Алматыдағы дерматологиялық орталықтың басшысы қамауға алынды
Алматыда Республикалық дерматология ғылыми орталығының басшысы мен оның орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді.
Бұл туралы антикор мәлімдеді.
Алматыдағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақ тері және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының басшысы мен оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
«Олар медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша қызметтер көрсетуге шарт жасасқаны үшін халықаралық жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институтының басшысынан 5 млн теңге сомасында пара алу бойынша күдікке ілінді. Соттың санкциясымен Орталықтың басшысы қамауға алынды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, осыған дейін Жетісу облысының соты Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысына қатысты үкім шығарған болатын. Ол бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырып, жұмыстан босатпағаны үшін сол бөлімнің бас есепшісінен 280 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.