Алматыда ВИЧ дертімен ауыратын адамдар тізімінің таралуы бойынша тергеу басталды

Алматыда ВИЧ дертімен ауыратын адамдар тізімінің таралуы бойынша тергеу басталды
Алматы қаласының полициясы ВИЧ жұқтырған адамдардың жеке деректерінің интернет желісіне таралу дерегі бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл туралы ақпаратты қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаладағы медициналық колледждердің бірінің студенттері ВИЧ-пен өмір сүретін адамдардың тізімін таратқаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл тізімді студенттер оқу практикасы барысында зертханадағы жұмыс кезінде алғаны айтылған.
«Аталған факт бойынша Алматы қалалық полиция департаменті тексеріс жүргізуде. Ақпараттың шынайылығы мен мән-жайы анықталғаннан кейін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қолданылады», – деді департаменттің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.
Telegram-дағы Qumash арнасының хабарлауынша, тізімді алған студенттер оны кейін әлеуметтік желілерде таратқан. Дегенмен, әзірге қандай колледж бен клиника жайлы сөз болып отырғаны айтылған жоқ.