Алматыда сирена тағы да кешігіп ойнады
Жыл басында жер сілкініп, ол бірнеше мәрте қайталанып, Алматы облысы мен қала халқы үйінен қашып, қала көшелері мен шыға берістерінде түннің бір уағына дейін қалың кептеліс болғанын ұмыта қойғамыз жоқ.
Сол кездегі үрей енді сейіле бастады ма дегенде 5-қараша күні сағат 10:01-де тағы да жер сілкінді.
Бейқам отырған қала халқы тағы да әбігерге түсті. Әбігермен қабаттасып қауесет жүретіні белгілі. Бұл жолы «6-қарашада бұдан да жойқын жер сілкінісі болады екен» деген ақпарат тарап жатты. Оның бір ғана себебі бар – ресми ақпараттың аздығы немесе мүлде жоқтығы. Бұрын да айтылған, бұл жолы да сынға ұшырады – Алматы мен қала маңында бірде-бір сирена ойнаған жоқ.
Алматы ТЖД-сы 30-қыркүйекте ғана оқу-жаттығу дайындығын өткізген. Алдын ала хабарлап, техникалық дайындықты тексеру жүргізілетінін ескертіп, сабыр сақтауға, қорықпауға шақырған. Сонда қыс пен көктемдегі жер сілкіністері кезіндегі кемшіліктен сабақ алып, дайындалып жатқан болды ғой деген үміт оянған. Бірақ бұл жолы да жұрт жер солқ ете түскенін ғана білді. Жұрт әлеуметтік желілерде жаппай жаза бастаған соң ғана там-тұм ақпарат шыға бастады. Бұл кезде жұрт өз білгенінше болжам жасап, жер сілкінісінің күшін анықтап жатқан.
Ресми ақпарат бойынша, Алматы қаласында – 3 балл, Талғар мен Есік қалаларында – 4 балл, Алматы облысының басқа елді мекендерінде – 2 балдан 3 балға дейін болған. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқан болып шықты.
Талғар қаласы мен Талғар ауданында мектеп оқушылары мен балабақшадағы балаларды үйіне қайтарды. Екінші толқын бола ма деп отырған ел мұны естіп, тағы елеңдесіп қалды. Оған жарты сағаттай уақыттан соң ойнаған сиренаны қосыңыз. Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда жер сілкінісінен 28 минут өткеннен кейін ғана дабыл жүйесі іске қосылған. Алматы қалалық ТЖД-ға жеке тұлғалар да, БАҚ өкілдері де хабарласып, неге ескерту болмағанын, қайталану мүмкіндігін сұраған. ТЖД-ның берген ақпараттары да ала-құла.
Алматы қалалық ТЖД-ның «Сирена-дыбыстық қондырғылар мен Mass Alert жүйесі магнитудасы 5,5 және одан жоғары сейсмикалық датчиктерден сигнал алған кезде толығымен автоматты түрде жұмыс істейді» деген мәлімдемесі қаптап жүр. Сонда, 5,5-тен төмен болса, мүлде хабарсыз қала ма? Одан кейін «4 балдан асқанда ғана дабыл қосылады» деп шықты. Иә, Алматы қаласында 3 балл тіркеліпті, сосын үнсіз қалыпты. Бірақ неге жарты сағаттан соң сирена ойнады? Елді екінші толқын кеп қалған екен деп үрейлендіру үшін бе? Талғар мен Есік аймағында 4 балл болды ғой. Ол жақта неге сирена ойнаған жоқ? Алматы облыстық ТЖД неге түсіндірмейді? Төтенше жағдайлар министрлігі Telegram-дағы ресми арнасында «бұл күнделікті болып тұратын жағдай» деп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Күнделікті болып тұратын 3-4 балдық жер сілкінісін бұрын неге сезбей келгенбіз?
Алматы айтқанынан танбайды
Жыл басындағы жер сілкінісі кезінде де осы сиреналардың қосылмауы үлкен әңгіме болған. Ол кезде де 5 балдық дүмпу болмаса станциялар сигнал бермейді деп ақталған. Соған қарамастан, ол кезде де кешігіп дабыл қаққан.
«Жас Алаш» жер сілкінісіне байланысты Алматы қалалық және Алматы облысының әкімдігіне хабарласты. Олар Сейсмология институтына сілтеді. Институт өкілдері жауаптарын дайындап жатқанын айтқан, бірақ газет беттелгенше жауап келген жоқ.
Айтпақшы, наурыздағы жер сілкінісінен кейін Алматы қаласы әкімі аппаратының құтқару қызметі мемлекеттік сатып алу сайтында жалпы құны 105 млн теңге болатын бірнеше құрылғы сатып алуға үш лот жариялаған еді. Құтқарушылар сатып алғысы келетін құрылғылар: үйінді астында қалған адамдарды іздеуге арналған бес радар, бес бейнеэндоскоп және топырақты зерттеуге арналған бес қондырғы болды.
«Жас Алаш» әкімдік өкілдерінен бұл туралы сұрағанда «бұл қондырғылар 2023-жылы жоспарға енгізілген» деп ақталған. Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор, сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетов жыл басында «Жас Алашқа» берген сұхбатында Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мұндай құрылғыларды сатып алудан бұрын ойлануы керек екенін айтқан еді. Себебі аспаптарды сатып алу бір бөлек те, оларды іске қосу бір бөлек.
«Төтенше жағдайлар министрлігі 1 млрд-тан астам қаражатқа аспаптар сатып алыпты. Жер сілкінісін алдын ала ескерту құралы болады. Жер сілкінісі болатын аймаққа құрылғы орнатып, содан тараған толқынды электромагнитті жолмен қабылдап, толқын жетем дегенше оның қаупін жұртқа айту керек. Біздікілер соны да іске қоса алмай отыр. Біздің қалалық ТЖД-да сейсмология саласының мамандары жоқ. Көп нәрсені білмейді. Қала әкімдігі тағы құрылғылар сатып алатын болыпты. Алматының жағдайы бөлек. Дұрыстап жұмыс істемесе болмайды. Қала басшылығы 28 нысанға құрылғылар қойыпты, бірақ біреуі де істемейді. Сатып аларда ойлануы керек қой», – деген сейсмолог.
Алматыда жыл басынан бері бірнеше рет сілкінді. Әсіресе қаңтардағы 5 балдық жер сілкінісі жұрттың үрейін ұшырды. Тіпті басқа өңірге біржола қоныс аударғандар да болды.
Алматы өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын оның айналасында 200-ге тарта жерасты дүмпуі болады. Бірақ күші әлсіз болғасын сезілмейді. Мысалы, earthquakelist.org мәліметтері бойынша, кейінгі 10 жылда елімізде және Қазақстаннан 300 км қашықта жалпы магнитудасы 4 және одан жоғары 826 жер сілкінісі болған. Ал бұдан төмен жиіліктегі жер сілкінісі есепке алынбайды. Елімізде жылына орташа есеппен 82 рет немесе айына 6 рет жер сілкінеді. Орташа есеппен Қазақстанда жер сілкінісі шамамен 4 күн сайын болып тұрады.
Ең жиі тіркелген жер сілкіністерінің магнитудасы 4 балл (96,4 пайыз). Ал 5 балдық жер сілкінісі 29 рет болған. Алматыда жиі жер сілкінеді. Бұл қалада жылына шамамен 47 жер сілкінісі болады. Одан кейін Алматы (жылына 16 рет) және Жамбыл (15 рет) облыстарында жер сілкінісі жиі тіркелген.
Олжас Сламжан