Алматыда жаңа форматтағы өрт сөндіру кешені ашылды
Алматы қаласының Түрксіб ауданында Қазақстандағы алғашқы жаңа форматтағы өрт сөндіру-құтқару кешені пайдалануға берілді. №21 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі деп аталатын бұл нысан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында баламасы жоқ кешендердің бірі болады.
Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев, сондай-ақ құтқару қызметінің қызметкерлері мен ардагерлері қатысты.
Жаңа кешен жедел мақсаттағы «Алатау» оңтүстік базасының аумағында орналасқан. Нысанның құрылысы небәрі төрт айдың ішінде аяқталды. Кешен құрамына әкімшілік-тұрмыстық блогы бар өрт сөндіру бөлімі, қызметкерлерге арналған тұрғын апартаменттер, Batyr Team жаттығу орталығы және заманауи спорттық инфрақұрылым кіреді.
Өрт сөндіру бөліміне алты арнайы техниканы орналастыруға болады. Ашылу рәсімі кезінде министр жаңа техникалардың кілтін бөлімше қызметкерлеріне табыс етті. Олардың қатарында өрт сөндіру автоцистерналары, автосаты, жедел қызметтік көліктер және квадроциклдер бар. Сондай-ақ бірнеше қызметкерге қызметтік пәтердің кілті тапсырылды.
Кешендегі әкімшілік-тұрмыстық блокта қызметкерлердің жұмысына барлық жағдай жасалған. Мұнда оқу сыныптары, медициналық кабинет, жұмыс бөлмелері, демалыс және тамақтану аймақтары, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық және техникалық үй-жайлар қарастырылған. Техникаға арналған жылы ангар автоматты қақпалармен жабдықталған, оған қоса көліктерді қарау шұңқыры, жуу аймағы және жеке диспетчерлік қызмет те бар.
Құтқарушылардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында кешен құрамына жеке апартаменттер ғимараты енгізілген. Онда тұрғын бөлмелермен қатар демалыс және ас ішу аймақтары, сондай-ақ құтқарушылар мен олардың отбасы мүшелеріне арналған қажетті тұрмыстық бөлмелер қарастырылған. Аула аумағында балалар ойын алаңы да салынған.
Жеке құрамның кәсіби және физикалық дайындығына да ерекше көңіл бөлінген. Кешен аумағында функционалдық жаттығу залы, жекпе-жек алаңы және түрлі спорттық аймақтарды біріктіретін Batyr Team жаттығу орталығы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, құтқарушыларды даярлауға арналған футбол алаңы, жаттығу мұнарасы және воркаут алаңы салынған.
Жаңа өрт сөндіру бөлімі Түрксіб ауданының батыс бөлігін өрт қауіпсіздігімен қамтамасыз етеді. Оның қызмет көрсету аумағына Әлмерек, Жұлдыз, Маяк, Көкжиек және Кемел шағын аудандары, сондай-ақ Алматы облысы Іле ауданына қарасты Gate City, Қоянқұс, Жаңаталап, Жаңадәуір және Ынтымақ елді мекендері кіреді. Бұл аумақта 50 мыңнан аса тұрғын тұрып жатыр, одан бөлек аумақта 230-дан аса кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді.
Мамандардың айтуынша, жаңа өрт сөндіру-құтқару кешені іске қосылған соң төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақыты айтарлықтай қысқарып, Алматы қаласы мен маңайындағы елді мекендердің тұрғындары үшін қауіпсіздік деңгейін жақсартуға мүмкіндік береді.
Қуан Өмірхан