Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Алматы әлемдегі ауасы ең лас қалалардың төрттігіне қайта кірді

Алматы
Фото: shutterstock

PM2.5 көрсеткіші ДДСҰ ұсынған нормадан 14 есе жоғары.

31 қазан күнгі IQAir халықаралық экологиялық мониторинг платформасының деректеріне сәйкес, Алматы әлемдегі ең лас ауа райы бар ірі қалалар рейтингінде төртінші орынға қайта шықты.

Лахор, Карачи және Дели алда тұр

Қазіргі таңда ауаның сапа индексі (AQI) Алматыда 160 бірлікті құрап отыр.
Салыстыру үшін:

  • Пәкістанның Лахорында – 193,
  • Карачиде – 184,
  • Үндістанның Делиінде – 179.

Осылайша, Алматы ТМД және Орталық Азия аумағындағы ең ластанған мегаполис мәртебесін тағы иеленді.

PM2.5 нормадан 14 есе асып түсті

«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 31 қазанда қала атмосферасындағы PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы 137 мкг/м³, ал PM10 деңгейі 143 мкг/м³ болған. Бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) орташа жылдық нормасынан 14 есе жоғары.

Атмосферадағы ұсақ бөлшектер (PM2.5) — ең қауіпті ластаушы элементтердің бірі. Олар адам ағзасына өкпе арқылы еніп, жүрек-қан тамыр және тыныс алу жүйелеріне зиян келтіреді.

«Қазгидромет» мәліметінше, 1–2 қараша күндері метеорологиялық жағдай ауаның аздап тазаруына мүмкіндік беруі мүмкін. Дегенмен, жалпы алғанда, қалада жоғары ластану деңгейі сақталады.

Айта кетсек, 28 қазанда да Алматы әлемдік рейтингте дәл осы төртінші орында тұрған болатын. Сол кезде синоптиктер ауа сапасының жақсаратынын болжаған еді, алайда болжам шындыққа жанаса қоймады.

Тегтер: