Алматы әкімінің есебі: Досаевтың ертеңі бітпейді
Қазақстанның алғашқы мегаполисі, ірі экономикалық аймаққа айналған, бүгінде донор қала саналатын Алматы «арман қала» ғана емес, «қатыгез қала» да атанып үлгерген. Бұрындары тау мен трамвайды еске салатын қала қазір қымбатшылықпен, кептеліспен ассоциация тудырады.
Жаңа жолдары қайта-қайта қазылып, қары тазаланбай, жауын жауса көшесі суға толып, көлік кептелісімен хаосқа айналатын Алматының әкімі де жиі сынға ұшырайтын болған. Жер және меншік, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі, экология, сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері де көп айтылады. Ал қаланың басшысы Ерболат Досаев өзіне айтылған сынға бас қатырмайды, «менің ісіме президент баға береді» деп, ашық айтып жүр. Осы сұрақтар есеп беру үшін Астанаға – Орталық коммуникациялар алаңына келген Алматы әкіміне қойылды.
Досаев бұл қызметке келгелі үш жылдай болды. Оның алдында Бақытжан Сағынтаев, Бауыржан Байбектер біраз шулатқан. Неше даулар мен сындар өтті. Сонда да Алматы өз темпін жоғалтқан емес. Халық саны мен сырттан оқуға, жұмыс істеуге келетіндер қатары жыл санап артып жатыр. Шағын және орта бизнес, инвестициялар мен өндіріс көлемі, ішкі, сыртқы туризм бойынша да сұранысқа ие қала. Алайда қала тұрғындар үшін қаншалықты қауіпсіз және қолайлы деген сауалға келгенде тосылып қаласың. Жақында болған жер сілкінісі біраз жылдардан бері жабулы жатқан қазанның бетін ашып, шын мәніндегі ахуалды айқындап берді. Төтенше жағдайды қойғанда, күнделікті жүріс-тұрыс қиындаған. Автобустар мен троллейбустар лық толы, самокаттар бірде көлікке, бірде жаяу жүргіншілердің аяғына оралып жатады. Таңғы 6-да басталған кептеліс түнгі онға дейін жалғасады.
Досаевқа қойылған сауалдардың да көпшілігі осы жайында. Әкім алдымен көліктің көптігін, қалада 700 мыңдай транспорт тіркелгенін, сырттан келетіндер 400 мыңнан асып жығылатынын айтты. Одан соң, қоғамдық көліктің статусын көтеру қажет деп, транспорттық каркасты реттеуге күш салып жатқанын жеткізді. Сөзінше, кептеліс пен жол мәселесі 2026 жылдың аяғына дейін шешіледі. Алайда жоспардың қайта-қайта өзгеріп, халық пен көлік санының жылдан жылға еселеніп жатқанын ескерсек, «пробканың» жайы бір-екі жылда біте салатын шаруа емес. Себебі «пробканы» шешеді деген салалардың өзінің проблемасы шаш-етектен.
Метро
«Қазіргі таңда Қалқаманнан Барлыққа дейінгі, Жібек жолы станциясынан әуежайға дейінгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Үкіметпен ақылдасып, маршрут жағын бір жақты қылған соң, ақша тарту жағына кірісеміз. Қажетті сома 1 млрд доллар шамасында. Қаржыландыруға қатысты бірнеше халықаралық банкпен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жоғарыда айтылған екі бағыт бойынша қатар жұмыс істеп, құрылысты 3-3,5 жылда аяқтаймыз деп отырмыз. Жаңа технологиялар мерзімге қатысты мәселелерге қайта әкеп соқтырмайды деп сенеміз. Бәрін тез жасауға дайын, технологиялық мүмкіндіктері жететін елді таңдаймыз», – дейді Досаев.
Досаевтың бұл уәдесіне сену қиын. Себебі осыған дейін белгіленген уақытта аяқталып, пайдалануға берілген жоба жоқ. Мәселен, Сарыарқа мен Бауыржан Момышұлы бағыттары 3,5 жылда аяқталады деп жоспарланды. Бірақ құрылыс жеті жылға созылды. Сол секілді Қалқаман бағыты бойынша 2022 жылы басталған құрылысы әлі бітпеген.
Метроның құрылысынан бөлек, оның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайсыздығы тағы бар. Жақында ғана Алматы метросында орын алған қайғылы жағдайдың видеосы тарап, әлеуметтік желі қолданушылары мен жалпы қоғамның алаңдаушылығын тудырды. Досаев бұл турасында сөйлемес бұрын марқұмның жақындарына көңіл айтты да, былай деді:
«Ендігі жылы арнайы турникеттер бекітеміз. Вагондардың арасындағы бос орындар жабылады. Одан кейін келетін вагондарға осыған сай жаңа талаптар қойылады. Бір жағынан, бейнероликті қарап отырсақ, айналада қанша адам көріп тұрып, қолынан тартып, көмектесіп жібермеді».
Әкім метродағы өзге көріп тұрған азаматтарды кінәлай сөйлейді. Құтқарам деп тағы біреу жазым болса ше? Немесе дәл сол уақытта сасқалақтап қалған болар? Немесе өзім де түсіп кетермін деп қауіптенуге кімнің болса да хақы бар емес пе? Қалай болғанда да, әкімнің өзге азаматтарды кінәлауға хақы жоқ. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қауіпсіздігін ойламаған қала әкімі мен оның әкімдігінің жауапсыздығы туралы ғана сөз болуға тиіс. Әкім осы жағына барысқысы келмеді ме, бұл сұраққа қысқа, жылдам жауап беріп, өте шықты.
ЛРТ мен БРТ
Ал ЛРТ мен БРТ қашан қиялдан шындыққа айналатынын кім білсін? Келген әкім де, кеткен әкім де әне-мінемен діңкелетіп келеді. Қарап отырсақ, ЛРТ-ның техникалық-экономикалық негіздемесі 2016 жылдан бері әзірленіп жатыр. Ол кезде ұзындығы 22,7 шақырым еді. Кейіннен Алматыдағы жаңалықтарға, заман талабына сәйкес, қаланың бас жоспарын өзгерту қажет болды. Түзетілген нұсқа 2023 жылдың мамыр айында бекітілді. Дәл осы кезеңдерде Алматы қаласы көлік қаңқасының мастер-планы (әкімдіктің өз сөзі, шамалап түсініп аларсыз) басталып кетті. Бұл құжатта 2030 жылға дейінгі көлік саласын дамыту, жол желілері, аялдамалар, тұрақтар, қалаға кіріп шығатын көлік тораптары айқындалып, бас жоспарға тағы да өзгерістер енгізілді. Енді тағы да жаңартулар енгізіліп, жаңа техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр. Сегіз жылдың ішінде бірнеше рет түрленген жоба енді қанша құбылары беймәлім. Әйтеуір, Досаев мырза 26 шақырымдық ЛРТ-ның концепциясы келер сәуірде дайын болады, екінші жарты жылдықта жұмысты бастаймыз деп отыр.
ЛРТ-ға қоса, БРТ, яғни жедел автобустар линиясының да жыры көп. Осы жылы құрылысы басталады дегенді әкімдіктің өзі айтқан. Алайда жаңа жыл да келді, жаңалық жоқ. Бұған қатысты қала басшысы былай дейді:
«БРТ линиясы Райымбек даңғылы бойынша екі кезеңге бөлінген. Бірінші этаптың қорытындысын тамызда алдық. Бірақ сарапшылармен кездесуден соң жаңа сараптамалар тағайындалып, солардың нәтижесін күтетін болдық. Екінші бағыт бойынша да көктемде жұмысты бастаймыз. Екі линия да 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған».
Метро мен ЛРТ-ны қойғанда, қала ішіндегі тасжолға қатысты да қызық көп. Алматылықтар көшелердің жабық екенін, жап-жаңа жолды қайтадан жөндеп жатқанын айтып, жиі шағымданады. Сәйкесінше, асфальтқа бөлінетін қаржы да аз емес. Бірақ жол жұмыстары бітпей, тұрғындарға қиыншылық тудырып жатады. Сол сияқты мектептер, құбырлар да мердігерлердің жұмысы есебінен ұзақ тұрып қалады. Журналистердің бұл туралы сауалына әкімнің берген жауабы мынадай:
«Бізде ақша, ресурс бар. Ал мердігерлер жұмысын уақытылы, сапалы істемейді. Мұндай жағдайда жалғыз жолымыз – сотқа жүгіну. Екі жылдың ішінде мердігерлерге қатысты 200-ден астам арыз бердік. Сот процестері ұзақ. Осы тұста қиындықтар туындайды. Сол себептен, заңда өзгерістер болғалы жатыр. Инициаторлардың ішінде Алматы қаласы да бар. Депутаттар қолдап отыр. Яғни алдағы уақытта әкімдік сотсыз-ақ өз бетінше мұндай істерді қарауға мүмкіндік алады. Осылайша, көп сұрақтарды шешеміз деп отырмыз».
Жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіретін факторлар мұнымен бітпейді. Мегаполисте қыста қар тазалау да – проблема. Ал қала әкімі жауын суы мен арықтарға қатысты бірде-бір мәселе жоқ дейді. Сөзінше, өзі қызметке кіріскен 2022 жылы аудит жасап, 142 мәселелі орынды анықтаған, бәрін шешкен. Бүгінде бәрі жақсы. Яғни әкім солай есептейді. Демек, Алматы тұрғындары әкімнің тамаша статистикасын бұзбай, толарсақтан су кешіп, көне тұрады. Өйткені Досаев бұл проблеманы шешіп тастадым деп есептейді. Ал қар тазалауға келгенде 600 арнайы техника, 1 100 маман екі ауысымда тынбай жұмыс істеп жатыр деп қысқа қайырды. Досаев Астанаға келерден екі күн бұрын Алматыда қалың қар жауған, әлі күреліп біткен жоқ...
Сейсмология
Брифингте сейсмологиялық қауіпсіздікке қатысты да сауалдар жолданды. Бұл тақырып – Досаевтың басын ең көп ауыртқан мәселе болуға тиіс. Биыл бірнеше рет жер сілкінді, соның ешқайсысында сирена ойнаған жоқ. Халық сенделіп, көшеге шығып кеткен кездер де болды. Бірақ Досаев бұған қатысты жалпылама жауап беруден аспады. Соған қарағанда, онша бас қатырып жүрмеген сияқты.
«2017-2018 сейсмоаудит өтті. 10 мыңнан астам ғимарат тексерілді. Ол кезде анықталған әлеуметтік нысандар, мектептер мен балабақшалар бойынша тиісті жұмыстар жасалуда. Ал өткен және осы жылғы аудит тұрғын үйлер бойынша жүргізіліп, 11 мыңнан астам нысан қамтылды. Нәтижелерді сараптай отырып, шетелдік тәжірибелерді ескеріп, жаңа жоспар қабылданатын болады.
Станциялар туралы айтар болсақ, олардың қазіргі саны – 28. Тағы да 70 станция аламыз деген жоспар бар. Болашақта 100 шақты станция толқындарды анықтау бойынша жұмыс істемек», – деді.
Соңғы жаңалықтарға қатысты да сұрақтар көп болды. Соның ішінде Алматыдағы Орталық стадион жайы айтылды. Естеріңізде болса, Алматыдағы Орталық стадионның басшысы «Астана – Челси» матчы алдында трибуналардың уақытылы тазаланбауына байланысты қызметінен босатылған. Досаев Орталық стадионның өз бюджеті бар екенін, матч өткізу үшін әкімдіктен қаржы қарастырылмағанын айтып, «Мен әкіммін, бір адаммын. Орталық стадионның басшысы да бір адам. Не істеу керек, қалай істеу керек, оны өздері біледі. Әркімнің өз жауапкершілігі», – деді.
Ал Тәуелсіздік күнінде алаңға барып, тағзым еткен соң журналистердің сұрағына жауап бермей, «қашып кеткенін» есіне салғандарға: «Өзімді жабық әкім деп есептемеймін. Алматыда 32 кездесу өткіздім. Жауап беруге дайынмын. Жалғыз мен емес, менің баспасөз қызметіме сұрақ қойсаңыздар да болады», – деп, орағыта жауап берді. Ал өзі айтқан 32 кездесудің қалай өткенін қатысқан тұрғындар жақсы біледі. Тұрғындармен жаға жыртысардай айғайласып отыратын Досаев әкімдігі «Жас Алаштың» жолдаған сұрақтарына да жарытып жауап берген емес.
Айтпақшы, Досаевтың аты аталған БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жазбаларға мониторинг жүргізу үшін Алматы әкімдігі былтыр да, биыл да тендер жариялаған. Осы туралы сұраққа әкім саспастан: «Бұл кемшіліктерді білуіміз үшін, күшімізді қайда бағыттауды анықтау үшін керек» деп жауап берді. Бірақ мониторинг нәтижесінде қандай бағыттарды анықтағаны туралы айтпай кетті. Ертеңі бітпейтін әкім оны да кейінге қалдырған шығар...
Баян Мұратбекқызы