Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:04

Алматыдағы даулы болған «Бағанашыл» балалар үйі ақыры бұзылып жатыр

Бағанашылдағы балалар үйі
Бағанашылдағы балалар үйі. Фото: ашық дереккөз

Тұрғындардың айтуынша, балалар үйінің бір ғимараты сүріліп, екіншісінің терезелері сынған.

2025 жылы 13 қазанда Білім басқармасы «Integra Construction» компаниясы мен құрылыс басқармасы жаңа нысан бойынша меморандум жасағанын хабарлады. Тексеріс барысында ғимараттарды сейсмикалық тұрғыдан күшейту мүмкін еместігі анықталды, сондықтан оларды бұзу туралы шешім қабылданды. Қазір демонтаж жұмыстары толық аяқталған.

Балалар Алматыда қалған. Олар өткен жылдың тамызында арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығына көшірілген және қазіргі уақытта сол жерде тұрып жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілері, түлектері, демеушілер мен белсенділер мекеменің Қонаев қаласына көшуіне қарсы шығып, наразылықтарын білдірген болатын. 2024 жылдың 3 наурызында Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматыда қалатынын, ал Қонаев қаласындағы жаңа ғимарат интернатқа берілетінін мәлімдеген. Балалар үйін Қонаевқа көшірудің артында ықпалды адамдар тұрғаны айтылды. Себебі сол орында қымбат үй салынып, балалар үйінің жері сол құрылысқа керек болған дейді. Ал ғимараттың аумағы 19 млн долларға бағаланған. Ықпалды адамдар қатарында Әлия Назарбаева мен «Аманат» депутаты Абзал Сағымбаевтың аты аталды.

21 шілдеде балалардың бірі “ерікті көшіру” кезінде өзін жайсыз сезініп, оқиға қоғамдық резонанс тудырды. Президент Тоқаев араласқаннан кейін көшіру тоқтатылды. Дегенмен, оның алдында 40-тан астам бала Қонаевқа жеткізіліп үлгерген еді.