Алматыда ұсталған блогерлер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Алматыда бопсалады деген күдікпен ұсталған екі блогер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Алматы прокуратурасы редакцияның ресми сауалына берген жауабында хабарлағандай, қазіргі уақытта қалалық ішкі істер басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Айта кетейік, баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны қарастырады.
Еске салайық, Алматыда блогерлердің ұсталғаны 23 қаңтарда белгілі болды. Сол кезде олардың жәбірленушінің өтініші бойынша 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталғаны хабарланған болатын.
"Күдіктілер бопсалау және әлеуметтік желілерде компроматтар жариялаймын деп қорқыту арқылы 8 миллион теңге бопсалаған. Сонымен қатар, олар жәбірленушіні кәсіпкер төлеуге міндеттелген 20 миллион теңгені талап етуден бас тартуға көндірмек болған", - деді полиция.
Отандық БАҚ ұсталған блогерлер Дамир Көшеев пен Руслан Каримов екенін жазып жатыр.