Алматы облыстық соты Серік Күдебаев елден қалай қашқанын айтты
Бұған дейін Қаңтар оқиғасы бойынша сотталған Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың жазасына тергеу кезінде елден қашқаны үшін тағы алты ай қосылды.
Енді ол 10 жыл 3 ай түрмеде отырады.
Кеген аудандық сотындағы соңғы сөзінде Серік Күдебаев кінәсін мойындап, шекара бұзғаны үшін тек айыппұл салуды сұрады.
Биыл көктемде сот процесі жүріп жатқанда Серік Күдебаевтың елден шығып кетіп, сотқа келмегені мәлім болған. Кейін Күдебаевты Түркиядан ұстап әкелген.
Алматы облыстық соты Күдебаев шекарадан қалай өткенін түсіндірді.
— Сотталушы К. 15 наурызда 2023 жылы сағат 04.30 шамасында Кеген ауданында қылмыстық жоспарға сәйкес шекарадан еркін өтуге кедергі жасайтын тікенді сым спиральді қауіпсіздік тосқауылының төменгі сымын көтеру арқылы, Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу пунктінен тыс қасақана шекараны заңсыз кесіп өткен. Осылайша К. Манас әуежайы арқылы Түркияға ұшып, соттан қашып кеткен. Ұсталғаннан кейін ол Қазақстанға экстрадицияланды, — деп жазды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Айта кетейік, 28 сәуірде Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасынан кейінгі азаптаулар кезінде қызмет өкілетін асыра пайдаланды деген айыппен 10 жылға сотталып, мемлекеттік наградалары мен полиция генерал-майоры шенінен айырылған.
Тергеу материалдарына қарағанда, Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде «полиция департаментінің ғимаратын тастап кеткен және азаптауларды ұйымдастырған».