Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:38

Алматыда Bek Air ұшағы апатына қатысты сот үкімі шықты

Bek Air
Фото: ашық дереккөз

Алматыда 2019 жылдың желтоқсанында болған Bek Air әуе апатына қатысты сот үкімі шықты. Үкімді Алматы қалалық сотының төрағасы Дастан Алмағамбетов жария етті.

Ұшқыштар кінәлі деп танылды

Сот шешімі бойынша, қаза болған ұшқыштар Марат Мұртабаев пен Мейіржан Молдақұлов
ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі («Ауа көлігінің қозғалысы немесе пайдалануы қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеп соғу») бойынша кінәлі деп танылды. Алайда олардың қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмайды.

Сот процессуалдық шығындарды — 1,7 млн теңгені мемлекет есебінен өтейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ Bek Air компаниясының мүлкіне қойылған бұғаттау азаматтық талап-арыздар қаралғанға дейін сақталады.

Жәбірленушілердің өтемақысы

Сот жәбірленушілердің моральдық және материалдық өтемақы талап ету құқығын мойындап,
компенсация мөлшерін азаматтық сот тәртібімен анықтауға шешім қабылдады.
Жәбірленушілер жалпы сомасы 4,8 млрд теңге көлемінде өтемақы талап еткен.

Апаттың себебі

Судья Алмағамбетовтың айтуынша, апаттың тікелей себебі — ұшақ қанаттарында қар мен мұздың жиналуы.

«Бұл ұшу кезінде қанаттың көтеру күшін әркелкі жоғалтуына, ұшақтың әуеге көтерілген сәтте тепе-теңдіктен айырылуына, ұшу-қону жолағынан тайып шығып, әуежай аумағындағы жарық бағанасына, бетон қоршауға және екі қабатты ғимаратқа соғылуына әкеп соқты», — деді судья.

Сот экипаж ұшу қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзылғанын, оның салдарынан адам шығыны болғанын атап өтті.

Қорғау тарапының уәжі расталмады

Қорғаушылардың «Алматы әуежайы қызметкерлері ұшаққа мұзға қарсы сұйықтықты қате пайдаланған» деген уәжі тергеу және сот барысында расталмаған.

Апат 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы әуежайында болған еді. Bek Air Fokker-100 ұшағы ұшу кезінде әуежай маңындағы ғимаратқа соғылған.

Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, 66 адам жарақат алған.

Тегтер: