00:48, 12 Наурыз 2019
Алматы облысында жаңа спорт кешені салынады
Алматы облысына қарасты Көксу ауданында спортты дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша спорттық кешеннің ірге тасы биыл құйылады.
Алматы облысының Көксу ауданында 180 орындық заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ. Аудан орталығы Балпық би ауылында бой көтеретін спорттық нысанның құны 300 миллион теңге. Қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінетін болады.“Жоба конкурстан өтті. Құрылыс жұмыстары биыл басталады. 2020 жылдың жазында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ауданда спортқа бет бұрып, түрлі секцияларға жазылатын жасөспірімдер саны артып келеді. Сол себепті аталған спорттық нысанды салу туралы шешімге келдік. Жақсы мердігер кезігіп жатса құрылысты уақытынан бұрын аяқтап, спортшы жастарымыздың игілігіне ерте беруіміз де мүмкін. Жоба ойдағыдай жүзеге асса, ауданда жабық бассейннің құрылысын қолға аламыз”- дейді Көксу ауданы әкімінің орынбасары Ұлан ДОСЫМБЕКОВ.Спорт кешені жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионның маңында бой көтереді. Жалпы аумағы 2 гектар. Жоспар бойынша жаңа кешенде воллейбол, баскетбол, гандбол, шағын футбол, бадминтон, теннис пен бокс және күрес залдары ашылмақ. Сондай-ақ, хоккей алаңы мен скалодром салу да қарастырылған екен.Әзірге аудандағы спортшы жастар аталған стадион ішіндегі залдарда жаттығып жатыр. 5 түрлі спорттық үйірме жұмыс істейді екен. Үйірмеге жазылып жатқан жастардың саны жыл санап артып келеді. Биылдың өзінде аудан спортшылары республикалық жарыстарда 65 алтын, 70 күміс және 135 қола медаль алған екен.“Егер спорт кешені салынатын болса, әр спортшымен жеке жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік туатын еді. Жалпы, чемпиондарды дайындау шарты сондай. Таланттарды тану үшін уақыт, жаттығу және қосымша жағдайдың барлығы жасалуы керек. Мәселен, залымыз кішкентай болғандықтан қазір біз таңнан кешке дейін жұмыс жасаймыз. Дзюдо секциясында 5 топ, 82 бала жаттығып жатыр. Ал, қатысқысы келетін, өтініш білдіріп жатқандар қаншама!”-дейді, дзюдо жаттықтырушысы әрі қазақша күрестен ардагерлер арасындағы Қазақстан чемпионы Жұмағали ДӘУІТӘЛИЕВ.Қазір ауданда жалғыз спорт мектебі бар. Жаттығып жатқан спортшы жастардың саны – 1226. Спорттық нысан жетпеген соң, олардың біразы ауылдық округтердің мектеп спортзалы мен мәдениет үйлерінде жаттығу жасайды.Фотолар автордікі.