Алматыда 8 күнде 5 мыңға жуық көлік айыптұраққа қойылды
Алматыда «Құқықбұзушылыққа тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сегіз күн ішінде жол қозғалысы ережесін бұзудың 15 мыңға жуық дерегі анықталды.
Полиция мәліметінше, осы кезеңде 4,7 мыңнан астам автокөлік арнайы айыптұрақтарға жеткізілген.
Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылау күшейтілгеніне қарамастан, жолдағы жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Бұған негізінен адам факторы әсер етуде.
— Біз өрескел құқықбұзушылықтарды ғана емес, агрессивті жүргізу жағдайларын да жиі тіркеп отырмыз. Бұл – қауіпті түрде жол ауыстыру, күрт маневр жасау және жол ережелерін әдейі елемеу, - деді ол.
Сонымен қатар мас күйінде көлік жүргізетіндер, жүргізуші куәлігінсіз рөлге отыратындар және жалған мемлекеттік нөмір қолданатындар ерекше алаңдаушылық туғызуда.
— Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді, - деп атап өтті Сарғұлов.
Айта кетейік, 21 наурыз күні Алматыда резонансты жол апаты болған еді. Әл-Фараби мен Меңдіқұлов көшелерінің қиылысында Mercedes пен Zeekr көліктері соғысып, үш адам қаза тапқан. Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы – 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі тірі қалып, жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Ол апат кезінде мас күйде болған.
Оқиғадан кейін Алматыға Астана, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарынан қосымша полиция жасақтары тартылды.
Қазіргі таңда қалада, әсіресе Әл-Фараби даңғылында түнгі бақылау шаралары күшейтілген.