталық мемлекеттік архивінің өзінде 1921-1922 жылдарға арналған қаншама қорлар сақталынған. Соларды шетінен зерделегеннің өзінде біраз тарих беттерінің толығары анық. Мәселен, ҚАКСР Орталық статистикалық басқарманың мәліметінше, 1920 жылдың күзінде ҚАКСР-де барлығы 4938383 адам болса, 1923 жылы халық саны – 3786910 адам болған. Халық саны 1151473 адамға кеміген. Осы адамдардың қаншасы аштықтан, жұқпалы аурулардан, көршілес республикаларға қаншасы көшкенін нақтылау әлі де терең зерттеуді қажет етеді.

Неге осы ашаршылықты геноцид деп атай алмай жүрміз, әлде оған лайық емес пе?

– Бұл ашаршылық тек қазақ жерін қамтымаған. Ресейдің Самара және Саратов губерниялары, Поволжье, Оңтүстік Украина, Қырым, Башқұртстан, Приуралье, Батыс Сібір аумақтарын да қамтыған. Сондықтан нақты қазақ еліне жасалған геноцид деуге болмас деген жеке көзқарастамын.

Ашаршылықтан кейінгі қазақ даласының күйі қалай болды?

– Әңгімені сәл арыдан бастайын. Ұлтымыздың қазақ ұлты екендігін анықтайтын бірліктердің, яғни «ұлттық» деп басталатын сөздердің жиынтығының әрқайсысының мәнін ашқан сайын «қазақ ұлтының» болмысы ашыла түседі. Осы орайда «ұлттық» деп басталатын негізгі сөздердің бірнешеуіне тоқталуға болады. Мәселен, ұлттық өнер: ұлттық би, ұлттық ән, күй, жыр, т.б. Әрине, басқа халықтарда да кездеседі. Алайда, қазаққа тән «қоңыр дауыс», «қара жорға», барлық оркестрді бір өзіне сыйдырған «Балбырауын», қос ішекті домбыра, киелі қобыз – барлығы қазақтың табиғатын, қазақтың жан дүниесін сыртқа көрсететін, қазақтың қазақ екендігін танытатын тікелей кодтар саналады. Бұдан басқа ұлттық киімдер: адамның бас киімінен бастап, аяғына киетін мәсіге дейін қазақтың болмысын, тарихын, тыныс-тіршілігін көрсетеді. Оған мысал, кимешектің кию реттілігінен бастап, оның пішіні мен көлеміне дейін қазақ әйелінің отбасындағы орны мен маңыздылығы айқын көрінеді. «Кимешек кимеудің бүгінгі күндегі нәтижесі қандай?» екендігін өзіміз де іштей сеземіз, айтпай түсінеміз. Қазіргі уақытта әйел адамның бас киіміне қарап, қоғамдағы орны тұрмақ, отбасындағы орнын анықтау оңай болмас. Кейде, отбасындағы келіні мен қызын сыртқы киіміне қарап анықтау да қиынға соғады. Міне, осы тұста ұлттық киімдеріміздің өзіндік қазаққа ғана тән ерекшелігін көруге болады. Кимешектің қатарында қамзол да қосылады. Қазіргі күнде жас та, орта буын да, кәрі де киіп жүрген қысқа қамзолымызды сонау 1920 жылдары апаларымыз бен әжелеріміз киді ме? Қамзолдың өзінің жас ерекшелігіне қарай үлкейген сайын ұзарып отыратынын қазіргі күні біріміз білсек, біріміз білмей, шатастырып киіп жүрген жағдайлар жетерлік. Бұл да ұлттық кодымызға енген өзіндік нәтиже.

Сонау 1920 жылдары жоқтау айтқанда ғана біреудің алдында жайылатын шашымыз, қазіргі күнде күнделікті тұрмыста көретін қалыпты жағдай болып қалды. Шашты жинау заманауи этикеттің бір талабы болып табылса да, оны бірі сақтаса, бірі сақтай бермейді. Шашты буып, шашбаумен бекіткен, шашбаудың сыңғырымен қыздарды ұяңдыққа, сыпайылыққа үйреткен этнокодымыз қайда? Бір ғана «шашбау» деген код арқылы қазақ қызының бойына сөзсіз қаншама құндылықтар сіңірілген. Нені ұмыттық, қаншалықты ұмыттық, қандай құндылықтардан айырылдық? Ашаршылық жылдарында жан-жаққа көшкен халқымыз көште шашбауын ұмыт қалдырды ма? Жоқ, әлде ашаршылық жылдары кішкентайынан басқа мемлекеттерге тәрбиеленген балаларымызға ұлттық этнокодымызды сіңдіріп үлгермедік пе? Қалай болғанда да бүгінгі күн – өткеннің жемісі.

Шынымен де мұның өзі ұлт үшін үлкен жоғалту болғаны анық. Осыны ары қарай тарқатып айтайықшы. Ашаршылық жылдары ұлттық тіліміз бен тарихымыз қандай өзгерістерге ұшырады?

– Қазақ ұлтының әдебиетін басқа халықтан ерекшелеп, тек қазаққа тән белгілерді айқындайтын «ұлттық тіліміздің» барлық сөздік қоры. Мысалы, Абай Құнанбаевтың өлеңдерін басқа тілге тікелей калькалап аудару мүмкін емес, оның қазақи болмысқа тән теңеулерін сөзбе-сөз аударғанда, тіптен басқа мағыналы өлең шығады. Аударма жасау барысында да әрбір халықтың өз болмысындағы Абай айтқысы келген негізгі ойдың балама теңеулерімен аударғанда ғана Абай шығармаларының негізгі ойы ашылады. Осы тұста ұлттық тіліміз бен әдебиеттің бар мазмұны ашылады.

Енді ұлттық тарихқа келейік. Тарихтан көне қалалардың, оларда кітап қорлары жинақталған кітапханалар болғандығы белгілі. Мұндай барлық халықтарға ортақ сипатпен қатар, ұлттық тарихымызға қазақ тарихынан көрініс беретін тасқа қашалған жазулар, жырларды, соның ішінде батырлар жырын, аңыздарды, дастандарды, толғауларды айтуға болады. Олар ауыздан-ауызға таралып, жады мықты адамдар арнайы жаттау арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.

Ашаршылық жылдарында халқымыз өздерімен бірге заттарын, соның ішінде кітаптарын арқалауға шамалары жетпей, жолда көміп кетіп, өздері аман қалуы мүмкін болмаған жағдайларда кездескен. Осындай ауыр кезеңде барлық заттарынан, жақындарынан айырылса да жадында жатталған ұлттық тарихымыздан айырылмаған. Олардың көбі ХХ ғасырда арнайы жазып алынып, арнайы кітаптарда жинақ болып қайта жаңғырған. Аталған еңбектерді қазіргі уақытта кейбір тарихшыларымыз өздерінің еңбектерінде пайдалануда.

Сөзімізді қорыта келгенде, кодтауда пайдаланылатын 1-ден 9-ға дейінгі сандарды ала отырып, қазақ халқы дегенде көз алдымызға келетін этнокодтарға басқа халықтардан ерекшелеп тұратын негізгі кодтарды атап көрсетейік. Олар: 1 – ұлттық тіліміз бен әдебиетіміз, 2 – ұлттық тарихымыз, 3 – ұлттық салт-дәстүріміз 4 – ұлттық киімдеріміз, 5 – ұлттық аспаптарымыз, 6 – ұлттық ойындарымыз, 7 – ұлттық тағамдарымыз.

1921-1922 жылдардағы ашаршылық жылдарында қазақтың ұлттық кодына да өзіндік өзгерістер енгізілгені белгілі. 1920 жылдарға дейінгі қазақтарда осы қасиетті 7 санына сыйып тұрған этнокодымыз толық сақталса да, 1921-1922 жылдардағы ашаршылық нәтижесінде үдере көшкен халықпен бірге этнокодымыздың басым бөлігі ілесе көшіп, жұртта аштықтан аман қалған халқымыз «кеңестеніп», бірте-бірте этнокодынан айырыла бастады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген дана бабаларымыз айтып кеткендей, болашаққа нық сеніммен қараймыз десек, ұлттық бесігіміздегі сәбиіміздің бойына атап өткен ұлттық кодтарымызды дұрыс сіңдіре алғанда ғана, осынау ұлан-ғайыр даланы мұра етіп қалдырған бабаларымыздай мықты ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа да сол этнокодымызды мұра етіп бүтін бере алғанда ғана өзімізді де, мәдениетімізді де, мемлекетімізді де сақтап қаларымыз хақ.

Әңгімеңізге рақмет

Тегтер: