Алматыда 50 шетелдік азамат елден шығарылды
ҚР Ішкі істер министрлігі Алматыда 50 шетелдік азамат елден шығарылғанын мәлімдеді.
Мәселе Қазақстанға көші-қон заңнамасын өрескел бұзып келген Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан азаматтары туралы болып отыр.
– Іс-шара басталғалы 1185 көші-қон заңнамасын бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 225 шетелдік Қазақстан Республикасынан шығарылды. ҚР-да болу ережелерін бұзғаны үшін 935 шетелдік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 202 қабылдаушы тарапқа айыппұл салынды. Шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзған 48 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды, – деді Алматы қалалық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Бутунчинов.
Сонымен қатар Алматыда іс-шара кезінде Қазақстаннан өз бетінше кету туралы сот шешімін орындамаған 54 шетелдік ұсталды.