Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 02 Желтоқсан 2025

Алматы–Бішкек тас жолындағы апаттан жеті адам қаза тапты

Жол апаты
Фото: ЖИ / Жас Алаш

Алматы облысында Минивэн мен жүк көлігі соғысып жеңіл көлікте болған барлық жолаушылар көз жұмды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді.

Бір отбасы түгелдей қаза болды

Алдын ала деректер бойынша, Honda Odyssey минивэнінің жүргізушісі көлікті басқара алмай, алдында келе жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соғылған. Қатты соққы нәтижесінде жеңіл көлікте отырған жеті адамның барлығы, оның ішінде жүргізуші де, оқиға орнында қаза тапты.

Полицияның мәліметінше, марқұмдардың барлығы бір отбасының мүшелері болған деген ақпарат тексеріліп жатыр.

«Жеңіл көлікте болған жеті адамның барлығы, соның ішінде жүргізуші, алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды», – деп хабарлады Алматы облысының Полиция департаменті.

Қылмыстық іс қозғалды

Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Тергеушілер жүргізушінің жылдамдық режимін бұзу ықтималдығын, жолдың жағдайын және техникалық ақауларды тексеруде.

Айта кетейік, Қазақстан жолдары Орта Азиядағы ең қауіптілердің бірі саналады. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам қаза тапты, бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы ең жоғары сан болып тіркелді. Ал биылдың өзінде (қаңтардан қарашаға дейін) 1 916 адам жол апатынан көз жұмғаны хабарланды. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанын көрсетеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің бұл бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.

2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының аналитиктері Мемлекеттік несие бюросы, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті және сақтандыру төлемдерінің статистикасы негізінде келтіреді. Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апаты – ауыр. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың жарақат алуымен аяқталады. 2025 жылдың қорытындысында жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 150 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжам жасалған.

Тегтер: