Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:15, 25 Қаңтар 2024

Алматыда жер сілкінісі қайталанады - Сейсмологпен сұхбат

Әлқуат Нұрмағамбетов
Фото: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Алматы өте қауіпті сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын оның айналасында 200-ге тарта жерасты дүмпуі болады. Бірақ күші әлсіз болғасын сезілмейді.

1887-1910 жылдардағы 9 балдық жер сілкінісі кезінде қала көшелері қақ айырылғанын ешкім ұмыта қоймаған болар. Сондықтан Алматыда күшті жер сілкінісі қаупі бар. Қала жұрты содан үрейленеді. Осының ақ-қарасын айыру үшін «Жас Алаш» тілшісі көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарды ҚР Ұлттық ғылым академиясының сейсмология институтының негізін қалаушы, профессор Әлқуат Нұрмағамбетовке қойды.

ТЖД мен сейсмология арасында қандай байланыс бар?

Сейсмология институты 1976 жылы құрылған. Соны ашуда атсалысқан, сейсмология ғылымының Қазақстанда негізін қалаушылардың бірімін. 1976 жылға дейін елімізде сейсмологиялық зерттеуді мәскеулік экспедиция жүргізді. Талғар қаласында филиалы болды. 1966 жылы 26 сәуір күні Ташкентте жер сілкінді. КСРО басшысы Брежнев келіп, «Орта Азия мемлекеттерінің қайсысында сейсмология дамыған?» деп сұрады. Біздің бірде-бір мемлекетте бұл ғылым дамымаған болатын. Сөйтіп «әрбір республика орталығында жаңадан сейсмология институты ашылсын» деген қаулы қабылдады. 1969 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Шахмардан Есенов деген ағамыз еді. Сол кісінің қолдауымен Геологиялық ғылымдар институты құрамында арнайы сейсмология бөлімі ашылды. Біз сол жылы Мәскеу аспирантурасын бітіріп жатқан едік, бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Сөйтіп 1976 жылы институт аштық. Содан бері осы саладағы жұмыстардың барлығы сейсмология институтында жүргізіліп келеді. Бұл институт Қазақстанның ғылым академиясы жабылғасын тозып кетті. Алдымен ғылым комитетіне, кейін Сәтбаев университетіне берді. Қазір 2 жылдан бері төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Оның құрамында дала жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе жасайтын ірі экспедиция да бар. Екеуін қосып, бір сейсмологиялық орталық жасады. Қазір институттың ғылыми жағы ақсап тұр. Айтатын түгі қалмады. Мен сол институттың негізін қалаушылардың бірі болғасын анда-санда жағдайын біліп тұрамын, шәкірттерім бар, соларға көмектесемін. Жақында барып әбден қарным ашып қайтты. Ғылыми жұмыстардың деңгейі төмен, жас мамандар жоқ. Біз сияқты жасы келгендердің көбі арғы дүниеге аттанған. Міне, ТЖД құрамындағы институттың сиқы осындай. Төтенше жағдай министрлігінде бұл саланың ғалымдары жоқ. Әрі қарай оның құрамындағы сейсмология ғылымының дамуына күмәнім бар. Оған бөлініп жатқан ақша да көп деп айта алмаймын. Қысқаша айтқанда, қазіргі сейсмология ғылымының жағдайы КСРО кезіндегімен салыстырғанда өте төмендеген, жағдайы мүшкіл. Сондықтан институтты тез арада қайта ашылған ғылым академиясына қайтару керек деп есептеймін. Сөйтіп, ғылыми институт пен ТЖМ құрамындағы экспедиция арасында келісімшарт қабылданып, бірігіп жұмыс істеу керек. Мұндай теориялық-тәжірибелік мекемелер Кеңес Одағы кезінде кездесетін, оларды осылайша екі мекеме аумағында келісімшартпен жұмыс істейтін («двойного подчинения»).

Кешегі жер сілкінісі ТЖД атына сын

Біздің кезімізде технология қазіргідей дамымаған болатын. Смартфон да, интернет те жоқ еді. Қазір ХХІ ғасыр. Әлемде сейсмологиялық қызмет деген бар. Дүниежүзі бойынша күшті жер сілкінісінің қай жерде, қандай күшпен болғанын тез арада анықтап береді. Интернетке де шығарады. Бізде де осындай қызмет бар. Кеше нәтижені 15-20 минутта шығарды. Біздің кезімізде ештеңе жоқ болатын, орталыққа сейсмикалық станцияға барып анықтап, арнайы радиоға, жауапты шенеуніктерге хабарлайтын едік. Қазір бәрі өзгерді. СМС, интернет бар. Радио, теледидар арқылы халыққа ақпарат таратуға болады. Осының барлығы төтенше жағдайларға жүктеледі. Кеше хабар болды ма? Терезеден қарасам, жұрт босып кетіпті. Уақытында ТЖД қолға алып, қалай болды, қандай күшпен, қай жерде болғанын, қандай қимылдар жасау керек, міне, осының бәрін халыққа жеткізу керек еді. Күн суықта адамдар сыртқа шығып кетті. Жеңіл киінгендері қаншама. Адам қорыққанынан далаға үстіне қолына тигенін іле салып шығып, ауру табады. Бір сөзбен айтқанда, ТЖД дер кезінде мүмкіндігін пайдаланбады. Алматыдағы әрбір аудандық ТЖД осы жұмысқа жұмыла кірісу керек еді. Қайда олар? Жарты сағаттан кейін қалалық ТЖД басшысы теледидар арқылы айтыпты. Оған дейін жұрт сыртқа қаңғып кетті. Не істерін білмейді. Айтып жатқан ешкім болмады. Меніңше, бұл жағдай ТЖД атына сын. Осы жерде жұртқа насихаттау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу солардың сейсмология мамандарының мойнында. Бірақ институтта ондай маман бар ма, жоқ па білмеймін. 15 қаңтарда «Алматыда жер сілкінеді» деген болжам жасағыштар шықты. Ел оған дүрлікті. Алыпқашпа сөздердің тамырын бірден кесу керек. Сейсмология институты мамандары халықты қоздырмай-тоздырмай алдын ала ресми мәлімет беру керек еді. Алдын ала сақтану шараларын жүргізу қажет еді. Біз жер сілкінісін нақты болжай алмаймыз. Бәрін түсіндіретін сол саланың мамандары. Халықтың алдын ала хабарламады деп ренжуінің де орны бар.

Заманбек Нұрқаділов жер сілкінісін ескертетін  құрылғыларды орнатқысы келді

Зәкеңмен (Заманбек Нұрқаділов) бірге ТЖД саласында қатар жұмыс істедік. Мұндай апатты алдын ала болжам бүгінгі таңда жоқ болғанымен, алдын ала ескерту құрылғылар жүйесі деген болады. Зәкең соны Ресейден көріп, өзіміздің тауларға орнатпақшы болды. Бірақ бұл іске ақша бөлінбеді. Жер сілкінісі негізінен таулы аймақта жиі болады. Тектоникалық процестер таулы жерде қарқынды жүреді. Іле, Күнгей, Жоңғар, Қырғыз Алатауларында осындай процестер жүріп жатыр. Сол жерлердегі құрылғыларға алғашқы толқын келеді. Жер астындағы толқынның таралуы мен дыбыс толқыны екі бөлек ұғым. Жылдамдығы да әртүрлі. Жерасты толқынның таралуы секундына алты шақырым. Дыбыс толқыны одан бірнеше есе жылдам (300000 км/сек). Ал құрылғы жерасты дүмпуін тіркеп саралағаннан кейін соның дыбыс толқынын бірден орталықтағы серверге жібереді. Сөйтіп жердің астындағы толқын таралып жетем дегенше ТЖД дыбыс толқыны арқылы жер сілкінісін анықтауға, эпицентрдің қашықтығына байланысты бірнеше секунд уақыты болады. Сол аралықта халыққа хабарлап үлгеруі керек. Қауіпті аймақтарда орналасқан дамыған елдерде осылай жұмыс істейді. Сол арқылы аса жауапты жұмыс орындары (метро, ТЭЦ, үлкен қазандықтар, т.б) бірден электр жүйесінен ажыратылады, тоқтатылады. Міне, осылай болжам емес, алдын ала ескерту жасалады.

Қазақстанда АЭС салу аса қауіпті

Атом электр станциясы кешегідей 5 балдық жер сілкінісі ғана емес, 3-4 балдық жер сілкінісі кезінде де қауіпті. АЭС кем дегенде 4 балдық жер сілкінісіне есептеліп салыну керек. Ал біздің Қазақстанның барлық жерінде 5 балдық жер сілкінісі ықтималдылығы бар. Сондықтан АЭС саларда арнайы ізденістер, зерттеулер жүргізу қажет. Оны сейсмологтар емес, МАГАТЭ ұйымының өз мамандары бар, арнайы лицензиясы болады – солар зерттейді. Бірақ сейсмология институтын сол іске араластыру қажет. Біздің біліп отыруымыз маңызды. Себебі АЭС салу өте қауіпті.

Алматыда 9 қабаттан биік үй салуға болмайды

Біріншіден, Алматы қаласының өзіндік ерекшелігі бар қала. Ерекшелігі – жер сілкінісінен екі рет қираған. 1887 және 1911 жылдары. «Верный» және «Кемін» атаулы жер сілкіністерінің күші қала аумағында 9-10 балға дейін жеткен. Орталық Азияда мұндай екі рет қираған қала жоқ.

Екіншіден, өткен ғасырдың 70-жылдары қала аумағында әртүрлі зерттеу жүргіздік. 1983 жылы Алматының сейсмологиялық картасын сыздық. Сол жерде Алматы жеріндегі бірнеше жарықтарды көрсеттік. Ол жерлерге үй салуға болмайды. Жарық (жарылым) деген жер астындағы екі блоктың шекарасы. Блоктар қозғалғанда алдымен соның жиегіне салынған үйлер қирайды. Содан кейін біз белгілеген жерлерге арнайы қалалық атқарушы комитеттің (қазіргі әкімдік) шешімімен үй салмады. Демалыс орындары салынатын. Бұл норма 1991 жылға дейін сақталды. КСРО тарағасын біз айтқан нормативтер жоғалды. Кеше ғана газет бетіне шыққан мақалада Алматыдағы жарылымдар үстіне толығымен үйлер салынғанын оқыдым. 9-12 қабат емес, 20-30 қабатты үйлер бар. Талай рет айттым да, жаздым да бұл туралы. Жалпы Алматыда 9 қабаттан биік үй салуға болмайды. Себебі қала астындағы топырақ (грунт) нашар. Түндегі жер сілкінісі 4-5 балл деп отырмыз ғой. Қала орналасқан топырақ (грунт) үшке бөлінеді. Өте нашар, нашар және жақсы болып, өте нашар мен жақсы грунттарда орналасқан нысандар арасында сілкініс күші 1,5 балға дейін өзгеруі мүмкін. Кешегі 4 балдық сілкініс бір жерлерде 5 балға дейін өсіп, тіпті одан да жоғары болуы мүмкін, неге өйткені топырақ (грунт) нашар. Егер 9 балдық жер сілкінісі болса, ғимарат табанындағы топырақ (грунт) қамыр сияқты езіліп кетуі ықтимал (мұндай құбылыс сейсмологиялық практикада бар). Сондықтан бұрын осындай шектеулер қойып еді. Қазір кімнің не салып жатқанымен ешкімнің жұмысы жоқ. Әйтеуір, әкімдікке ақша төлеп жерді сатып алады. Болды, «до свидания». Бұл туралы да жаздым. Тыңдаған құлақ жоқ.

Кешегі болған жер сілкінісінің эпицентрі қаладан 260 шақырым қашықтықта Қырғыз Республикасы мен Қытай шекарасындағы «Кокшаал-тау» деген тау қыратында болған. Ар жағында «Такламакан» шөлі жатыр. Кокшаал-тау сейсмикалық белсенді аймаққа жатады. Өйткені жер беті қалыңдығы 100-150 км бірнеше литосфералық тақтадан тұрады. Жалпы ірі – жеті, майда – жиырма шақты тақта бар. Үндістанда «Индостан» деген тақта бар. Біз – Орта Азиядағылар, Ресей Еуроазия тақтасында тұрамыз. Индостан тақтасы солтүстік бағытқа қарай жылжып Еуроазияға келіп тіреліп, итереді. Соның түйіскен жері Кокшаал-тау. Еуроазия тақтасы үлкен, Индостанды жібермейді. Соның салдарынан бұл таулы аймақ үлкен кернеулікте орналасқан, осылай жер сілкінісі туындайды. Бұл аймақта үлкенді-кішілі күнде жер қозғалады. Қаладан алыс болғандықтан, бұл аймақта болып жатқан сілкіністердің көпшілігін сезбейміз. Алматы үшін бұл аймақта болып жатқан жерасты дүмпулері аса қауіпті емес.

Іле мен Күнгей Алатауындағы жер сілкінісі Алматыға қауіпті

Жер сілкінісі болады немесе болмайды деп кесіп айтуға болмайды. Кеше жер сілкінісі қайталанбайды деп ресми хабарлады. Себебі халықты дүрліктірмеу үшін солай айтуға тура келеді. Әйтпесе, босып кетеді. Жердің қойнауында жүріп жатқан құбылысты тікелей зерттеу мүмкін емес. Қазір ғылым ондай деңгейге жеткен жоқ. Баяғыда ғарышқа ұшу ғажап оқиға еді. Енді адамдар ұшақпен ұшқандай ұшып жүр. Бұл ғылымның даму деңгейі соған жетті. Мүмкіндігі бар. Жердің астына ондай кемелер түсіре алмайсың. Алдымен жердің ішкі құрылысын, құрамын және құрылымын жете зерттеуіміз керек. Қысқаша айтқанда, ошақтары Іле мен Күнгей Алатауында орналасқан жер сілкіністері Алматыға қауіпті. Жоғарыда айтылған апатты екі жер сілкіністері осы таулар аумағында болған. Оның бірі – Алматыдан 30 шақырым, екіншісі – 70 шақырым қашықта жатыр.

12 балдық жер сілкінісі әлемде болмаған

Бір болжамшылар шығып «Алматыда 12 балдық жер сілкінісі болады» деп айтыпты. Соны айтқан адам 12 балдың не екенін біле ме екен? Білмейді. 12 балл дүниежүзінде болмаған, бірақ ықтималдылығы бар деп жазылады. 11 балдық жер сілкінісі ертеде Қытай жерінде болған деседі. Чилиде 1960 жылы 9,5 балдық жер сілкінісі болып, 6 мыңдай адам қырылып қалды. 11-12 балл дегендер жердің бедерін өзгертіп жібереді. Өзендер кері қарай ағады. Ондай әлі болмаған жағдай. Кезінде Инюшин деген биологияның профессоры әбден миды ашытқан. Оны сол кезде газетке шығарып, халық арасында алыпқашпа сөз тарады. Сосын журналистер бізге келетін. Ондайларға талай жауабымызды бергенбіз. Жер сілкінісі бұл геологиялық процесс, оны тек қана геологиялық-сейсмологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы зерттеуге болады.

Алматыда жер сілкінісі қайталанады

Алматыда үйдің түрі көп қой. Бір қабатты немесе 30 қабатты, ертеде ағаштан немесе кірпіштен салынған, қазіргі темірбетоннан салынған үйлер дегендей кете береді. Олардың әрқайсысы толқынды әртүрлі сезеді. Қабат көбейген сайын оның тербеліс периоды жоғарылай береді. Кешегідей қашықта болған жер сілкінісі биік үйлерге аса қауіпті. Ал жақын жерде болған жер сілкінісі бір немесе екі қабатты үйлерге қауіпті. Енді жақын жерде қатты жер қозғалса, бәріне қауіпті ғой, дегенмен алыстағы жер сілкінісіне биік үйлер сезімтал келеді. Сондықтан әрбір нысанның өзіне тән жер сілкінісіне сезімталдығы болады. Архитектор, жобалаушылар соны ескеруі қажет. Жобалаушылар, әрине, бар. Бұрын біз жобалау институтымен жақсы байланыста болдық. Қазір қаншалықты байланысы барын білмеймін. Кейіннен еурокод деген шықты. Еуропаша саламыз дейді. Оның бәрі дұрыс шығар. Бірақ жергілікті жердің ерекшеліктерін міндетті түрде ескеру қажет. Түркияда қирап қалды ғой, себебі осының бәрі ескерілмеді. Жаппай салды. Айтайын дегенім, бәрін дұрыстап, есептеп салса Алматыдағы үйлер 9 балға шыдайды. Мәселе, салынып жатқан үйлер дұрыс жобаланып жатыр ма? Сапасы қалай? Құдай апаттың бетін ары қылсын, Алматыда жер сілкінісі болады. Өйткені жер сілкінісі қайталанады. Ол – табиғи заңдылық. Бір жер сілкініп, энергия босағанымен, оның орнына қайтадан энергия жинала береді. Себебі жердің астында табиғи процестер үздіксіз жүріп отырады. Бірақ қашан қайталанады, қайталану мерзімі қалай болады, неше балл оны ешкім тап басып айта алмайды. Бірақ әлемдегі зілзалаларды салыстыра келе айтатыным, 80-200 жыл арасында 9 балдық жер сілкіністері қайталанады. Ол 81 жылда қайталана ма, 190 жылда қайталана ма, белгісіз.

Алматыда құрылысты бақылап жатқан біреу бар ма?

Жапондар мейлінше зілзала апатының салдарын азайту үшін үй салғанда сапасына мән береді. Жапониядағы жер сілкінісін қарасаңыз, үйлер жантайып жатады. Жер сілкінсе үйлері құламайды емес, құлайды. Бірақ бұзылмайды, қирамайды. Адамдар ішінен шыға береді. Ал Алматыда құрылыс сапасын бақылап жатқан біреу бар ма? Немесе бөлмелерді біріктіріп, балконды қоршап, үйдің бастапқы конструкциясын өзгертеді. Мұндай үйлердің төзімділігі төмендейді. 70 жылдары жоғары жақтағы үйлерді тексердік. Тек кірпіштен салыпты, цементі жоқ. Орнына құм салып жіберіпті. Қазір ондай жоқ дейсің бе? Осының бәрі үйдің сапасына әсер етеді.

Жер сілкінгенде нені ескеру қажет?

Алдымен айтатыным, дүрбелеңге түспеу қажет. «Паника» деп жатамыз ғой. Міне, сол жаман. КСРО-дағы жер сілкінісі болған қалаларының әрбіріне баратынмын. Көзіммен көрдім. Ташкентте жер сілкінгенде көп орыстар қашты. Жамбыл облысына келді. 1970 жылдары Жамбылда жер сілкініп, мен бардым. Барған кезде бір мәйітті жерлеуге шығарып жатыр екен. Сұрасам төртінші қабатта тұратын Ташкенттен көшіп келген орыс екен. 7 балдық жер сілкінісі болған еді. Үйлер құлаған жоқ, бірақ зақымданды. Содан Ташкенттегі жер сілкінісін көріп жүрегі шайлыққан жаңағы адам екі баласы, әйелін тастап төртінші қабаттан секіріп, ағашқа соғылып, қаза тауыпты. Ал балалары мен әйелі төртінші қабаттан жерге аман-есен баспалдақпен түскен ғой. Міне, дүрбелеңге бой алдыру деген – осы. Ештеңе ойлай алмай қаласың. Сосын пәтердің әр бөлмесінде қауіпсіз орын болады. Соны білу керек. Оның бәрі айтылып жүр. Әрбір тұрғын осы жағынан сауатты болуы қажет.

Жазып алған – Тұрсынбек БАШАР