Алматыда жер сілкінісі қайталана ма?
Жыл басынан бергі бірнеше рет жер сілкініп, Алматы облысы мен қала халқын шошытты. 5 қарашада сағат 10:01-де тағы да жер сілкінді. Қала халқы тағы да әбігерге түсті. Тіпті 6 қарашада бұдан да жойқын жер сілкінісі болады деген ақпараттар да тарады. Сирена ойнамай қалып Алматы ТЖД-сы тағы сынға қалды.
Алматы қаласында – 3 балл, Талғар мен Есік қалаларында – 4 балл, Алматы облысының басқа елді мекендерінде – 2 баллдан 3 баллға дейін жер сілкінісі байқалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АЛМАТЫДА ЖЕР СІЛКІНІСІ ҚАЙТАЛАНАДЫ - СЕЙСМОЛОГПЕН СҰХБАТ
Алматы қаласында жер сілкінісінен соң кешігіп сирена ойнады. Бұл да қала халқының дүрбелеңіне себеп болды. Талғар қаласында оқушылар мен балабақшадағы балаларды үйлеріне қайтарды. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында Алматы қаласынан шығысқа қарай 33 шақырым жерде орналасқан болып шықты.
Бұған дейін Jas Alash жыл басындағы күші жер сілкінісі кезінде сиреналары қосылмай сынға қалған ТЖД-дан неге сирена ойнамай қалғаны жөнінде сұраған. ТЖД сілкінісі қаупі төнген жағдайда қалада 843 дабыл қосылады деп сендірген еді. Бірақ бұл жолы да сиренаның кешігіп ойнауына жұрт наразы болды. Әлеуметтік желідегі хабарларға қарағанда жер сілкінісен 28 минут өткеннен кейін ғана дабыл жүйесі іске қосылған. ТЖМ бұған қатысты түсініктеме беріп, дабыл жүйесінің техникалық құралдарының кешені қандай жағдайларда іске қосылатынын айтты.
"Сирена-дыбыстық қондырғылар мен Mass Alert жүйесі магнитудасы 5,5 және одан жоғары сейсмикалық датчиктерден сигнал алған кезде толығымен автоматты түрде жұмыс істейді", - деді ТЖД.
Кейіннен Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-дағы арнасында Сейсмологиялық бақылаулар және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының директорының Алматы мен Алматы облысы тұрғындарына арналған үндеуі жарияланды.
"Жер сілкінісінің ошағы Алматы облысының Талғар ауданы аумағында болды. Тұрғындарға 3-4 балдық жер сілкінісі сезілді. Бұл сейсмикалық жағдай – еліміздің жоғары сейсмикалық аймағында күнделікті болып тұратын табиғи құбылыс Құрметті азаматтар, сіздерден тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуді сұраймыз", - деді Сәрсенбаев.
Алматыда жер сілкінісі қайталана ма?
Алматы өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын оның айналасында 200-ге тарта жерасты дүмпуі болады. Бірақ күші әлсіз болғасын сезілмейді. Мысалы, earthquakelist.org мәліметтері бойынша, кейінгі 10 жылда елімізде және Қазақстаннан 300 км қашықта жалпы магнитудасы 4 және одан жоғары 826 жер сілкінісі болған. Ал бұдан төмен жиіліктегі жер сілкінісі есепке алынбайды . Елімізде жылына орташа есеппен 82 рет немесе айына 6 рет жер сілкінеді. Орта есеппен Қазақстан маңында жер сілкінісі шамамен 4 күн сайын болып тұрады.
Ең жиі тіркелген жер сілкіністерінің магнитудасы 4 (96,4 пайыз). Ал 5 баллдық жеркілінісі 29 рет болған. Елімізде Алматыда жиі жер сілкінеді. Бұл қалада жылына шамамен 47 жер сілкінісі болады. Одан кейін Алматы (жылына 16 рет) және Жамбыл (15 рет) облыстарында жер сілкінісі жиі тіркелген.
Jas Alash тілшісі жер сілкінісіне байланысты Алматы қалалық және Алматы облысының әкімдігіне хабарласты. Ол бізді Сейсмология институтына сілтеді.
"Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығының мәліметінше, жыл соңына дейін жойқын жер сілкінісі болмайды".
Ал Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетов те Алматыда жер сілкінісі қайталанатынан айтқан болатын.
"Алматыда жер сілкінісі болады. Өйткені жер сілкінісі қайталанады. Ол – табиғи заңдылық. Бір жер сілкініп, энергия босағанымен, оның орнына қайтадан энергия жинала береді. Себебі жердің астында табиғи процестер үздіксіз жүріп отырады. Бірақ қашан қайталанады, қайталану мерзімі қалай болады, неше балл оны ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ әлемдегі зілзалаларды салыстыра келе айтатыным, 80-200 жыл арасында 9 балдық жер сілкіністері қайталанады. Ол 81 жылда қайталана ма, 190 жылда қайталана ма, белгісіз".
Айта кетейік, наурыздағы жер сілкінісен кейін Алматы қаласы әкімі аппаратының құтқару қызметі мемлекеттік сатып алу сайтында жалпы құны 105 млн теңге болатын бірнеше құрылғы сатып алуға үш лот жарияған еді Құтқарушылар сатып алғысы келетін құрылғыларға: үйінді астында қалған адамдарды іздеуге арналған бес радар, бес бейнеэндоскоп және топырақты зерттеуге арналған бес қондырғы болды.
Jas Alash тілшісі әкімдік өкілдерінен бұл туралы сұраған кезде олар қазіргі жер сілкінісіне қатысы жоқ. Қондырғылар 2023 жылы жоспарға енгізілген деп ақталған болатын. Сейсмолог Әлқуат Нұрмағамбетов Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті мұндай құрылғыларды сатып алудан бұрын ойлануы керек екенін айтқан еді. Себебі аспаптарды сатып алу бір бөлек те, оларды іске қосу бір бөлек.
«Төтенше жағдай министрлігі 1 млрд-тан астам қаражатқа аспаптар сатып алыпты. Жер сілкінісін алдын ала ескерту құралы болады. Жер сілкінісі болатын аймаққа құрылғы орнатып, содан тараған толқынды электромагнитті жолмен қабылдап, толқын жетем дегенше оның қаупін жұртқа айту керек. Біздікілер соны да іске қоса алмай отыр. Біздің қалалық ТЖД-да сейсмология саласының мамандары жоқ. Көп нәрсені білмейді. Қала әкімдігі тағы құрылғылар сатып алатын болыпты. Алматының жағдайы бөлек. Дұрыстап жұмыс істемесе болмайды. Қала басшылығы 28 нысанға құрылғылар қойыпты, бірақ біреуі де істемейді. Сатып аларда ойлануы керек қой», – деген еді сейсмолог.
Алматыда жыл басынан бері бірнеше рет сілкінді. Әсіресе, қаңтардағы 5 балдық жер сілкінісі жұрттың үрейін туғызды. Тіпті басқа өңірге біржола қоныс аударғандар да болды.