Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:24

Алматы облысында «Ақ бидай-2025» атты ауыл спортының сайысы өтіп жатыр

=
Фото: Ақ Жайық

2025 жылдың 12-21 қыркүйек күндері аралығында Алматы облысында VIII республикалық ауыл спорты ойындарының ақтық кезеңі – «Ақ бидай-2025» басталды. Бұл ауқымды спорттық додаға еліміздің барлық 17 өңірінен 2000-ға жуық спортшы қатысып, ауыл жастарының шеберлігі мен жігерін сынға салмақ.

«Ақ бидай» жобасы – ауыл спортының дамуына тың серпін беретін ерекше бастама. Ол ұлттық, жекпе-жек, күш сынасу және зияткерлік бағыттағы 20 спорт түрін қамтиды. Жарыс бағдарламасына көкпар, қазақ күресі, жамбы ату, асық ату, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, мини-футбол сынды спорттар енгізілген.

Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Достықұлы Таңатаровтың айтуынша, «Ақ бидай» – ауылдан шыққан жас спортшылардың шыңдалуына жол ашатын алаң:

 «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын үнемі атап өтеді. Спорт – ұлт саулығының кепілі. Бүгінде олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондарының басым бөлігі ауылдан шыққан. Сол себепті «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары – ауыл жастарының рухын көтеретін маңызды аламан», – деді ол.

Салтанатты ашылу 14 қыркүйек күні сағат 17:00-де Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде өтеді. Мұнда өнер көрсетулермен қатар спортшылардың ресми ант беру рәсімі де ұйымдастырылады.

Тартысты бәсекелер Алматы облысының бірнеше өңірінде, атап айтқанда Талғар ауданы, Қарасай ауданындағы, Қонаев қаласында өтеді.

Бұл ауыл спорты ойындарының географиясын кеңейтіп, көпшілікке спорт мерекесін тамашалауға мүмкіндік береді.

Жеңімпаздарға спорт шебері атағы беріледі

Жарыста топ жарған спортшылар мен жүлдегерлерге ресми түрде спорт шебері және спорт шеберлігіне үміткер атақтары табысталады. Бұл ауыл спортшылары үшін үлкен мотивация болмақ.

Ұйымдастырушылар

ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті;

Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы;

Алматы облысының дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы.

«Ақ бидай—2025» тек спорттық жарыс емес, сонымен бірге тәжірибе алмасу алаңы, жаңа таланттарды анықтайтын және ауыл спортына серпін беретін жоба ретінде бағалануда.

Тегтер: