Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:21, 04 Қазан 2023

Алматыда қызылша өршіп кетті. Мектептердің бірі қашықтан оқытуға көшті

қызылша ауруы
Фото:ktk.kz

Алматы мектептерінің біріндегі бастауыш сынып оқушылары қызылша дертіне байланысты бір айға жуық қашықтан оқуға жіберілді.

Алматы білім басқармасы  No172 мектепте бастауыш сынып оқушылары арасында қызылша ауруы анықталғанын хабарлады. 20 қыркүйекте мектепте Алматы қаласы Медеу аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бөлімінің мамандарынан құралған комиссия өтті. Мектеп әкімшілігіне қызылшаға қарсы екпе алмаған бастауыш сынып оқушыларын 16 қазанға дейін  қашықтан оқытуға ауыстыру ұсынылды.

«Бұл ретте No172 мектеп директоры ұсыныстарды ескере отырып, инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеу үшін барлық бастауыш сынып оқушыларын (1-4) инкубациялық кезеңнің соңына дейін онлайн оқытуға көшіру туралы шешім қабылданды. Мұғалімдер мен ата-аналар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Онлайн режимде оқыту үшін балалар қажетті компьютерлік техникамен және интернет-ресурстармен қамтамасыз етілген», - деді басқарма.

Әкімдік қаладағы басқа мектептерде жағдай тұрақты және эпидемиологтардың бақылауында екенін айтады.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшадан 18 ересек науқас пен 159 бала стационарлық ем қабылдап жатқанын хабарлады. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастардың барлығының жағдайы орташа ауыр.

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де балалар арасында қызылша ауруының айтарлықтай артқанын атады. 2023 жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның зертханалық расталған 1544 жағдайы тіркелді, оның ішінде 1310 жағдайы 14 жасқа дейінгі балалар арасында (84,8 пайыз).

Алматы қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылша инфекциясының, сондай-ақ оның асқынуларының алдын алудың бірден-бір тиімді құралы екпе екенін мәлімдеді. Қызылшаға қарсы екпе 1 жаста және 6 жаста екі рет жүргізіледі, бұл вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді, бұл вакцинацияланған адамдарда өмір бойы қалады.

Тегтер: