Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:10

Алматы ұйықтамаған түн

Анарбеков
Фото: instagram.com/f.c.kairat

Қуан, қазақ елі! Сүйінші, Алаш жұрты! Иә, бүгінгі мақаламызды дәл осындай лепірген, алып ұшқан, кеудемізді қуаныш кернеген асқақ көңілмен бастауды жөн көрдік.

Сөзімізді дәл көтеріңкі көңілмен бастаудың да қисыны келіп тұрған сыңайлы. Себебі алматылық «Қайрат» футбол клубы тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алды!

Бұл күні Алматыда ақ түйенің қарны жарылды, ала доп сүйер Алаш баласы бөркін аспанға атып қуанды. Әсіресе пенальти сериясының соңғы сәтінде «Қайрат» қақпашысы Темірлан Анарбековтің қайтарған соққысынан кейінгі Орталық стадиондағы атмосфераны сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес-ті. Айғайдан аспан қақырап, дабырдан жер тітіренді деген сол шығар...

Енді бәрін басынан бастайық.

Сонымен, 26 тамыз күнін футбол жанкүйерлері асыға күтті. Бір апта бұрын Шотландиядағы «Селтикпен» өткен тең ойын көңілімізге қанат бітіріп, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне өтсек деген үмітімізді маздата түскен еді. Естеріңізде болса, дәл осыдан он жыл ілгері, дәл осы күні, яғни 2015 жылы 26 тамыз елордалық «Астана» футбол клубы кипрлік АПОЭЛ клубын жеңіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алған болатын, онда да қазақ жанкүйерлері жүрегі жарыла қуанған-ды. Міне, содан бері де он жыл өте шықты, алайда қазақ футболы қанша тырбанса да, одан соң Чемпиондар лигасының топтық кезеңі алынбайтын қамалға айналғанын несін жасырамыз. Көбінесе клубтарымыз алғашқы іріктеуден сүрініп жататын. Бірақ бұл жолы «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде жарқырап өнер көрсетті.

Алғашқы іріктеуде Словенияның «Олимпия» клубын жарыс жолынан шығарды. «Қайрат» Люблянада өткен алғашқы матчта 1:1 есебімен тең ойнап, Алматыда 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші айналымда Финляндияның КуПС командасымен кездесті. Сырт алаңдағы ойында алматылықтар 2:0 есебімен жеңіліп қалған. Бірақ қарымта матчта 3:0 есебімен жеңіске жетіп, таңғаларлық камбэк жасады. «Қайраттың» жолы бұдан кейін тіпті де қиындай түсті. Үшінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Слован» командасымен жолы түйісті. Алматыда өткен алғашқы кездесу «Қайраттың» жеңісімен аяқталды. Есеп – 1:0, гол авторы – қазақ футболының жас таланты Дастан Сәтбаев. Қарымта кездесуде словакиялық клуб 1:0 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп, ойын пенальти сериясына жалғасты. Алматылықтар 4:3 есебімен алға шығып, келесі кезеңге жолдама алды. «Қайраттың» бұл жеңісін сенсацияға балап: «Келесі кезеңде «Селтиктен» сүрінбегеніңді көрейін» дегендер де табылды. Шынымен де қос команда арасындағы алғашқы ойында есеп ашылмайды деп көп ешкім ойлаған да жоқ, «Селтик» тіпті бар шаруаны өз алаңында шешіп тастамақшы болды. Алайда «Қайрат» алаң иелерінің дегеніне көнбеді, қарымта шабуылға қарымта шабуылмен жауап қайтарды, ал «Селтик» болса 90 минут бойы «Қайраттың» қақпасынан саңлау таба алмай, әбден мысы құрыды. Ақырында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қай клубтың шығатыны 26 тамыз күні Алматыда анықталатын болды.

«Селтик» пен қарымта матч алдында көңілімізді қуаныш пен алаң қатар биледі. Басты қуанышымыз – Алматыдағы Орталық стадионда алғаш рет Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалмақшы. Сондай-ақ «Қайрат» жеңіске жетсе тарихта тұңғыш рет Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне өтпекші. Ала көңілімізді алаңдатқаны – команданың негізгі ойыншыларының бірі Дастан Сәтбаевтың бірінші кездесуде сары қағаз алып, қажетті, қарымта ойынға қатыса алмайтыны, оған қоса сырт алаңда жарақат алған клубтың негізгі қақпашысы Александр Заруцкийдің маңызды матчта «Қайрат» қақпасын күзете алмайтыны болатын. Оның үстіне ойынға бір күн қалғанда Эдмилсонның да жаттығуда жарақат алғаны, жасыл алаңға шыға алмайтыны белгілі болды. Дегенмен жанкүйерлер «Қайратқа» сенді, футболдың сиқырына сенді.

Сонымен, матч басталардан ертерек Орталық стадионды бетке алдық. Ойынның басталарына 2 сағаттан артық уақыт болса да стадион айналасында адам қарасы көп. Біреулер билет іздеп, енді біреулер билет сатып сабылып жүр, ал билеті барлар оларды сырттай тамашалап, шетте қамсыз тұр. Стадионның жанында әртүрлі спорттық ойындар қызып жатыр, оркестрде Чемпиондар лигасының әнұраны қайта-қайта орындалады. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиардтаған жанкүйердің жүрегін елжіреткен осы бір сиқырлы әуен қазақтың қобызының көмейінен, домбырасының шанағынан төгілгенде құлаққа тіпті де әсерлі естіледі екен.

Орталық стадионға 23 мың жанкүйер ойын басталардан бұрын-ақ жиналып алды. «Қайраттың» сары-қара түсті жалаушасы желмен бірге желбіреп, матчтың сәнін арттырып тұрғандай. Міне, жүрек тебірентетін сәтке де жеттік. Ойыншылар алаңға беттегенде Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалды! Сіз бен біз теледидар алдында тұрып, бала кезімізден бері сан мәрте естіген, құлағымызға сіңісті болған әнұранды енді, міне, жанымыз тебіреніп, Алматыда, Орталық стадионда тыңдап тұрмыз! Мың сан қолтелефонға таспаланған осы бір әсерлі мезет сол сәтте-ақ қазақ даласын шарлап кетті. Орталық стадионға жете алмаған жанкүйерлер туыстарының, ағайын, таныстарының жіберген бейнежазбасынан стадиондағы ғажайып атмосфераны көріп, желпініп қуанғаны, оны тағы біреулерге жолдап, мәре-сәре болып жатқаны анық.

Ақыры, міне, көңілді елегізіткен, жанға тыным бермеген ойын да басталды. Стадиондағы шат-шадыман көңіл күйді суреттеп жеткізудің өзі қиын. Мұны тек жанмен, жүрекпен сезген, көзбен көрген жөн. Футболдың сиқыры сол – ол адам баласын тегіне, ұлтына қарамай, бір-біріне жақындастыра, достастыра түседі. «Қайраттың» шабуылы үдегенде стадиондағы түрлі ұлт өкілдері бір адамға, зорайған бір дауысқа айналып, айғайға басады. Ал «Селтик» шабуылдағанда бір адамға айналып уілдеп, гуілдей жөнеледі. Бәрінің тілегі, арманы бір. «Қайраттың» жеңісі.

Орталық стадиондағы «Қайрат» ойындарына жиі баратын жанкүйерлер білуі тиіс. Әр матчты қалт жібермей стадионға келетін жасы үлкен жанкүйерлер көп. Жүзі таныс біразын бүгін де көрдік. Тынымсыз айғайлап, ойыншыларға дем беріп отыр. Арагідік «қайт артқа, ұмтыл алдыға» деп қолдарын сілтеп, айғайлап көреді. Мұндай қарт жанкүйерлер шын күйінеді, клуб жеңсе де, жеңілсе де бірге болады. Кейде жанкүйер аз жиналатын ішкі чемпионаттың ойындарынан да қалмайды. Әр жерде шашырап, айғайлап отырады. Кейбірімен сөйлесе қалсаңыз «Қайратқа» 50–60 жылдан бері жанкүйерлік етіп келе жатқанын айтады. Жалпы жанкүйерлік деген де қызық. Дәл осы күні «Қайрат» жанкүйерлерінің арасында отырған көк жейде киген азаматтың «Қайрат, Қайрат!» деп өршелене айғайлағаны біздің көңілімізді аударды. Шетелдік жанкүйер екені әуезінен, түрінен, киімінен анық көрініп тұр. Сөйтсек, бұл азамат сонау алыс Шотландиядан арнайы келіпті. «Қайратқа» жанкүйер болуы үшін. Иә, қате естімедіңіз, «Қайратқа» жанкүйер болуы үшін. Өзі негізі шотландиялық «Рейнджерс» клубының жанкүйері екен, «Селтиктен» жеңіле беріп, әбден ығыры шыққан соң Алматыға келіп, «Қайраттың» тілеуін тілепті. Мұндай да жанкүйерлер болады.

Тартысты өткен ойында жанкүйерлер 120 минут бойы тыным алған жоқ. Алаңдағы ойыншыларға дем беріп, ұрандап, айғайлаумен болды. Кейде үміттеніп, кейде опындық, кейде қиқулап, ойыншыларды шабыттандырдық. Әсіресе ойынның соңғы минуттарында қақпамызға төнген қауіптен шошынып гуілдеген үніміз жер жарды.

Сонымен ойынның негізгі уақытында да, қосымша уақытында да есеп ашылмады. Пенальти сериясына жеттік. Несін жасырайық, дәл осы сәтте ішімізде «әттең, Заруцкийдің жоғын-ай» деген өкініш те болды. Алайда Анарбеков алғашқы соққыны қайтарып, стадионды дуға бөледі. Ал бұдан кейін Громыко мүлт кеткенде стадион қайтадан сілтідей тынды. Сөйтсек, Анарбековтің әлі де айтары бар екен. Бұдан кейін де екі соққыны қайтарды. Әсіресе соңғы соққыны қайтарған кездегі жүрек жарылардай қуанышты сәтті стадионнан көрсеңіз ғой, шіркін! 23 мың жанкүйер бар дауысымен айғайлап, дүр етіп сілкінгенде стадион қозғалғандай күй кештік. Жанкүйерлер танымаса да бір-бірін құшақтап, бір-бірін құттықтап, көз жасына ерік беріп жатты. Ақыры алаңдағы ойыншыларға қол соғып, «Темірлан» деп тебірене айғайлап, тарихи сәттің куәсі болған Орталық стадионды қимай-қимай қоштастық.

Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне жолдама алған «Қайраттың» әр ойыншысы қаһарман, клубтың әрбір қызметкері құрметке лайық. Әсіресе қақпашы Темірлан Анарбековті айрықша айтқанымыз жөн. Ол әр соққыны өзі үшін, жанкүйерлер үшін, қазақ футболы үшін қайтарды. Ерлік жасады. Болашағынан мол үміт күттіретін талантты қақпашы екенін айғақтады. Бір сәтте қазақ футболының қаһарманына айналды.

Қайрат Селтик
Фото: ашық дереккөз

«Қайрат» қомақты қаржы тапты

«Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққаны үшін бірден 18,62 млн еуро (шамамен 11 млрд теңге) сыйақы алды.

Алда оларды 8 матч күтіп тұр. Әр жеңісті матчқа қосымша 2,1 млн еуро беріледі. Бір қызығы, бұл қаражат клубтың жалпы бағасынан да қымбат. «Қайрат» клубының бағасы: €12.4М. Сондай-ақ «Қайрат» EA FC 26-ойынына қосылады. Алматылықтар кешегі «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуына орай EA FC 26-ойынында эмблемасы жарық көреді. Осыған дейін Қазақстанның бірде-бір клубы ресми түрде EA Sports ойынында болып көрмеген екен.

Бұл күні Алматы ұйықтамады. Бұл күні қуаныштан шаттанып, алақайлап, ел көшкендей, елге ілесіп жер көшкендей күй кештік. Орталық стадион төңірегіндегі полиция қызметкерлері де жанкүйерлерге кешіріммен, кейбір әрекеттеріне көз жұма қарады. Қатар-қатар тізіліп, сигналдарын тынымсыз басып, терезеден бастарын сыртқа шығарып, «Алматы – ең алғашқы махаббаттым...» деп әндетіп келе жатқан жанкүйерлердің шырқын бұзбады. Тіпті жол жиегінде тұрған полиция қызметкерінің жанкүйер ұсынған «Қайрат» жалаушасын ілтипатпен алып жатқанын да көзіміз шалды. Бұл күнгі жанкүйерлердің бәрі қабағат көңілді, бәрі мәрт. Көздерінде жеңістің оты ойнап, бір-біріне елжірей қарайды. Бағдаршамда тұрғанымызда жанасалай тоқтаған көліктегі бозбала біздің ұлдың қолындағы жалаушаны сұрап алып, орнына мойнына ораған «Қайраттың» шарфын сыйлап кетті, түйіскен көздерден қуаныш лебі еседі. Иә, бұл Орталық стадионнан қаланың үлкенді-кішілі көшелеріне ағылған жанкүйерлердің қуанышты үні Алматының түнгі аспанын кернеп тұрды. Абай даңғылымен батысқа қарай бет түзеген мың сан көлік бірдей ырғақта сигнал басып жүріп отырды, әр көліктің терезесінен «Қайраттың» жалаушасы желбірейді. Арагідік жанкүйерлер «Атамекен» әнін шырқайды, «күннің өзі ұясына, қимай оны батады екен...» дейді. Дәл осы сәтте «Қайрат» жанкүйерлерін Алматының қоңыр салқын түні де қимай тұрғандай әсерге бөледі.

Анарбеков
Фото: arena.olimpbet.kz

Ойынның үздігі – Темірлан Анарбеков

Темірлан Анарбеков 2003 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. 2017 жылы «Қайрат» футбол клубының академиясына қабылданады. 2020 жылы 17 жасында Қазақстан Премьер-лигасында «Тараз» клубына қарсы «Қайрат» сапындағы алғашқы ойынын өткізеді. 2024 жылы елордалық «Жеңіс» клубының сапында ойнайды. Қазір «Қайрат» клубының қақпашысы.

Енді «Қайрат» алдағы уақытта Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 8 командамен күш сынасады. Оның ішінде азуын айға білеген «Барселона», «Челси», «Бавария», «ПЖС» секілді үздік клубтардың болатыны анық.

Жеребе 28 тамыз күні тартылады.

Бүгінгі ақпараттарға сүйенсек, Алматыда осы жылы тағы да 4 рет Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады. Ал «Қайраттың» Орталық стадионы УЕФА-ның барлық талаптарына сай екені айтылды. Осыған дейін Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі Астана қаласында, яғни «Астана Аренада» өтеді деген сыбыстар тараған еді.

Әлихан ЖАНҰЗАҚ

Тегтер: