Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:00

Алматыда 19 жастағы футболшының өліміне қатысты дәрігерлер түсініктеме берді

Диас
Фото: Birinshiliga

Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы футболшы Диас Төлеудің өліміне байланысты ресми түсініктеме берді. 

19 жастағы спортшы кеше өткен матч кезінде есінен танып, кейін қайтыс болған.

Басқарма мәліметінше, футболшыны ойын алаңында кезекшілік еткен жекеменшік жедел жәрдем қызметі клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізген.

«Ауруханаға жеткізілген сәтте пульс пен қан қысымы тіркелмеді, көз қарашығы кеңейген күйде болды. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізді, бірақ өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді», — делінген басқарма хабарламасында.

Оның денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Сарапшылар өлімнің нақты себебін анықтайды.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» командаларының арасындағы матч кезінде болған. Диас ойын барысында кенет есінен танып, дәрігерлердің барлық әрекетіне қарамастан көз жұмды.

Футболшының қазасын арнайы комиссия тергейтін болды.

Тегтер: